18 Тамыз 2015, 04:18
Медицина мектебінің деканы болып Глазго университетi Медицина мектебiнiң деканы, танымал патоморфролог және биомедицина саласының жасуша адгезиясын зерттейтiн маманы доктор Массимо Пинателли тағайындалған.
–Жалпы, бұл жобаның мақсаты Орталық Азия бойынша биомедицинаның хабын құру. Көріп отырғанымдай, Медицина мектебінде инфрақұрылым, тиісті ресурстар және ең бастысы талапты студенттер бар. Бүгін университет тарихында маңызды күн, алғашқы студенттер қатарға қабылданды, – дейді доктор Пинателли.
Назарбаев университеті 2013 жылы Питтсбург университетінің Медицина мектебін Қазақстанның денсаулық сақтау саласында, сондай-ақ медициналық білім беру және биомедициналық зерттеулер жүргізу саласында жаңа көшбасшылар болуы тиіс дәрігер-зерттеушілерді даярлауға бағытталған Медицина мектебін ашу үшін әріптес ретінде таңдап алды.
Медицина мектебіне қабылданған алғашқы 20 түлек Назарбаев университетінде білім алған мамандар. Олар енді білімін қазақстандық және халықаралық оқытушылардан ағылшын тілінде білім алып, зертханаларда білімдерін шыңдайтын болады. Медицина мектебінің академиялық бағдарламасы Питтсбург университетінің қолдауымен американдық үлгі бойынша әзірленетін болады. Мамандардың айтуынша, білім беру инфрақұрылымы құрылып, ұйымдық және әкімшілік құрылым жоспарланады, оқу жоспарлары бекітіліп, қазақстандық клиникалардан оқытушы-дәрігерлерді тарту арқылы клиникалық практика қамтамасыз етіледі.
–Мемлекет басшысы Қазақстан халқына өзiнiң жылсайынғы кезектi Жолдауында Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабiлеттi 50 елiнiң қатарына қосу туралы бастамасын жариялағаннан берi он жылға жуық уақыт өттi, – деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму вице-министрi Алексей Цой. – Осы орайда, ерекше академиялық орта қалыптастыру үшiн елiмiзде халықаралық деңгейдегi беделдi университет құру идеясы сәттi іске асырылды. Қазiргi уақытта Назарбаев Университетi интеллектуалдық әлеуетiмен, қуатты материалдық-техникалық базасымен және дарынды студенттерiмен ерекшеленеді. Бүгiн бiз Медицина мектебiнің ашылуына куә болып отырмыз. Азаматтардың өмiр сүру жасын ұлғайту бағытында созылмалы аурулармен әлем елдерiмен бiрлесiп күресуге тура келедi. Бұл медициналық қызметтерді тұтыну көлемінің ұлғаюына алып келедi. Үздiк әлемдiк тәжiрибелердi енгiзу негiзінде саланың кадрлық әлеуетiн жетiлдіру және денсаулық сақтау шараларының нәтижелерiн жақсарту мақсатында министрлiк, медициналық мекемелер және Назарбаев Университеті арасында өзара байланыс орнатылған.
Жаңа мектеп мамандарының айтуынша, бүгін алғашқы студенттерін қабылдаған Медицина мектебі Қазақстанда медициналық білім берудің сапасын жақсарты, медицина саласына қажетті өзгерістерге үлес қосу, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі реформаның талаптарына сай болу мақсатында құрылып отыр.
Шара соңында студенттер көпшілік алдында Гиппократ антын қабылдады.
Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ