Нағима Ахмадееваның 100 жылдығына арналған кеш

19 Наурыз 2018, 06:26 1856

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және татар этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Нағима Абдулқызы Ахмадееваның 100 жылдығына арналған кеш өтті.

Шара Нағима Абдулқызының өмір жолынан сыр шертетін көрмемен басталды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт орталығының жетекшісі Рафик Валиев, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері мен құрылымдары, татар этномәдени бірлестігі және өзге де этномәдени бірлестіктің мүшелері, Нағима Ахмадееваның шәкірттері, №112 орта мектептің ұжымы және БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты кеш барысында алғы сөз облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлына берілді.

Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен танылған Нағима Абдулқызы 1918 жылы 5 наурызда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында дүниеге келген. Семей мұғалімдер институтын бітірген соң бірнеше білім орадаларында басшылық қызметте, партия комитеттерінде меңгеруші, хатшы қызметтерін атқарды. 1952 жылы Қызылорда қаласының №112 орта мектепке басшылық қызметке тағайындалып, мектепті 26 жыл басқарды. Халық ағарту саласындағы ерен еңбектері үшін Қаз ССР Жоғарғы Советінің Президиумы жарлығы мен 1957 жылы 11 қазанда «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» құрметті атағы берілген.

Нағима Абдулқызы тек директор ғана емес аяулы ана, асыл әже, қамқоршы жолдас, адал дос бола білді. Бала шын ниетпен, ақ көңілмен жақсы көрген адамды сыйлайды. Ал Нағима Абдулқызында осы қасиеттер берік қалыптасқан болатын. Осы күнге дейін сақталған тәрбиелік мәні зор мектепшілік тарихи дәстүрлердің бастауының артында кішкентай болсада қажыр – қайраты зор, тура да шыншыл, талапшыл, мейірімді Нағима Абдулқызы Ахмадеева тұр.

Зейнетке шыққаннан кейінде 1990 жылы татар этномәдени бірлестігінің ұйымдастырушысы әрі директоры қызметін атқара жүріп тарихты, тілді, мәдениет пен салт-дәстүрлерді білуге азаматтарға міндет қоя білді. Татар этномәдени орталығының белсенді жұмыстары бағаланып, 2001 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жыл» медалімен Нағима Адбулқызы Ахмадеева марапатталды.

Кеш аясында ұстаздың ұлы қасиеттері туралы оның шәкірттері мен қонақтар естеліктер айтып, бөлісті. Сондай-ақ Нағима Абдулқызымен бірге жұмыс істеген жақын жандары және татар этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелері марапатталды.

Кеш концертке ұласты.

 

Бөлісу: