«Наурыз-2024 ұлттық сыйлығы» иегерлері марапатталды

19 Наурыз, 17:13 1193

Астанада 19 наурыз – Жаңару күніне орай, республикалық «Наурыз-2024 ұлттық сыйлығы» марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттауға арналған республикалық «Наурыз» сыйлығы бойынша «Үздік ұлттық этно киім дизайнері» номинациясымен қазақстандық дизайнер Қайролла Әбішев, «Үздік ұлттық би ансамблі» номинациясымен «Қазына» би ансамблі, «Үздік ұлттық тағам өндіруші» номинациясымен «Сандық» мейрамханасы, «Үздік этно фольклорлық ұжым» номинациясымен «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі, «Үздік тоғызқұмалақшы» номинациясымен Әсет Қайыржанов, «Үздік құсбегі» номинациясымен бүркітші Арман Кушкаров, «Үздік ит баптаушы» номинациясымен Рамазан Үсеев, «Үздік атбегі» номинациясымен Бүркітбай Серікбеков, «Үздік ат спорты шебері» номинациясымен Шыңғысхан Ержанов марапатталды.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

«Сандық» мейрамханасының бас аспазы Манас Ысқақ қандай да бір номинацияға ие болатындарын білмегенін айтты. Себебі аталған сыйлыққа мейрамхананы халықтың өзі ұсынған. 

Фото: Арман Мұхатов

Осыдан 1-2 апта бұрын ұйымдастырушылар хабарласып, номинацияға ілеккеніміз туралы хабар берді. Біз үшін бұл күтпеген тосын сый болды. Өте қуаныштымыз. Мейрамханамыз қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін, оған сай тағамдарды әзірлейтіндіктен  жеңіске жетті деп ойлаймын, – деді бас аспаз. 

Ал Димаш Құдайберген киген костюмдердің авторы, дизайнер Қайролла Әбішев «Үздік ұлттық этно киім дизайнері» номинациясына ие болып, жеңіске жеткеніне қуанышты. 

«Наурыз» сыйлығы туралы бұрыннан білемін. Бірақ киім дизайнерлері биыл бірінші рет бұл сыйлыққа ілігіп отыр. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта әлі де түрлі сайыстарға қатысуға дайынмын, – деп жауап берді дизайнер. 

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері,  ұлттық өнердің әр саласындағы белгілі мамандары мен федерация өкілдерінің қатысуымен өткен салтанатты кеште әр саланың жетістіктері баяндалды.

Концертке еліміздің белді өнер майталмандары мен белгілі шығармашылық ұжымдары атсалысты. Олардың қатарында Қазақстанның халық артисі Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Қайрат Баекенов, Мадина Садуақасова, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары «Ұлытау» тобы, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Шалқыма» би ансамблі және тағы да басқа өнер иелері болды.

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Фото: Арман Мұхатов

Ажар Лаубаева
Бөлісу: