Нәзипа ШАНАЙ: «Ассамблея қоғамдағы келісімнің негізі»

12 Наурыз 2015, 13:17

2015 жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды.

2015 жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Осы жылды атап өтуге дайындық барысы туралы ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Ыдырысқызы Шанаимен сұхбаттастық.

Нәзипа Ыдырысқызы, 2015 жыл елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты ұйым алыс-жа­қын шет елдерде бар ма екен?

–  Жасыратыны жоқ, мақтануы­мызға әбден болады, өйткені, Елбасы­мыздың бастамасымен дүниеге келген осынау ұйым бұрынғы Одақ көлемін­дегі республикалар ішіндегі әзірге бірден-бір ұйым ғана. Мүлде жоқ емес әрине, бар. Мәселен, көрші Қырғыз елін­де, Ресейде бар мұндай Ассамблеялар. Бірақ біздің ұйымымыздың олардан басты ерекшелігі – біздің ұйымымыздың басында ЕЛБАСЫмыз тұр. Ал өзге елдерде мұндай ұйымдар тек үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар болып қана саналады. Сондықтан, түсінікті болу үшін біздегі Ассамблеяның жүйесін тарқатып айта кетейін. Ассамблеяның ең үлкен жүйесі ол – сессия. Қазақша айтқанда, құрылтай. Мәселен, Ассамблеяның сессияларында айтылғандарды әр этнос басшысы өз тобына жеткізуге, оны іске асыруға жауапты болып саналады. Сессиялар арасында жұмыс істеп тұратын кеңестер де бар. Бұл Кеңесте бүгінде 64 адам бар. Сонымен бірге, Кеңес құрамына бүкіл өңір әкімдері де кіреді, себебі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға сәйкес әкім тағайындалған күнінен бастап өңірлік Ассамблеяның басшысы болып есептеледі. Сондай-ақ, Қазақстан Рес­публикасы Президенті әкімшілігінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы деген де бөлім бар. Біз бір нәрсені ұмытпауға тиістіміз: Қазақстан халқы Ассамблеясы – саяси ұйым емес. Ол билікке таласпайды. Оның мақсаты, міндеті – тек қана ел бірлігін сақтау. 

-Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу жөніндегі ұлттық жоспарда қандай іс-шаралар қамтылған?

- Бүгінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиісті тапсырма берілді. Осы айдың ішінде Ассамблея жылына арналған ұлттық жоспар бекітіледі. Ұлттық жоспарда барлық құрылымдардың, оның ішінде тек қана билік органдары ғана емес, сондай-ақ азаматтық институттар, ұлттық компаниялар, кәсіпкерлердің басын біріктіріп атқаратын іс-шаралар қарастырылған. Ал ерекше іс-шараларға тоқталатын болсақ, 1992 жылы Қазақстан халқының алғашқы форумы өткен еді. Сол форумда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы идеяны жариялаған болатын. Сол идея 1995 жылы іске асты. Ассамблея жылында Қазақстан халқының екінші форумын өткізу жоспарланған. Қазақстандықтардың басын біріктіріп, ұйыстыруды көздейтін форум келесі жылы желтоқсанда өтеді. Бұған қоса, Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері Нұрсұлтан Назарбаевтың моделін насихаттауға арналған іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Бұл әлемдік өркениетке қазақстандық келісім үлгісін тарату бағытындағы маңызды жұмыс болады. Айталық, келесі жылы Швецияның Упсала қаласында өтетін әлемдегі келісім мен тыныштық мәселелері талқыланатын халықаралық конференцияның бір күні толығымен Қазақстанға арналмақ.

- Биылғы жылдың соңына дейін қандай іс-шаралар жоспарланған?

- Осы айда бірінші рет аналар кеңесінің форумы өтеді. Жоспар бойынша 16 қараша халықаралық толеранттылық күніне орай ұйымдастырамыз деп межелеп отырмыз. Аналар кеңесінің негізгі мақсаты тәрбие ғой, дүниеге көзқарастың отбасында қалыптасатыны белгілі. Барлығы ананың айтуымен, ананың сүтімен бала бойына дариды. Олай болса, ананың тәрбие жұмысындағы рөлін көтеру, әйелдердің назарын тәрбиеге аудару аса маңызды міндет. Бүгінгі таңда аналарымыздың көбісі бала тәрбиелеуші емес, нәпақа табушы болып кетті. Бұл мәселе біздің қоғам үшін аса өзекті. Осылайша, Ассамблея халқымыз үшін маңызды мәселені қолға алуды мақсат тұтады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Мереке Темешова

Бөлісу: