Назарбаевтың жиенінің Алматыдағы жер сілкінісін хабарлау жүйесіне қатысы қандай? Депутат жауап берді

24 Қаңтар, 15:10 2148

Мәжіліс отырысынан кейін кулуарда журналистер депутат Екатерина Смышляевадан Алматыдағы жер сілкінісін хабарлау жүйесіне экс-президенттің жиені Нұрәлі Әлиевтің қаншалықты қатысы бар екенін сұрады, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі. 

22-ші қаңтардан 23-іне қараған түні Алматыда күшті жер сілкінісі болып, тұрғындар әбігерге түскен болатын. Қалада жер сілкінісі тіркелгенде тұрғындар мегаполистен қашып, бас сауғалауға тырысты. Алайда, оларға хабарландыру кешігіп жеткен.

Жақында Алматыдағы жер сілкінісін ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесін құруға 1,1 миллиард теңге жұмсалғаны айтыла бастады. Тендерді жеңіп алған компанияға Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевтің қатысы бар болып шықты.

2022 жылы төтенше жағдайлар департаменті «TNS-INTEC» ЖШС  компаниясымен жер сілкінісін ерте ескерту жүйесін орнату туралы келісім жасаған. Олар бір миллиард теңгеге Алматыда күшті жер сілкіністерін алдын ала хабарлаудың автоматтандырылған жүйесі үшін 28 сейсмикалық павильон станциясын (АСРО) орнатқысы келген. Аталмыш компания үш жылдың ішінде 5,5 миллиард теңгеге мемлекеттік тапсырыс алған.

Мен мұндай ақпараттың тарағанын көрдім. Қызығушылық таныттым. Бірақ бұл ақпаратқа қатысты қазір түсініктеме бере алмаймын. Ақшаны жұмсау мәселесін арнайы органдар тексеруі керек, – деді Смышляева.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: