10 Маусым 2014, 03:43
Ресей құрамасы
Бас бапкер: Фабио Капелло
Команда капитаны: Игорь Денисов
Ең көп ойын өткізген ойыншы: Виктор Онопко (109)
Ең көп гол соққан ойыншы: Владимир Бесчастных (26)
ФИФА рейтингісіндегі орны: 19
КСРО футболшылары әлем чемпионатында аса жоғары табысқа жеткен жоқ. Есесіне Олимпиада ойындарында екі рет және 1960 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарды. Сонымен қатар құрлық біріншілігінде жеңіп алған тағы үш күмісі бар. Жекелеген футболшылардан Лев Яшин, Олег Блохин, Игорь Беланов «Франс футболдың» жылдың үздік ойыншысына берілетін «алтын добына» қол жеткізді. Бұлардың ішінде Яшин – «алтын допқа» ие болған тарихтағы тұңғыш қақпашы. 1991 жылы одақ тарағаннан кейін Ресей КСРО-ның заңды мұрагері деп танылды.
Ресей дербес ел ретінде әлем біріншілігіне алғаш 1994 жылы қатысты. АҚШ-та өткен дүниежүзілік додадағы қарсыластары Бразилия, Швеция, Камерун құрамалары болды. Ол кезде Бразилия мен Швецияға қарсы тұру солтүстік көршілерімізге қиындау болатын. Павел Садыриннің командасы екі ойында 6 гол жіберіп, өздері тек бір доп қана соқты. Топтағы соңғы қарсыласы Камерунның орыстардан артықшылығы – алған бір ұпайы еді. Осы екі команда арасындағы матч аса тартысты өте қоймады. Африка өкілдері алғашқы екі кездесуден титықтаған болса керек, сылбыр ойнады. Алғашқы минуттан ресейліктердің айқын басымдығы сезілді. Нәтижесінде кездесу 6:1 есебімен аяқталды. Орыстардың 24 жастағы шабуылшысы Олег Саленко бес доп соғып, әлем чемпионатының тағы бір рекордын жаңартты. Бұған дейін мундиалда ешқандай футболшы пента-трик жасамаған. Камерун сапынан жалғыз голды 42 жастағы ардагер шабуылшы Роже Милла енгізді. Осылайша өз тобында үшінші орынға табан тіреген Ресей футболшыларының плей-оффтан үміттері бар еді. Жарыс ережесі бойынша әр топта үшінші орын алған алты құраманың төртеуі келесі кезеңге жіберілетін. Бірақ Садырин шәкірттері солардың ішінде ұпайы ең төмен команда болғандықтан, Оңтүстік Кореямен «қолтықтасып» үйлеріне қайтты. Есесіне Саленко чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Оның екі ойында соққан алты добы бомбардир атануға жеткілікті болды.
Бұдан соң доп додасына екінші рет – арада 8 жыл өткенде бір-ақ қатысты. Сарықұрлықтағы чемпионатта оларға жарыс қожайындарының бірі – Жапония және Бельгия мен Тунис қарсылас атанды. Олег Романцев жасақтаған құраманы жарыс басталмай жатып-ақ плей-оффқа шығарып қойғандар көп болған. Тіпті, бірінші ойында Тунисті ұтқаннан кейін бұл сенім одан сайын шындыққа жақындай түскендей көрінді. Алайда соңғы екі кездесу мүлдем басқаша өрбіді. Жапония мен Бельгия бұл пікірдің жаңсақ екенін дәлелдеді. Нәтижесінде бар-жоғы үш ұпай алып, топтан шыға алмай қалды.
Голландиялық маман Гус Хиддиник ЕУРО-2008-де қола жүлде әперген соң, 2010 жылғы әлем чемпионатына қатысатындарына бек сенімді еді. Іріктеу кезеңдерінде тек немістерді алға жіберген Аршавин бастаған жігіттер екінші орын алды. Сөйтіп Словениямен қосымша іріктеу матчын өткізетін болды. Жеребенің сәтті түскенін жарыса жазғандардың қарасы қалың еді. Алайда нәтиже жұрт ойлағандай болмай шықты. Қос матчтың қорытындысы бойынша Словения әлем чемпионатының билетін қалталарына басты.
Әлем біріншілігінің жолдамасы
ЕУРО-2012-дегі сәтсіздіктен соң бас бапкер Дик Адвокат кетіп, оның орнына тәжірибелі Фабио Капелло келді. Бразилияға баратын жолдама үшін «F» тобында Ресеймен бірге Португалия, Израиль, Әзірбайжан, Солтүстік Ирландия, Люксембург құрамалары тартысқа түсті. Негізінен бәсеке Капелло шәкірттері мен Пиреней түбегінің құрамасы арасында өрбитіні әу баста белгілі болған. Ресейліктер Криштиану бастаған жігіттерден бір ұпайға ұзап, «F» тобында бірінші орынға шықты. Бұл – олардың үшінші әлем біріншіліктері. Бір қызығы, осыдан 12 жыл бұрын да «H» тобына түскен екен. Ол кезде де Бельгия және Азия мен Африканың бір-бір өкілі болған. Бұл жолы сол сәтсіздіктен сабақ алып, топтан шыға ала ма? Оны алдағы біріншілік көрсете жатар.
Қазіргі құрам
Каппело жасақтаған құрамада бірде-бір легионер жоқ. Барлығы ішкі біріншілікте өнер көрсететін футболшылар. Қақпашылар – Игорь Акинфеев (ЦСКА), Юрий Лодыгин («Зенит»), Сергей Рыжиков («Рубин»); қорғаушылар – Василий Березуцкий, Сергей Игнашевич, Георгий Щенников ( бәрі – ЦСКА), Владимир Гранат, Алексей Козлов (екеуі де – «Динамо»), Андрей Ещенко («Анжи»), Дмитрий Комбаров («Спартак»), Андрей Семенов («Терек»); жартылай қорғаушылар – Игорь Денисов, Алексей Ионов, Юрий Жирков ( бәрі – «Динамо»), Алан Дзагоев (ЦСКА), Денис Глушаков («Спартак»), Виктор Файзулин, Олег Шатов (екеуі де – «Зенит»), Александр Самедов («Локомотив»); шабуылшылар – Александр Кокорин («Динамо»), Максим Канунников («Амкар»), Александр Кержаков («Зенит»).
Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:
17 маусым. Куяба. Ресей – Оңтүстік Корея
22 маусым. Рио-де Жанейро. Бельгия – Ресей
26 маусым.Куритиба.Алжир – Ресей
Бек Төлеуов