«Нұрлы жол» ауқымды жобасы

12 Қараша 2014, 09:15

Қазақстан инфрақұрылымдық жүйесін дамытатын жоба

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылы инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланатынын мәлімдеді. Халқымыз ежелден бері үлкен аумақтарда көшіп жүрген. Соның арқасында осындай кең аумақты сақтап қала алған.

Кең-байтақ отанымыздың барлық қалаларын өзара біріктіру өте маңызды. Сонымен қатар қысқа уақыт ішінде еліміздің сұлу қалаларын аралап өтуге мүмкіндік туады. Бұл жоба тек саяхат және жеке мақсаттар тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ экономикалық әлеуеті бойынша да маңызды болып тұр. Жергілікті жерде ашылатын жаңа жұмыс орындары, өнімді тасымалдауға кететін уақыт пен шығындардың азаюы халық әл-ауқатына оң септігін тигізбек. 

– Бізге елордасынан елдің барлық өңіріне қарай сапалы автомобиль жолдарын көптеп салу қажет. Құрылыс жұмыс орындары мен кәсіпорындар тапсырысын қамтамасыз етеді, ел экономикасының көлемін кемітпеуге мүмкіндік береді. Үкімет осы мәселемен айналысып жатыр, оны жүзеге асыруға Астана да атсалысуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Жоба аясындан Астанадан барлық аймаққа таралатын «Нұрлы жол» салынады. Аумағы үлкен мемлекет үшін инфрақұрылымды дамыту ең негізгі мақсаттардың бірі.

– Осы жылдар ішінде біз 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолын, 2500 шақырымнан астам теміржол салдық. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады. Біз ешқашан қазіргідей жол салған жоқпыз. Біз еліміздің барлық түпкір-түпкірін жалғастыруымыз қажет, - деді Мемлекет басшысы. 

Президент келесі Жолдауында инфрақұрылымдық дамуға басымдық берілетінін жеткізді.

– Біз Астанадан Павлодар арқылы Өскеменге қазіргі Астана–Көкшетау – Петропавл жолы сияқты жақсы жол саламыз. Астанадан Ақтөбе арқылы Каспий теңізіне, Астанадан оңтүстікке қарай Алматыға, Алматыдан Өскеменге дейін жол салынады. Яғни, Астанадан барлық аймаққа сәуледей таралатын жол тармағын «Нұрлы жол» деп атауға болады, - деді Елбасы.

Жаңадан салынатын жолдар еліміздің тұтастығы мен бірлігін сақтауға септігін тигізеді. Халқымыздың бір шаңырақтың астына бейбіт өмір сүруін, алыс жатқан өңірлердің өзара байланысын арттырмақ.

– Мұның бәрі қазақ­стан­дықтардың бір-бірімен тығыз ара­ласуы үшін, жол жүріп, сауда жасауы үшін салынуда. Бірде-бір өңір Астанадан алыс болмауы үшін, Қа­зақстан оның әрбір отбасы мен біздің әрбір азамат үшін барлық ғасырларда да туған және қолайлы үйге айналуы үшін жасалуда.

Солтүстік пен оңтүстік, шығыс пен батысты біріктіретін жол еліміздің қан тамыры іспетті болмақ. Ал Астана еліміздің жүрегі, тамырлар арқылы бүкіл ағзаны бір жүйеге біріктіріп тұрады.

фото YK-news.kz

Бөлісу: