Нұрсұлтан Назарбаев: хореография академиясы отандық би өнерінің қарашаңырағы болатынына сенемін

7 Қыркүйек 2016, 04:20

Сүйінші!

Бүгін елордада Қазақ ұлттық хореография академиясы салтанатты түрде ашылды. Шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.

Құттықтау сөзін сөйлеген Елбасы «құрметті оқытушылар мен студенттер! Баршаңызды жаңа өнер ордасы – қазақ ұлттық хореография академиясы құрылысының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Орталық Азияда теңдесі жоқ ғимарат болып саналады. Сондай-ақ, бұл – алда келе жатқан егемендігіміздің 25 жылдығына арналған тарту. Хореография академиясы отандық би өнерінің қарашаңырағы болатынына сенемін. Мұнда дарынды ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Би үйренетін кластары өз алдына, мұғалімдерге, профессорларға жатақхана беріледі.

Мемлекеттің мерейі оның руханияты мен өнерінің деңгейінен де көрініп тұруы керек. Бұл ретте академияға зор сенім артылады. Осыны ескере келе, білім ошағына арнайы ұлттық оқу орнының мәртебесін бердік. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Астана Астана опера театры, Алматыда Абай атындағы опера және балет театры, Шымкентте опера және балет театры бар. Бірақ, соның барлығына мамандар даярлайтын, бірінші сыныптан бастап білім алып, докторантурасына дейін бітіріп шығатын мұндай мектеп еш жерде жоқ. Мұндай мектепті тек қана ауқатты, күшті мемлекеттер сала алады. Жағдайы жақсы болғаннан кейін, халықтың өнерге деген ынтасы көбейеді. Сондай жағдайда ғана мұндай ғимараттар салынады. Сондықтан, осыны бәріміз қадірлей білейік!» деді.

Нұрсұлтан Әбішұлы көпшілікке хореография академиясының басшысы Алтынай Асылмұратованы таныстырды. Естеріңізге сала кетейік, Алтынай Асылмұратова –  әлемдік сахналардың әйгілі прима-балеринасы, КСРО Еңбегі сіңген әртісі, Ресейдің  халық әртісі. Ұзақ жылдар бойы Ресейдегі А.Ваганова атындағы әйгілі орыс балет академиясының директоры және көркемдік жетекші болып қызмет атқарған Алтынайдың туған еліне оралғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ол былтырғы наурызда «Астана Опера» театры балеттік труппасының көркемдік жетекшісі болып тағайындалған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев академия ректорына асыл тастармен көмкерілген балет бишісінің мүсінін тарту ете отырып, «отандық білім берудің қайталанбас стандартын жасаңыздар! Сіздер сапалы мамандарды даярлап шығатындарыңызға сенемін» деді. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта академияның алдына да балет бишісінің мүсінін қоюды ұсынды. Елбасы сыйлаған ерекше мүсін мектеп бітіруші түлектер бірінші сыныпқа енді қабылданған оқушыларға табыстайтын сыйлық болмақ.

Бұдан соң, Елбасы академияға еліміздің түкпір-түкпірінен талантты балалар жиналғанын айтты:

– Барлық балалар қатаң іріктеуден өтті. Оларды қандай талаптар арқылы таңдайтынын бұрын металлург болған мен сияқты адам қайдан түсінсін? (күлді). Бұл жерден бітіріп шыққан түлектер болашақта еліміздің білімді, зиялы азаматтарының қатарына кіретін болады. Сондықтан, балалар, сендер бұл жерге бекер келмегендеріңді дәлелдеңдер! Сабақты жақсы оқып, өнерлеріңді шыңдаңдар! Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Олимпиада чемпиондарын қалай жылы қарсы алып жатқанын көріп отырсыңдар. Болашақта жарқырай көрінсеңдер, сендердің де өнерлеріңді солай бағалайтын боламыз. Бастысы, талмай еңбектеніңдер!

Ал, академияның ректоры Алтынай Асылмұратова оқу ордасында білімді, өнерлі, патриот шәкірттерді тәрбиелеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.

Қазақ ұлттық хореография академиясы демеушілердің көмегімен салынған. Құрылысқа жұмсалған қаражаттың 70 пайызы қытайлық CNPC компаниясына, қалған 30 пайызы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Академия оқу корпусы, балет корпусы, жатақхана және театр сияқты 4 ғимараттан тұрады. Жаңа оқу ордасына шәкірттер қабылдау процесі 26 мамырда басталған болатын. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Қазақстанда хореография академиясын ашу туралы идея Елбасыға Қытайға барған сапарында келген екен.  

Қазақ хореография академиясын құрудағы басты мақсат – Қазақстанда хореография өнерін дамудың жаңа деңгейіне шығару, сонымен қатар, жастарға рухани және эстетикалық тәрбие беру. Мұнда студенттер «балет әртісі»,  «би ансамблінің әртісі»,  «режиссура», «хореография», «өнертану» және «арт-менеджмент» мамандықтарында оқитын болады. Оқушыларға 498 грант ұсынылады, сондай-ақ, ақылы негізде де білім алу мүмкіндігі қарастырылған.

Аталған өнер ордасы хореография өнері саласында шығармашылық жобаларды және әлемдік деңгейдегі жаңа шығармаларды сахнаға алып шығатын орталыққа айналмақ.

Оқу ордасына аттай қалап шақырылған педагогтар қатарында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Қанетов және Венгрия мемлекеттік опера театрының прима-балеринасы Әлия Танықбаева бар.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу: