27 Тамыз 2014, 03:10
Ұлттық Наурыз мерекесі де иран қазақтары үшін айтарлықтай үлкен мейрам. Өйткені Наурыз мейрамы Иран елінде жаңа жылдың бастамасы ретінде ресми түрде мерекеленеді. Барлық оқу орындарына он үш күн демалыс жарияланады. Дүние жүзінде иран халқындай халықтық сипатта ерекше ұлттық рухпен Наурыз мерекесін тойлайтын ел жоқ. Ирандағы бұл мерекенің мəні мен тойланылуы жөнінде «Иран қазақтары» атты 2007 жылы, Мəдениет жəне Ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Зерде» баспасынан шыққан бірінші кітапта жаздық.
Жалпы диаспора өкілдері өзге елдің саяси, мəдени, экономикалық ықпалында жүргендіктен түптің-түбінде қалыптасқан ата-бабалар салтын өзгерістен сақтап қала алмайтындары да шындық. Сол үшін əрбір ел өз диаспорасын қажет етсе, оларды ата- мекеніне тездетіп қайтару жоспарын шындап қолға алып, жүйелі жұмыс істеу арқылы іске асыру керек.
Қариялар ұлттық болмысты сақтап қалуға үлкен мəн беретін. «Бойына ана сүтімен дарыған ана тілін білу де əрбір адамға парыз» екенін айтып, ескертіп қоятын үлкендер. Мəселен атам бірнеше рет кəдімгідей көріп, біліп отырғандай: « ертең елге оралғанда тіліңізді, дініңізді білмей барсаңыз мен қазақпын деп қалай айта аласыз? Елден ұят болмасын, тіліңіз бен дініңізді біліп барыңдар»,-деп құлағымызға құйып отыратын. Бұл да болса қазақтың ұлттық тəрбие берудегі бір тəлімі. Ата-аналар балаларын мектепке бергенше үйде бір ауыз өзге тілде сөйлеуге рұқсат бермейтін. Иранда мемлекеттік тіл – парсы тілі. Сондықтан жалпы алғанда барлық оқу орындары жалғыз парсы тілінде білім береді. Мемлекеттік жəне мемлекеттік емес мекемелерде, ірілі-ұсақты сауда орындарының қатынас тілі тұтастай парсы тілімен іске асып жатады. Сол үшін қазақ тілі шаңырақ шеңберінде күн өткен сайын сөздік қоры азайып, құрдымға бара жатыр. Қазақ балалары қазақша сөйлегенде сөздің əуені қазақша болып естіледі, бірақ қолданып отырған сөздері парсы сөздері. Қазақтардың ана тілін таза сақтап қалу жолдарын іздестіріп жатқан ешкім жоқ. Аллаға аманат.
Бір ғажабы, қазақ халқы түрлі отаршы саяси ойындарының құрбаны болып, əлемнің қырыққа жуық елдерінде тарыдай шашылып кетсе де бір тұтас тілі мен мəдениетін, салт- дəстүрін сақтап келді. Сол үшін бір-бірін жатсынбай бүгінгі таңға жетті. Ал, бұдан былай əлем елдеріндегі қазақтың тілі мен мəдениеті қалай дамиды? Қазақтардың ана тілі рухани бірлігіне дəнекер бола ала ма? Өйткені қазақтың тілі мен салт-дəстүрін келесі жас ұрпаққа үйретіп, өнеге бола алатын үлкен буынның қатары сиреп барады. Кейбір елдерде жоқтың қасы. Бұрын қазақтар қай елде болса да қазақ тілін, салт-дəстүрін балаларын тəрбиелеуде басты құрал етіп сақтап келген еді. Қазіргі заманда иран қазақтарының тілі мен салт-дəстүрі парсыланып бара жатыр. Салт-дəстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей- өмір сүрудің, тіршілік етудің тетіктері өзгеріске ұшырағанда кей бір ырым-жырымдар мүлдем жойылып кететін сияқты. Мəселен, біздің сəбилік пен жастық шағымызда куə болған иран қазақтары арасындағы сарқыт сұрау. Біреу базар аралап, мол тауармен оралғанда, тойға барып келгенде базарлығың не сарқытың қайда? Тойдан сарқытың кəнеки деп қалжың деп отыратын.