«Nauryz: 10 игі іс»: Қазақстан халқы Ассамблеясы ерекше жоба бастады

15 Наурыз 2023, 18:13 1169

Биыл алғаш рет Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Nauryz: 10 игі іс» жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты – этносаралық келісімді нығайту, ұлттық-салт дәстүрлерімізді ұлықтау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

«NAURYZ: САЯЛЫ ӨЛКЕ» ағаш отырғызу акциясы

Ағаш отырғызу – сауапты іс, бабадан қалған мирас. Бұл іс-шара қоршаған ортаны сақтауға, экологиялық ахуалды жақсартуға зор ықпал жасайды. Жыл басы саналатын Наурыз айында тал егіп, айналаны көгалдандыру – игі бастама. Акцияға ҚХА жанындағы құрылымдар, этномәдени бірлестіктер мен жақсылыққа жақын жандар қатысады. Шара аясында облыста 10 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланып отыр. 

«NAURYZ: ҰЛАҒАТ» ұлттық салт-дәстүр рәсімдерін жаңғырту іс-шаралары

Ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту – ұлттық кодты сақтаудың тиімді тетігі. Әрбір халықтың салт-дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, күнделікті отбасылық жөн-жоралғыға айналып, практикалық мәнге ие болып отыр. Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Оны ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі іске асырмақ.

«NAURYZ: АЛАМАН» қазақ тілін меңгерген этнос жастары арасындағы интеллектуалдық ойындар

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайыстың мақсаты – қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастарының зияткерлік әлеуетін арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өзара ынтымақтастықты нығайту. Бүгінде Алматы облысында қазақ тілін жетік білетін этнос жастарының саны айтарлықтай көп.

«NAURYZ: БАБАДАН МИРАС» шеберлік сыныптары сериясы

Қолөнер бұйымдары мен зергерлік әшекейлер – кез келген халықтың басты бренді. Қазақтың зергерлік өнерінің тарихы әріде жатыр. Қиын әрі қызықты қолөнер түрі сан дәуірдің сарабынан өтіп, бүгінгі күнге қаймағы бұзылмай жетті. Шеберлік сыныптарында тамырын тереңнен алатын осынау өнердің ерекшеліктері туралы кәсіби зергерлер өз кеңестерімен бөліспек.

«NAURYZ: ІЗГІЛІК КӨМЕК» қайырымдылық акциясы

Наурыз – көктем мен жаңару мейрамы ғана емес. Сондай-ақ ол – ізгі істер мен қайырымдылыққа маңыз берілетін кезең. Акция аясында Алматы облысындағы этномәдени бірлестіктер мен меценаттар түрлі бағыттағы қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, қоғамның әлжуаз топтарына көмек көрсетеді.

 «NAURYZ: КӘДЕ» жас ұрпаққа ұлттық нақыштағы сыйлықтар беру іс-шарасы

Кәде сыйлау арқылы халқымыз бір-біріне шынайы ниетін білдіріп, өзара сыйластықты, татулықты, жақын қарым-қатынасты нығайтып отырған. Кәде – әдет-ғұрып, жосын-жоралғылардың дағдылы, дәстүрлі жолмен атқарылуын білдіретін ұғым. Халқымыздың осы салтын жас ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу – бүгінде үлкен маңызға ие.

 «NAURYZ: ТАҒЫЛЫМ» аға буын өкілдерімен кездесулер сериясы

Аға ұрпақ өнегесі – өткен ғасырдың рухани мұрасы. Бүгінгі буын – келер жүзжылдықта өмір сүріп, елімізді өркениетке жеткізер ұлы жолдағы жасампаз ұрпақ. Сол ұрпақтардың бірлігі мен сабақтастығы ел дамуының негізгі кепілі. Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығын сақтау – осы кездесулердің басты идеясы болып табылады.

 «NAURYZ: SOCIETY» челленджі

Мақсат – береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамының маңызы мен міндетін жас ұрпақ пен өзге этнос өкілдері арасында кеңінен насихаттау.

 «NAURYZ: БЕРЕКЕ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ» жалпыхалықтық этно-мәдени іс-шарасы

Бұл іс-шара шеңберінде «Ассамблея ауылы» ұлттық-этнографиялық көрмесі, «Шеберлер ауылы» ұлттық қолөнер көрмесі, «Достық ауылы» этнос өкілдерінің көрмесі, «Ұлағат ауылы» ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің көрмесі, «Ұлыстың ұлы күні» мерекелік концерті, «Ізгілік» ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өткізіледі.

«NAURYZ: дара дәстүр» бата беру рәсімі

Бата – қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Қасиетті дінімізде Жаратушыдан дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы жақсы ниет, ықылас білдіріледі, тілек айтылады. Оны көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар береді.

EL.KZ
Бөлісу: