Нұрлан Әлімжанов: «Қазіргі жастар – бақытты жастар».

29 Қазан 2015, 12:26

Елімізге белгілі әнші, композитор, актер Нұрлан Әлімжан саясат, мәдениет және білім туралы көкейтесті ойларымен бөлісті.

Дүйім жұртқа «Ағайындылар», «Жау жүрек мың бала», «Елбасы жолы», «Тығырықтан жол тапқан», «Балалық шағымның аспаны» және тағы да басқа туындыларымен белгілі болған Нұрлан Әлімжан, актерлік шеберлігімен қоса, ақындық, композиторлық, әншілік дарын иесі.

Жас та болса, салмақты сөздерімен баурап алып, әрбір ойын мақалдап жеткізетін Нұрлан Әлімжан жастайынан өнер мен білімге әуес болды. Сол кездгі барлық балалар секілді, кішкентай Нұрлан да аспан шарлап, ғарышқа ұшуды аңсады. Алайда, тағдырдың жазуымен өз жолын кино мен музыкадан тапты.

Әкесі Баянғали Әлімжан да белгілі ақын, жазушы, драмматург. Бірде Нұрлан әкесінің қолынан шыққан «Құдалық» атты спектакіліне көрермен ретінде келеді. Бұл оның өміріндегі шешуші қадам болған екен...

Нұрлан Әлімжан: Қазақтың тойы тамаша, бірақ кейде арнасынан асып, өзінің зиянын шашып жататын кездері бар. Қойылымның басты мақсаты - ырым-жырымдарға ұсақталып кеткен керемет салтымызды басқа қырынан ашу болатын. Спектакльді көріп, қатты әсерлендім...Сол кезде «мен актер боламын» деп шештім.

Алғашқы танымалдылықты берген картиналардың бірі – «Ағайындылар» киносы. Актердің айтуы бойынша, бұл жай ғана үш ұлдың татулығы емес, сонау үш жүздің татулығы туралы терең ойлы фильм.

Нұрлан Әлімжан: Онсыз да аз қазақ халқы ру-жерге бөлінбейік. Ол дұрыс нарсе емес. Барлығымыз бір қазақтың баласымыз.

Сан-алуан актерлердің ішінен Елбасымыздың образын сомдау Нұрлан үшін үлкен мәртебе болды. Осындай үлкен тұлғанын мінезін, қимылын, көзқарасын халыққа жеткізе де оңайға түспеді. Дегенмен, 4-5 жылға созылған түсірілім өз жемісін алғандай. Еліміздің түпкір түпкірінен халық өз ыстық лебіздерін жіберіп жатты.

Нұрлан Әлімжан: Айрандай ұйытып отырған Елбасымыздың бейнесін сомдағаныма мақтан етемін. Аз ғана уақыттың ішінде әлем мойындаған, керегесі кең, өзгемен терезесі тең мемлекетке айналдық. Ол тікелей халқымыздың көшбасшысының арқасы.

Жерлесіміздің еңбегі тек елімізде ғана емес, шет жерде де бағаланып жүр. Нұрлан Әлімжан – Қытай кинокартиналарында ойнаған алғашқы қазақ актері екен. Ол Ақтай Сері рөлін сомдаған. Қазірде жүректі тебірентетін бұл психологиялық мелодрамма қазақ, араб, ағылшын, француз, қытай тілдеріне аударылып шықты. "Ақ сарбаз" фильмінің толық нұсқасын бұл сілтемеден көре аласыздар.

Нұрлан Әлімжан: Қазіргі жастар – бақытты кезең жастары. Бүгінде девальвация, дағдарыс деп жатамыз, дегенмен, сол 90-ыншы жылдардағы қиыншылыққа жете бермейді. Кішкене күнімде «шіркін-ай, бірінен соң бірін секцияларға қатыссам деп» ойлайтынмын. Бірақ ауылда секция тұрмақ, мектеп, ауруханалар жабылып жатты. Бүгінгі таңда жастар қай тілді оқимын десе, өз еркі. 1-інші сыныпатан бастап кішкене бүлдіршіндер ағылшынша сайрап жүргенде, қызыға да, қызғана да қараймын. Сіздерге бүкіл жағдай жасалған.

Нұрлан Әлімжанов киномен қатар музыканы да алып жүрген азамат. Жастарымыз әншінің «Бағынды бағала», «Ақ құсым», «Балапаным» атты әндерімен өсті десе, артық айтпаймыз. El.kz порталы арнайы оқырмандар үшін Нұрлан Әлімжановтың әндер топтамасын ұсынады. 


Ұлболсын Мұхамбетқали

Бөлісу: