Нұрлан Нұркенов: Ассамблея біріктіруші күшке айналды

1 Наурыз 2019, 03:50 3091

Елорда тұрғындары Астана қаласындағы Достық үйінде көктемнің алғашқы күніне орайласып келген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні мен Алғыс айту күнін атап өтті.

Елорда тұрғындары Астана қаласындағы Достық үйінде көктемнің алғашқы күніне орайласып келген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні мен Алғыс айту күнін атап өтті.

Мерекелік іс-шараны Астана қаласының ассамблеясы ұйымдастырды. Оған Ассамблея өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы белсенділері қатысты.

Іс-шараны салтанатты түрде аша отырып, Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов біздің күнтізбемізде Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Алғыс күні жуық жылдарда пайда болғанын еске салды.

«Бұл мереке әрбір қазақстандықтың жүрегінде шынайылығымен орын алды, себебі, адамдардың басына түскен өткен ғасырлардың қиындықтарының тағдырына әсер етпеген бірде-бір отбасы жоқ шығар. Өмірдің ырқымен  бүтін бір халық қазақ даласына жер аударылып келді. Қазақ даласының қатал ауа райына қарамастан, қазақ халқы сол жылдардағы қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір адамға қатысты өзінің жомарт жанымен, мейірімділігімен және кең пейілдігімен танылды. Бүгінде біздің берекелі көпұлтты елімізде бейбітшілік пен бақуаттылық орнаған. Елбасы саясатының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық қазақстандықтар үшін біріктіруші күшке айналды», – деді қала басшысының орынбасары.

Ол жиылған жұртшылықты атаулы мерекемен құттықтай келе, әрбір үйге бақыт пен амандық, денсаулық пен ұзақ ғұмыр, қазақстандықтарға достық пен келісім тіледі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Ахмет Мурадов өз сөзінде соңғылардың бірі болып салынған елордалық Достық үйі – Ассамблеяны одан әрі маңызды, салмақты, өзекті ететін іс-шаралардың алғашқы жаршысы болып табылатынын атап өтті.

Сонымен бірге, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков пен мәжілісмен Сауытбек Абдрахманов алғыс сөздерін жеткізді.

«Әжелер» ансамблі қазақтың ұлттық тағамдарымен «Құрмет көрсету» рәсімін өткізіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасының күнтізбесіндегі «Шашу» қайырымдылық науқанына бастама берді.

Мерекенің салтанатты бөлімінде қауым кәріс және неміс этномәдени бірлестіктерінің жастар қанатының өкілдері Надежда Ан мен Юлия Гонштейн, сондай-ақ, «Жастар театры» әртісі Нұрбек Әлібек әзірлеген «Бір ел – бір тағдыр» әдеби-музыкалық композициясын тамашалады.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: