Нарықтардағы өнімсіз делдалдарды жоюы қажет - Сауда министрі

7 Мамыр 2023, 02:30 662

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Онда ел тұрғындарын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз ету циклі және әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды.

2023 жылғы наурыз-сәуір айларының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6%-ға өскен. Атап айтқанда, баға наурыз айында 0,4%-ға, сәуірде 0,2%-ға көтерілді. Қарақұмық, күнбағыс майы, құс еті, жұмыртқа, қант бағасын ұстап тұру және төмендету бойынша динамика тұрақты.

Алайда маусымаралық кезеңнің соңында дәстүрлі түрде жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасының өседі. Өткен жылғы өнім қорының азаюы мен нарықта ерте пісетін көкөністердің пайда болуы 12 өңірде пияз бағасының және 15 өңірде қырыққабат бағасының өсуіне әсер етті. Соңғы аптада қырыққабат бағасы 3,8%-ға, пияз 1,4%-ға, сәбіз 0,3%-ға, картоп бағасы 0,1%-ға көтерілді.

Көкөніс бағасының өсуі көбіне броньды алып тастау қарқынының төмендеуіне және нарықта ерте пісетін көкөністердің пайда болуына байланысты болып отыр. Мониторинг қорытындысы бойынша нарықта тек 12,2 мың тонна пияз сатылғанын көріп отырмыз, алайда қордан осы көкөністің 19,1 мың тоннасы шығарылған. Базарларға 15 мың тонна қырыққабат шығарылған, дегенмен 9 мың тонна ғана сатылған, — деді Сауда комитеті төрағасының м.а. Айдар Әбілдабеков.

Наурыз айының басында Cауда және интеграция министрлігінің ұйымдастыруымен облыстар әкімдіктері мен өңірлік ӘКК өкілдері Тәжікстанға сапар жасады, оның барысында оңтайлы нарық бағасы бойынша 6 мың тонна ерте пісетін пиязды жеткізу туралы келісімдерге қол қойылды.

Өңірлерге Тәжагропромэкспортпен тікелей келісім-шарттар жасасып, пиязды Тәжікстаннан алдырту ұсынылды, бірақ олар бұл көкөністі кедендік тазартудан кейін Қазақстан аумағынан сатып алғысы келетінін айтып, бас тартты. Осыған орай ерте пісетін импорттық көкөністерді сатып алуға “KTZ Express – KTZE Commerce” уәкілетті экономикалық операторы қосылды, ол Тәжагропромэкспортпен Қазақстанға көкөністерді жеткізуге келісім-шарт жасасты. Алайда осының өзінде өткен аптада 220 тонна пияз алдыртуға 8 өңір ғана келісім-шартқа отырды. Алматы қаласы, Түркістан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары – қол қою сатысында. Жетісу ӘКК – жоспарлау сатысында. Ал Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, Алматы және Шымкент қаларының ӘКК келісім-шарт жасасуға және өңірлерді тиімді бағамен ерте пісетін пиязбен қамтамасыз етуге қызығушылық танытпай отыр, — деп жалғастырды Айдар Әбілдабеков.

Кеңесте ӘМАТ-ты өткізу кезінде делдалдар тізбегін талдау нәтижелері қаралды. Бүгінгі таңда Сауда комитеті үстеме асыру бойынша 22 тәуекелді анықтады.

Кейбір өңірде күнбағыс майының бағасы қатты өскен. Бес өндірушінің электрондық шот-фактураларын егжей-тегжейлі талдау қорытындысы бойынша “КаИс Инвест” ЖШС және “Жазық Групп” ЖШС бағаны рұқсат етілген үстемеден асырған, олар күнбағыс майына 20-дан 40%-ға дейін үстеме қосқан. Барлық анықталған фактілер бойынша ақпарат шара қабылдау үшін сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне берілді, — деді Айдар Әбілдабеков.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжуреков өңірлердегі негізгі көкөністердің балансы туралы баяндады. Жалпы республика бойынша картоп бойынша оң сальдо (22,6 мың тонна) байқалады, қолда бар қор мамыр айының соңына дейін халықтың қажеттілігін қамтамасыз етеді. Маусым-шілде айларында Түркістан және Алматы облыстарында ерте пісетін картоп жиналады және бұл күзгі егінге дейін елдің қажеттілігін жабуға жеткілікті болмақ. Әкімдіктердің мәліметінше, республика бойынша сәбіз қоры – 32,5 мың тонна, ал қала халқына айына 24,4 мың тонна сәбіз қажет. Күзгі егіннен алынатын көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл 2024 жылғы маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін қажет.

Күзгі егіннен 101,2 мың тонна көкөніс, оның ішінде 57 мың тонна картоп, 14,6 мың тонна сәбіз, 18,7 мың тонна пияз, 10,9 мың тонна қырыққабат жеткізуге шарттар жасалды, — деп баяндады Ербол Тасжүреков.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушылар назарын ерте пісетін көкөністер, сүт өнімдері бағасының өсуін тұрақтандыру үшін жедел жұмыс жасау қажеттгіне аударды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне келесі аптада сүт өнімдерін өндірушілермен кеңес ұйымдастыруды тапсырды.

Күнбағыс майы мен тауық жұмыртқаларын сату тізбегінде тағы да ірі делдалдар пайда болды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аталған нарықтардағы өнімсіз делдалдарды жоюы қажет. Сонымен қатар айналым схемалары бойынша жұмыс істейтін трейдерлік компаниялармен жасалған өңірлердің келісім-шарттарына талдау жүргізуді тапсырамын. Өткен жылдан бастап біз өндірушілерден тікелей форвардтық сатып алуға көшу туралы айтып келеміз, бірақ әлі де көбі трейдерлерді таңдап жатыр. Талдау қорытындысы бойынша бағаны тұрақтандыруда мұның қаншалықты тиімді болғанын анықтаймыз, — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Берік Арманов
Бөлісу: