Наурызнама қорытындысы: Тазару күні

23 Наурыз, 12:00 1243

Бүгін, 23 наурыз – Тазару күні. Наурызнама онкүндігінің қорытындысы болып отырған атаулы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. Осы ретте біз биыл елімізде жаңа форматта тойланатын Наурыз мерекесін қалай өткізуіміз керек? Тазару күнінің қоғамдағы маңызы қандай? Бұл туралы толығырақ этнограф Аманжол Қалыш пен Бизнестің тұрақты даму саласындағы маман мен оқытушы (ESG), экобелсенді Жанар Кульжанова El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Тазару күні еліміздегі экологиялық мәдениетті көтеруге мүмкіндік береді

Қыстағы жаңа жылды әртүрлі отшашумен қарсы алсақ, қазақтың жаңа жылы бірінші наурыздан басталған. Ол күні барша жұрт жаңа жылдың келуімен бір-бірін құттықтап, амандық сұрасады.

Этнограф Аманжол Қалыш қазақтың жаңа жылы болып саналатын Наурыз мейрамының бүкіл әлем тойлайтын 1 қаңтардағы жаңа жылдан қандай айырмашылығы бар екенін айтып берді. 

1 қаңтар – христиандардың григориан күнтізбесіне, ал Наурыз шығыс күнтізбесіне сәйкес атап өтілетін жаңа жыл мерекесі. Наурыз – ерте заманнан иран тілдес халықтарда қалыптасқан мейрам болған. Бұл иран немесе парсы тілдес халықтарының ғана емес, сонымен қатар мыңдаған жыл олармен қоян-қолтық араласқан түркі тайпаларының да мерекесі болған. Уақыт өте келе «Наурыз – ұлыстың ұлы күні» болып танылды. Көне заманнан бері ол – күн мен түннің теңелетін уақыты болып есептеліп келеді, – деді этнограф.

Аманжол Қалыштың айтуынша, Наурыз мерекесінің  бір ерекшелігі – наурызнама тойының тойлануы. Оны кезінде ауқатты, бай адамдар өткізген. Бұл той бір апта мен он күнге дейін созылған.

Наурызнама тойы бұрындары да тойланған. Қазіргі таңда оны он күнге бөліп, әртүрлі тақырыптарға арнады ғой. Мен этнограф ретінде 14 наурыз  – «Көрісу күнін» Амал мерекесі деп атағанына таңғалдым. Арабтардың күнтізбесінде наурыз «хамал айы» деп берілген, ал біздің кейбір білгіштер мұндағы «х» әріпін түсіріп, оны «амал» деп айтып жүр. Былай қарасақ, «амал» деген ешқандай мағына бермейді, – деп ойын жеткізді ол.

Сондай-ақ Аманжол Қалыш наурызнамадағы көтерілген тақырыптарды он күн ғана емес, бір жыл бойы атап өту қажет дейді.

Тізімде ұлттық киімге бір күн арналғаны әрине қуантады. Біздің қыздарымызға, аналарымызға ұлттық киім жақсы жарасады, бірақ ер азаматтардың киіп жүрген киіміне көңілім тола қоймайды. Оны тігетін тігіншілер ерлерге қызыл, сары сияқты келмейтін түстерді таңдайды, екінші бір әлсіз жері – оған дұрыс ою-өрнектер таңдамайды. Ұлттық киімдерге арналатын біздің ұлттық нақыштарымыз бар ғой, – деді спикер.

Этнограф Наурызнаманың қорытындысы болып отырған Тазару күнін жеке адам ғана емес, қоғам тазаратын күн деп есептейді.

Бұл күн еліміздегі экологиялық мәдениетті дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай қағида бұрында да қазақ қоғамында болған. Мысалы, Наурыз мейрамында қазақтар бірлесіп, бұлақтың көзін ашатын, оңтүстік өңірде кешенді шаруашылықпен айналысатын, ағаш егетін, арықтарды тазалайтын. Сөйтіп, қоғамға да, табиғатқа да пайдалы іспен шұғылданған, - деді ол.

Аманжол Қалыш халыққа табиғатқа бауырмалдықпен, сүйіспеншілікпен қарау қажет екенін айтады.

Егер біз экологияны жақсартсақ, туризм де дамиды. Қазақстанның оңтүстік-шығысында әлі атқаратын жұмыс көп. Көлсайдан Шарынға өткенде қоқыс деген толып жатыр. Бізге мәдениет жетіспейді. Туристер барғанда ұят, көбі тек ақшаны, пайданы ойлап кеткен. Алакөлдің маңын қараңыздар, ол жерге саяхатшылар бармайды да, – деді этнограф.

Спикердің сөзінше, еліміздегі ірі қалалардың бірі болып саналатын Астана мен Алматының өзінің лас жерлері бар.

Қаланы тазарту кезінде тек қана шенеуніктер, қалталы азаматтар отыратын орталыққа мән беріліп жатады, сол кезде шет жақтар назардан тыс қалып қояды. Мәселен, Қытайды, Түркияны алып қарайықшы. Оның қалаларының ортасы да, шет жағы да таза, – деді ол.

Аманжол Қалыш Қазақстан бойынша тек бір ғана таза қала бар деп есептейді.

Еліміздегі ең таза қала – Ақтау. Оның вокзалынан, базарынан да ешқандай қоқысты көрмейміз. Себебі бұл қала Кеңес үкіметі кезінде құрылған. Ол кезде тазалыққа қатты мән беріліп, белгілі бір тәртіп орнатылған. Тәртіп әлі күнге дейін сақталып келе жатыр. Ендігі біз осындай жүйе еліміздің басқа қалаларында орнаса екен дейміз. Оған халық қана емес, әкімдер, шенеуніктер де атсалысуы керек. Қазақстан – біздің жеріміз, оның байлығы халықтың байлығы, – деп сөзін аяқтады этнограф.

«Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне күнделікті өмірде көңіл бөлінуі тиіс»

Экобелсенді Жанар Кульжанова Тазару күнін атап өтпес бұрын ең бастысы «экология» деген сөздің мән-мағынасын біліп алу керек дейді.  

 «Экология» – бұл қоршаған орта мен адамның қоршаған ортаға жасайтын әсері туралы ғылым (эко-қоршаған орта, логия-ғылым). Көбіне халық «экологияны» нашар дегенде, экология ғылымының нашар екенін емес, қоршаған ортаның нашар күйде екенін айтқысы келеді. Сондықтан осы терминдерді дұрыс түсіну қажет. Мысалы, «экоакция» деп айтқан дұрысырақ болады, – деп пікірін білдірді экобелсенді.

Жанар Кульжанованың ойынша, Наурызнаманың аясында қоршаған ортаны қорғау мәселесіне бір күн ғана емес, жалпы күнделікті өмірде көңіл бөлген дұрыс болады.  

Наурыз мерекесі көктемдегі бола жатқан табиғат құбылыстарының негізінде пайда болды. Біздің ата-бабаларымыз табиғатпен тығыз байланыста болған. Олар адам табиғатсыз өмір сүре алмайтынын жақсы түсінген. Өкінішке қарай, қазіргі заманда біз табиғаттан алшақтап, оның маңыздылығын ұмытып барамыз. Сол себепті Наурыз мерекесінде табиғатпен байланысты нығайтқанымыз абзал. Мереке шеңберінде түрлі экоакцияларды (мысалы, экожәрмеңке, экотазалау, экоойындар), қоршаған ортаны қорғау/жақсарту мәселелері бойынша дәрістердің, талқылаулардың, сұхбаттардың ұйымдастырылғанын өте орынды деп санаймын, – деді спикер.

Оқытушы маманның сөзінше, тазару дәстүрі бұрындары негізінен Наурыз мерекесінің алдында өткізілетін. Сол кезде халық үйді, ауланы қыстан кейін тазалап, қалпына келтіріп, керек емес заттарды тастаған. Қазіргі таңда да біз тазарту жұмысын дәл осы мақсатта пайдалана аламыз. Психология тұрғысынан қарасақ, айналада тәртіп орнаса, заттар ретімен орналысып, қоршаған ортамыз таза болса, біздің өмірімізде де тәртіп пен жүйе болады.   

Тазару күнін үйді, айналаны, қоршаған ортаны (көше, аула, тау, дала) тазалап, қыс бойы жиналған қоқыстарды жинап өткізген жөн болар. Бұл мерекеде Алматыда, Астанада өткен экожәрменкелер қолайлы болады. Сол экожәрмеңкелерге сұрыпталған шикізаттарды, керек емес киім-кешектерді мұқтаж жандарға, жануарлар панажайларына тапсыруға болады, – деді ол.

Экобелсенді бүгінде елімізде қоршаған ортаны қорғау мен экология саласындағы мәселелердің өте көп екенін айтады.  

Елімізде су тапшылығы, Каспий теңізі, Балқаш көлі, Орал, Іле өзендеріндегі су деңгейінің азаюы, климаттық өзгерістер (қуаңшылық, су тасқындары), қоқыстың күрт өсуі, шикізатты қайта өңдеу жұмысының нашар дамуы, ауаның, топырақтың өндірістен, ауыл шарушалығынан ластануы, биоалуандықтың азаюы, топырақтың эрозиясы сынды мәселелер бар және бұл бір ғана мысал, – дейді Жанар Кульжанова.

Оқытушы маман жоғарыда аталып кеткен мәселелердің барлығын Тазару күні мерекесі шешпесе де қоғамға белгілі бір пайдасын тигізеді деген ойда.  

Бүгінде мектептерде, басқа да әртүрлі кәсіпорындарда түрлі экоакцияларды, экоағартушылық іс-шараларды өткізу халықтың экосанасын мен білімділігін көтереді. Оған қоса мұндай шаралар елді қалдықтарды сұрыптауға, қоқыс өндіруді қысқартуға, оны жерге, далаға тастамауды, табиғатты аялауға үйретер, – дейді экобелсенді.

Жанар Кульжанованың пікірінше, егер жоқ дегенде көшеде, даладағы, таудағы пластик пакеттер, стақандар, қаптамалар, майлықтар, темекілер мен бөтелкелер шіріп жатпаса, әр адам қоқысқа лақтыратын қалдықтарын елу-жүз келіге азайтса, Тазару күні нәтижелі болды деп саналмақ.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: