Нұрсұлтан Құрман: "Жұлдыздық аурумен ауырғаным рас"

11 Қараша 2014, 10:21

Ел.кз жобасындағы эксклюзивті сұхбат рубрикасының бүгінгі сериясы «Хабар» арнасындағы «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі Нұрсұлтан Құрманға арналмақ.

Ел.кз жобасындағы эксклюзивті сұхбат рубрикасының бүгінгі сериясы Хабар арнасындағы «Жеті күн» бағдарламасының жүргізушісі Нұрсұлтан Құрманға арналмақ.

Саясаттану мамандығын бітіргеніне қарамастан, ол оқушы кезінен бастап қазақ журналистикасының ең үздік тұлғаларына еліктеп өсті және осының арқасында бүгінде «Жеті күн» бағдарламасының тарихындағы ең жас жүргізуші атанып отыр.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан бүгінгі белсенді жастардың ең жарқын өкіліне жатады, өйткені ол пікірсайыспен де, КВН-мен де, спортпен де шұғылданып, көптеген қоғамдық іс-шараларға қатысып жүр. Осы жан-жақтылығын ескере келіп және де оқырманның сұранысына орай, біз Нұрсұлтан Құрманмен сұхбат құрдық. 

Нұрсұлтан Құрман туралы қысқа ақпарат

Туған жылы: 11.08.1989 ж.

Туып-өскен жері: ОҚО, Отырар ауданы, Қоғам ауылы.

Жоғары білімі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультеті, Саясаттану кафедрасының түлегі.

Отбасылық жағдайы: бойдақ.

Жүргізген бағдарламалары: «Кәсіпкер» (31 арна); «Суперлото» (Таң); «ХХІ ғасыр көшбасшысы, «Жарайсың» (Еларна); «Орталық хабар», «Жаңалықтар»; «Жеті күн» (Хабар).

Сұхбат

- Өзіңді журналист санайсың ба?

- Дәл қазір мен тележүргізушімін, Ресейде тележурналист деп те айтып жүр ғой.  Бұрын, иә, мен журналист болғанмын. Бұрын мен де өзге әріптестерім сияқты арнайы репортаждар жасап, тілшілік қызмет атқарып, күні-түні монтажда уақыт өткізіп, көптеген сюжеттер жасадым. Бірақ уақыт өте келе, өзімді журналистикадан гөрі тележүргізушіліктен көргім келді.

Менің ойымша, тележүргізуші  журналистерге эталон болуы керек. Өйткені әрбір журналист тележүргізуші болуды армандайды.

- Нұрсұлтан, сенің жағдайыңда бәрі түсінікті: сен белгілі бір журналистік сатылардан өтіп барып тележүргізуші атандың. Алайда, бүгінде өзінің келбеті мен дауысы арқасында ешқандай журналистік сатыдан өтпей, бірден тележобаларды жүргізіп жатады. Журналистика саласының қызметкерлері осындай тележүргізушілерді «журналист деп атауға болмайды» деп оларды сынап жатады. Осыған қалай қарайсың?

- Бұл жердегі әңгіменің төркіні әншілер мен әртістер жайлы болып тұр ғой. Әншілердің де, әртістердің сауаттылары бар, жоққа шығармаймыз. Бірақ, өкінішке орай тек суфлермен жұмыс істеп, тек редактордың құлағына сыбырлаған сұрақтарын ғана айтып, немесе тек қолындағы мәтіннен көз алмайтын немесе аузына бәрін шайнап беріп, жұту ғана қалған кезде жұта алмай жатқан тележүргізушілерді көреміз. Бір ғана маусым тележүргізуші болып, кейін өзін сыртқа таныстырғанда «тележүргізушімін» деп таныстырып жатады. Оның үстіне ол жүргізген бағдарлама тележүргізушілік қабілетті толық ашатын бағдарлама емес, жай ғана кулинариялық немесе шоу-бизнеске арналған бағдарлама болуы мүмкін. Сондай адамдардың ұялмастан өздерін «тележүргізушімін» деп таныстырғанына таңғаламын.

Бірақ бір қызығы, сондай бағдарламалар рейтинг алып келеді. Сондай азаматтардың көрермені көп болады. Олардың әлеуметтік желідегі оқырмандары бізден әлдеқайда жоғары.  

Дегенмен, бұл уақытша тенденция, өйткені көрерменнің деңгейі өскен кезде олар бірден ұмытылады. Мұны уақыт талай көрсеткен.

-  Журналист деген кім? Журналистика деген не?

- Менің ойымша, журналистика деген ол - халықтың, ортаның айнасы. Салмақты сараптама, ортада болып жатқан нәрсені бір ғана сөзбен, бір ғана сөйлеммен жеткізе білу.

- Журналистің миссиясы қандай болу керек?

- Біріншіден, жаңалықты, болып жатқан оқиғаны түсіндіру. Түсіндіргенде жай ғана бір оқып шығу, қысқа да нұсқа қайыру емес. Кейбір жағдайда жаңалықты беру бар да, ал оны түсіндіру жоқ. Көрерменнің деңгейі әртүрлі. Сіздің шолып шыққаныңыз, сол жаңалықты күнде бақылап отырған адам үшін түсінікті болғанымен, қарапайым көрермен үшін ұғынықты емес.

Екіншіден, бұл - тәрбие құралы. Мен өзім телеарна маманы болғандықтан, осы жақтан айтайын. Бұрын телеарна шынымен тәрбие құралы болатын. Алайда уақыт өте келе бүгін ол көңіл көтеру құралына айналып кетті. Көңіл көтеретін бағдарламалар керек те шығар, бірақ эфирді жаппай олармен жабуға болмайды, тәрбиені ұмытпауымыз қажет. Сол себепті, мәдени, рухани және тарихи бағдарламалар көп болғаны жөн.

- Өзің саясаттанушысың. Дәл сен сияқты өзге мамандықты бітіріп журналистика саласында жүргендер көп. Осы тенденцияның нәтижесінде «журналист маманын 4 жыл оқыту қажет па, қажет емес па?» деген ауыр сұрақ пайда болды. Біреулер қажет емес десе, біреулер онсыз болмайды деп жатады. Сенің көзқарасың қалай?

- Өте қиын, әрі ауыр сұрақ…

- Жауап беруге қиналсаң, келесі сұраққа өтсек болады.

- Жоқ, жауап беремін. Журналистика бір орнында тұрмайды, ол әрдайым дамып, жаңа бағыттар туындап жатады және осы жаңа бағыттарды кәсіби журналистер ғана айқындай алады. Өйткені олар журналистиканың қаңқасын, түп негізін біледі.

Өзге мамандықтан келгендер білімді болуы мүмкін, бірақ ақпаратты жеткізуде олардың кәсіби журналистерден үйренері көп: тиімді сұхбат құру, кейіпкерді және тақырыпты ашу, журналистік этика, мәтінмен жұмыс істеу және т.б. Демек, журналистика маманын 4 жыл оқыту қажет.

- Дегенмен, журналистикада, әсіресе тележурналистикада кәсіби журналистер азайып жатыр ғой, бұған не дейсің?

- Кәсіби журналистер қажет-ақ, бірақ өкінішке орай, 4 жыл журналистиканы оқығандардың бәрі бірдей біліктілігі жоғары маманға айналып жатқан жоқ. Бәлкім, бұл жерде мәселе білім жүйесінде шығар?!

Журналистика факультетінде оқитын   таныстарымның айтуынша, кейде қарапайым тәжірибеге де дұрыстап жібермейді екен, «тәжірибеден өтетін жерлерді өздерің тауып ала салыңдар» дейтін жағдайлар жиі болады екен.

Сондай-ақ, менің ойымша журналист мамандығына түсудің жолын өзгерту керек сияқты. Бүгінде іріктеуден көбіне әдебиет пәнін жақсы көретін,  кезінде аудандық газетке көптеген мақала жазған, өлең-шумақтары көп, шығарманы әдемі жазатын талапкерлерді алуға тырысады. Сол талапкерлердің  көбі журналистиканы «әдебиет әлемі» деп елестетеді де, телевизиядағы жаңа әдістер, жаңа тенденциялардан бейхабар, күнделікті жаңалық қарап, оларға өзінше талдау жүргізуге қызықпайтын болып шығады.

Менің ойымша, ол жерге өзгелерге ұқсамайтын, келбеті көркем, сөйлеу қабілеті ерекше, харизмасы мықты, өте еңбекқор жастарды алу керек.

Журналистиканы бітірген достарым ренжімесін, бірақ айтайын. Байқағаным, журфакқа түскендердің көбі оқуға түскеннен бастап, өзін жұлдыз санап, журналистпін деп шыға салады.  Мұғалімдерін мойындамай, ешкімге құлақ аспай өз алдарына бөлек әлем құрып алады. Бірақ бұл өздері үшін жаман. Өйткені сол жұлдыздық, менменшілдік олардың көзін байлап, журналистика білімі толық меңгерілмей қалады. Осы қалпы үлкен телеарнаға келеді. Әлбетте, мұнда ондай жұлдыздықты көтермейді. Мұнда жұмыс істеу үшін нақты тапсырмаларды орындау қажет. Дәл осыған келген кезде жаңағы жұлдыз студенттердің беттері ашылып жатады.

- «Жеті күн» бағдарламаның ең жас жүргізушісі болу қалай? Бұл мүмкіндік па, әлде жауапкершілік па?

- Мен рекордты жаңартуға тырысқан жоқпын. «Жеті күнді» жүргізе алатыныма сендім, бірақ оны мен ешкімге жария салған жоқпын, біреуге астарлап та, немесе біреуге жиналыстарда өзімді ұсынбаппын да.

Көпшілігі сынайды. Сынағанда, менің сөйлеу мәнеріме, дикцияма, өзімді ұстауыма қатысты емес. Ең көп айтатыны, тым жас дейді. Біздің көрермен үйреніп қалған ғой, үлкен кісі отырса, «осы жүргізсін, менің құрдасым» деп.

Мен жаспын, 25-темін, бірақ мен студияда баланың әңгімесін айтып жатқан жоқпын ғой. Саясаттануды бітіргенмін, журналистикадағы 4 жылдық тәжірибем бар. «Жеті күнге» дейін журналистиканың бірнеше сатыларынан да өттім. Көптеген бағдарламаларды жүргізіп келгенмін. Қазір бағдарламаның рейтингісі артуда, тілекші мен қолдаушылар саны өсуде.

Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік және мен «Хабар» басшылығының үмітін әрдайым ақтауға тырысамын.

- «Хабардың» тележүргізушісі болу сенің бостандығың мен еркіндігіңді белгілі бір деңгейде шектей ме?

- Бірден айтайын, сөз бостандығы мен сөз еркіндігін шектемейді. Кейбір адамдар сондай пікір қалыптастырып алған, Хабарда сөз бостандығы жоқ деген. Бізде әртүрлі жанрдағы бағдарламалар бар, «Арнайы хабарды» көріңіз, «Тергеу бюросын» көріңіз, мықты жасалған сараптамалар бар, сындар айтылады. «Жеті күннің» өзінде қаншама сюжеттер шығады. Кейбір министрлер мен әкімдерге сын айтылып, орнынан түсіп қалған жағдайлар болды. Ең бастысы, сен - суретшісің, сен суретті қалай саласың, адамға өтімді, бәріне әсерлі қылсаң, көрермен сол суреттен өзіне қажеттісін алса, бұл - журналистің жетістігі. Ал бізде суретшілер сапалы. Олардың суретінде комедия да, трагедия да, драма да бар суретшілер бар. Ешқандай шектеу жоқ.

Ал «Жеті күннің» жүргізушісі ретінде мен әрине көптеген жерге барып, көптеген жерде емін-еркін жүре алмаймын. Той-томалаққа барып, көпшілікпен бірге тойдың думанын келтірмейміз. Өзімізді салмақты ұстауымыз керек, айтқан сөздеріміз салиқалы болуы тиіс. Сондықтан осы жағынан біз өзімізді тежейміз, себебі біз - еліміздегі басты арнаның өкіліміз, келбетіміз, айнасымыз. «Хабар» ұялатындай ешқандай қылық болмауы тиіс. Соған сай болуға тырысамын.

Кейбіреулер айтуы мүмкін, «Нұрсұлтан өзгеріп кетіпті ғой» деп. Жоқ, өзгерген жоқпын, өзімнің сөйлейтін жерім, ортам бар, сол жерде еркелеймін, көңіл көтеремін. Бірақ, негізгі ортада мен өзімді ұстай білемін. Қайда барсам да, үйде отырсам да, әке-шешеммен сөйлессем де мен Хабардың өкілімін. Өйткені мен Хабарды жан тәніммен сүйемін. Хабар мені бірінші курстан тәрбиеледі. «Хабар» мені осы күнге дейін жеткізді. Ол - менің тардай болып кірген жерім. Ол - менің үлкен үйім, үлкен отбасым, Хабар мен үшін ең ыстық мекен.

- 2-3 жыл бұрын Фэйсбукта болсын, өзге әлеуметтік желіде болсын, өз пікіріңді жиі білдіретін едің, ал қазір көбіне ол сенің жетістіктерің мен жеке жаңалықтарыңа қатысты жазбалар шығады. Әлеуметтік желіде пікір жазуда болмайды деген талап бар ма?

- Бұрын менде уақыт көп болды. Ол кезде әрбір нәрсеге сын айтуға дайын болатынбыз. Кейде ойланбай, бір нәрсе ұнамай қалса, тереңіне бармай сынай салатын кездер болатын. Қазір мен бар айтар ойымды «Жеті күнде» айтамын. Мен үшін эфир берілген. Шектеу жоқ. Керісінше, қазір «Хабардың» журналистері әлеуметтік желілерде өте белсенді.

Пікір жазғанда да ойланып жазған жөн сияқты. Ойыңа не келсе соны жаза беру дұрыс емес, сол пікірің үшін ертең ұялмайтындай болуың қажет. Пікір терең болуы тиіс, афоризм секілді.  

- «Жеті күнді» қарапайым халық, одан кейін лауазымды тұлғалар көреді. Осы тұрғыда тележүргізуші ретінде белгілі бір қорқыныш бар ма?

- Қорқыныш болмаса, адамда өзіне қатты сеніп, жұмыс істегісі келмей, жазғысы келмей қалады, жұмысына бей-жай қарап кетеді.

 Менің ойымша әрбір адамда қорқыныш болу керек. Қорқыныш деген ол үрей емес, қорқыныштың астарында сыйластық жатуы тиіс. Бастысы – көрерменді сыйлау.

- 25 жастасың, жас бола тұра, көптеген журналистің арманы саналатын «Жеті күн» бағдарламасының жүргузішісің. Дегенмен, адам өмірі мұнымен тоқтамайды. Өзіңді жетілдіру үшін немен айналысасың?

- Өзімнен үлкен аға буын өкілдерімен кездесіп, солармен сөйлесіп, ақылын тыңдау арқылы көп тәжірибе мен білім жинаймын. Адам көп қозғалуы керек. Егер сен бір кабинетте отырып алып, ақпаратты тек интернеттен алып отыра беретін болсаң, сен еш дамымайсың. Адам көп көрсе, ортасы кең болса, халықаралық оқиғалардың ортасында болса, мемлекеттік деңгейде маңызды шешім қабылдайтын адамдармен кездесіп, олармен сұхбаттасатын болса, әңгіме-дүкен құрса біршама жетіледі.

Үлкен кісілермен дастархандас болғанды жақсы көрем. Жұмыстағы, сұхбат барысында әңгімелескен бір бөлек, ал дастархан басында, еркін жағдайда әңгіме құрған бір бөлек. Ондай жерлерде өмірлік маңызы бар азық жинаймын.

Бірнәрсені білгім келсе, сол саланың маманын шәйға шақырып сөйлескенді жақсы көремін. Онымен бір күнді өткізуге тырысамын. Шәй ішемін, түстенем, киноға, футболға бірге барамыз, кешкі ас ішеміз. Өзімді солай дамытқанды жақсы көремін.

Сондай-ақ, мен кино арқылы да білім жинаймын. Режиссердің астарлап жеткізгісі келген ойы, идеясы маған қатты ұнайды. Түсінген, білген адамға бұл да білім. Скорсезе, Финчер, Кэмеронның фильмдерін көп көремін. Деректі фильмдерге де қызығамын.

Спорт та адамды дамытады. Футбол, боулинг ойнаймын. Негізі журналист жан-жақты болуы тиіс.

- Спортпен айналысу стресспен күресуге жақсы ғой?!

- Әрине. Бірақ мен спорт деп фитнеске баратындарды түсінбеймін. Фитнесс ол - спорт емес. Фитнес менің ойымша пафос сияқты, ол жерге әйелдер баруы керек сияқты салмағын түсіру үшін. Ал жігіттер, ол жерге барғанда өзіне пайда алмайтын сияқты. Фитнесте азарт жоқ. Ол жерде қозғалыс әрекеттерін жасап жатсаң да ойыңда жұмыс тұра береді. Ал таза спортта азарт бар, эмоция көп, жұмысты, күнделікті мәселелерді толықтай ұмытасың, жеңілдейсің.

- Жастарға мамандық таңдауда қандай кеңес бересің?

- Мамандықты жай ғана «айлығы көп екен, балым жетіп тұр екен ғой» деп таңдай салмаңыздар. Өзіңізге ұнайтын, сізге жақын, жан дүниеңіз қалайтын мамандықты таңдаңыз. Аспазшылық ұнаса міндетті түрде сол мамандықты таңдаңыз, сөйтіп өзіңізді жетілдіріңіз. Оқи жүре түрлі курстарға қатысыңыз. Сөйте-сөйте көп адам жасай алмайтын тағамдарды дәмді етіп пісірсеңіз, қымбат-қымбат тамақтарды дайындай алсаңыз сізді қоғам сыйлайды, сіз өзіңізді сыйлайсыз және жасап жатқан жұмысыңызда ылғи ләззат алатын боласыз. Өз мамандығын кәсіби түрде өте жақсы меңгергенді кез келген орта сыйлайды. Ақша ешқашан адамды қанағатандырмаған.

Көп адамдар шаблонды оймен заңгер, экономист атанып жатады, егер сол мамандыққа қызықса сөз жоқ, бірақ көпшілік мамандыққа емес, сол мамандықпен істеуге болатын жұмыстың беделіне қызығады.

Аспазшы болып та әлемге танымал болуға болады.

- 40 жастағы Нұрсұлтан Құрманды қалай елестетесің?

- Қоғам қайраткері, саясаткер. Елге абыройлы, елге қызмет ететін азамат ретінде елестетемін. Алладан әрдайым осыны тілеймін. Пафосты болып көрінуі мүмкін, бірақ мен елдің дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Ата-бабамыздың жас ұрпаққа артқан сенімін ақтағым келеді.

- Отбасы құру жағына тоқталсақ. Отбасы құруды жоспарлап жатсың ба? Болашақ жарыңның қандай болғанын қалайсың?

- Бұл сұраққа келгенде жүрегім елжірейді. Үйленгім-ақ келеді, 25-ке келіп қалдық. Осы жылы жоспарда бар. Бірақ жоспарлағанмен қыз жоқ (күлкі).

Сондай-ақ, мені алаңдататын бір жайт бар. Ажырасу көп елімізде, мейлі ол әлеуметтік жағдайдың болмауынан, бір бірін түсінбеуден, немесе әке-шешенің араласуынан болсын. Үйленген соң қайтсем отбасымды берік етіп ұстап қалам деген сұрақ жиі келеді ойыма.

Қазір қыз қарап жүрмін, болды осы қыз деген кезде үйленемін.

Ал менің талабым қандай? Заманауи болса екен деймін, киноға барған кезде актерларды бірге танып отырса, ол актердің өмірбаянын біліп отырса, сюжет туралы пікірі болса. Концертте отырған кезде, шыққан әншілерді танып отырса, ас үйде көп эксперимент жасайтын болса, өзіне сай мінезі бола қойсын, қылықты болсын, бастысы әке-шешемді сыйласа болғаны, одан артық не керек.

- Дәл қазір өте сәтті тележүргізушісің, келбетің бар, сөйлеу мәнерің, өзіңді ұстауың дұрыс. Бірақ, адам, көрермен кез келген нәрседен жалығады. Қанша жерден идеалды болсаң да, күнде көре берген соң жалығады. Мысалы, Азамат Сатыбалды мен Серік Акишевті алып қарайық. Өз кезінде олар барлық талапқа сай жақсы жүргізуші болды. Бірақ белгілі бір кезеңде халық олардан жалықты, олар көлеңкеге кетті. Сенде осындай кезең болады деп ойлайсың ба? Егер солай болса, сен соған дайынсың ба?

- Мен бұл жайлы көп ойландым, толғандым, адамдармен ақылдастым. Мен дайынмын. Бірақ көлеңкеге кететіндей деңгейге жеткен жоқпын. Кеше «Turkvision» жобасының қазақстандық іріктеуін жүргізген соң біршама беделді адамдармен бірге әңгімелесіп қалдық. Олардың көбі мені танымайды, бұл мен үшін қуаныш, себебі бұл менде эфирде жүруге әлі уақыт көп екенін көрсетеді. Мен әлі адамдарды жалықтырып үлгермедім. Жалықтыру үшін кемінде 2-3 жыл керек. Егер шынымен жалықтыратын болсам мен кетемін. Бірақ барынша жалықтырмауға тырысамын. Бұл мақсатта мен жанашыр азаматтардың кеңесі бойынша, сұхбат санын, жұрт алдына шығатын іс-шараларды шектеуге тырысып жатырмын. Мен барлық жерге шыға бермеймін. Егер барлық іс-шараларда жүре берсем әрине мен жалықтырамын. Жалықтыру деген не ол? Жалықтыру ол тойда сен болсаң, концерте сен болсаң, жарнамада сен болсаң, телеарнада аптасына 3-4 шығып, бір емес бірнеше бағдарламаны жүргізетін болсаң, журнал бетінде тек сенің суреттерің жүрсе, сосын өзіңе сай емес қылықтармен айналысып кетсең. Көңіл көтеретін бағдарламаларда ән салып кетсең, киноға түсіп кетсең. Клипке түсіп жүрсең. Менің ойымша, журналист, тележүргізуші өзінің ғана бағдарламасында жүргізіп, бүкіл энергиясын соған сарп етіп, таңдаулы жерлерге бару керек. Жалықтырған жағдайда, мүмкін мен шетелге барып білімімді арттырып келетін шығармын.

- Тележүргізушілердің көбі өмірінің бір кезеңінде жұлдыздық ауруға ұшырауда. Біреулер одан тез сауығып шығып жатса, екіншілер жұлдыздық аурумен ұзақ ауырып, ең соңында соның зардабын тартып жатады. Сен осы күнгі деңгейіңе жету жолыңда, жұлдыздық ауруға ұшырадың ба, ұшырасаң одан қалай шықтың?

- Жұлдыздық аурудан өттім, бірақ бұл кезең мен үшін өте әсерлі, өте ауыр болды. Кейбір адамдарды жоғалттым, кейбір адамдарды таптым. «Еларнада» «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Жарайсың» деген бағдарламаларды жүргізген кезде, жұлдыздық ауруға ұшыраған жайым бар. Енді ол кезде жаспыз ғой. Мен өзім сезбедім, бірақ маған көп адамдар айтып кетті «жұлдыз болып кеттің» деп. Ол кезде әлеуметтік желіде маған күніне 1500-2000 сұрақ келетін. Мен оқып үлгермейтінмін. Көбін өшіріп тастайтынмын. Оқырмандар күніне мыңдап жазылатын. Сосын барлық жерде концертке шақырғыш болып кетті. Барлық жерде саған күліп қарайды. Сенің жағдайыңды жасауға тырысады. Сұраныстасың. Танымал адамдардың бәрі осы кезеңнен өтеді. Жұлдыздық ауруға ұшыраған кезде, кейбір азаматтарды мойындамай қоясың, өзіңнен жолы үлкен адамға қарсы сөйлеп қоясың, өзіңнен кіші адамдарға тым көп ақыл айтып қоясың. Өзіңмен тең адамдарды менсінбей кетесің. Оқуда да проблемалар көп болатын. Сенен үлкен адамды мойындамау. Сенен академиялық дәрежесі жоғары адамдармен түсініспеушілік болып қалатын.

Осы кезде мен достарымның арасынан да кейбір азаматтарды жоғалттым. Олар мені түсінбеді. Ортақ әңгімелесетін дүниелеріміз де болмай қалды. Ортақ тақырып болмай қалды. Бұл бір жағынан заңдылық та шығар. Өйткені адам өскен сайын, оның айналысындағылар дәл солай өсіп отырмаса араласу қиындай түседі. Ортақ әңгіме, ортақ тақырып болмаған соң, ары кетсе естелік оқиғаларды айтумен шектелесің де қоясың. Кездескен сайын естеліктерге тоқтала бермейсің ғой. Сырласа алмайсың. Араласасың, бірақ бұрынғыдай деңгейде емес.

- Мұның бәрін қашан түсіндің? Жұлдыздық аурудан қалай шықтың?

- Мен есейдім. Менің жетер шыңым қайда екенін, негізгі бағытты қайда алу қажеттігін ұқтым. Алматыдағы жасап жүргенім негізгі жетістіктің бір пайызы ғана екенін түсіндім. Астанаға келдім, менен де үлкен, кәсіби деңгейі жоғары, көп көрген адамдарды көрген кезде, мен өзгердім, ояндым, жан-жағыма қарадым. Кімнің-кім екенін білдім. Және мен бұл кезеңнен ерте өткеніме қуанамын.

- Сені сынды қабылдай алмайды деп айтып жатады. Сынды қалай қабылдайсың және сол таза сынды көре алмаушылықтан қалай ажыратуға болады?

- Сынды қабылдай аламын. Ол үшін сыни пікірді айтқан не жазған адамның биографиясына үңілем. Егер биографиясы жарқын жетістіктері болса, өз ісінің шебері болса, осыған дейін айтып, жазып жүрген ойлары санаға қонымды болса сыни пікірді неге қабылдамасқа?! Жанашыр адамның сынын әрдайым қабылдаймын. Мен үшін ол өте маңызды.

Кейде сынап жатқан адамдардың жеке парақшасына кіріп қалсаң, лентасында бір сауатты пост жоқ. Бар мақсаты - троллингпен айналысу. Мен мұндай адамды тек қаралаушы ретінде танимын.

- Кімді үлгі тұтасың?

- Әртүрлі сала бойынша бөліп айтайын.

Өнер жағынан, мен Майкл Джексонды үлгі тұтамын. Өйткені ол шоубизнестегі стереотипті өзгертті. Жаңа бағыт, жаңа көзқарасты қалыптастырды. Артынан «әскер» ертіп, атын тарихты қалдыра білді.  

Спорта, бұл әрине Криштиано Роналдо. Ол өз тарапына айтылған барлық сындарды қабылдап, сынып қалмай, керісінше күшейіп, өз еңбекқорлығының арқасында әлемнің ең үздік футболшысына айналды. Қазір көріп жүрсіздер, әр ойында гол соғады, өздерінің ішкі лигасында бірнеше жетістіктерге жетті.

Саяси қайраткерлерге келетін болсақ, мен Елбасын үлгі тұтамын. Еліміз енді-енді аяқ басқан кезде мемлекеттігімізді бекітіп берді, мақсатымызды айқындады. Қазір көптеген халық мемлекетке ие бола алмай отыр. Еліміздің азаматтары шетелге жұмыс іздеп кетіп жатқан жоқ. Елімізді өмірі динамикада ұстап тұрады. Жастарға мүмкіндіктер көп. Өткенді ұмытпайды, болашаққа сеніммен қарайды.

Алаш қайраткерлерін де үлгі тұтамын. Ел үшін жанын сарп етті. Ешкімнен қорыққан жоқ. Жанын да, отбасын да елі үшін құрбан етті. Жазған еңбектері, өшпестей із қалдырды.

Сондай-ақ, еліміздің мәдение саласына үлкен еңбек сіңірген Өзбекәлі Жәнібековты да мен тұлға санаймын, үлгі тұтамын. Ол кісінің жасағандарына таңданыспен қараймын.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет. 

Сұхбаттасқан - Дархан Өмірбек

Фото: Солтан Жексенбеков

Бөлісу: