Нұриланың күлше наны...

16 Қазан 2014, 04:13

..Нұрила дастарқан жайып, таза пісірілген бірнеше әдемі күлше нан әкеліп қойды. Күлше тәтті еді. Мұртты жігіт біразын құныға асап жеді, қалғандарын қасындағы жауынгерлерге үлестіріп берді.

...Нұрила дастарқан жайып, таза пісірілген бірнеше әдемі күлше нан әкеліп қойды. Күлше тәтті еді. Мұртты жігіт біразын құныға асап жеді, қалғандарын қасындағы жауынгерлерге үлестіріп берді.

– Апа, күлшеңіз дәмді екен, не қосып пісіргенсіз? – деп сұрады.

– Ұнға өзімнің емшек сүтімді қосып, осылай күлше пісіремін. Жалғыз ұлыма күлшені шайнап беріп асыраймын. Сіздерге ұсынғаным баламның несібесінің артығы болатын, – дейді.

– Пәллі, Алланың рақымына қараңыз! Енді бізге ана болдыңыз. Сіздің ақ сүтіңіздің қасиет нәрі, өзіңіздің шапағат мейіріміңіз біздің қан-тамырларымызға түгел тарап кетті. Бұдан былайғы жерде сізге перзентпіз, олай болса ана алдында қашанда қарыздармыз. Қайда жүрсек те сізді ұмытпаймыз, - дейді мұртты жігіт.

Бұл Ангреннің аты шулы батыры, қарақшы Қара Хайдар болатын. Арғы тегі түрікмен елінің адамы. Сайрам қаласындағы базарға мал айдап келген еді. Малдарын сатып болып, қайтар жолда Бәйдібек бидің көп адаммен Ташкентке кеткенін есітті. Оның жоқ кезін пайдаланып, таудағы жылқыларын айдап әкетуге келген беттері еді. Қасындағы жиырма бір жауынгері шетінен батыр, ержүрек әрі өжет болатын.

– Апа, осы өңірде мекендеген Бәйдібек бидің малы есепсіз көп деп есіттік. Қонысы мен жайлауының қайда екенін айтсаңыз, жылқыларын айдап әкетуге аттанып кетіп барамыз, - деді Қара Хайдар.

– Бәйдібектің қонысы Балабөгеннің жоғарғы аңғарында. Тоқсан үйір жылқысы бар. Тұқымы жақсы тұлпар жылқылардың үйірі Бестоғай деген жерде, - деді Нұрила. Сосын оларға адаспай апаратын тура жолды түсіндірді.

Осы сапар құдай оңдап олжалы қайтса, лашық үйдегі «мүсәпір» әйелге қайыр-садақа жасауды Қара Хайдар көңіліне түйіп қойды. Сөйтіп, Нұриладан бата сұрады. Нұрила алдындағы топқа қарап:

Жортқанда әрдайым, жолыңды құдай оңдасын,

Қабыл болып ниетің, әулиелер қолдасын,

Сапар шықсаң жаныңда, қызыр болсын жолдасың, - деп бата береді. Сосын оларға: «Тек жазықсыз жылқышыларды өлтірмеңдер» деп ескертеді.

Қара Хайдардың сол сапарда жолы болып, Балабөгеннің төменгі аңғарында Бестоғай деген жерде жатқан көп жылқыны олжалап, айдап қайтады. Жолай қара лашық үйдегі Нұрилаға соғып:

– Апа, мынау көп жылқыдан өзіңіз қалаған біреуін алып қалыңыз, - дейді Қара Хайдар.

Нұрила көп жылқыға көз тастап, кәрі Құласары биені іздеді. Ол осы үйір-үйір жылқының түпкі анасы еді. Кәрі бие жылқыларды бастап, үй тұсынан біраз жерге ілгері өтіп, ұзап кетіпті. Биенің бірінші құлыны Құласары айғыр еді. Жылқы түлігінің ол пірі іспетті болатын. Нұрила Құласары айғырдың жылқылардың соңында ақсаңдай басып келе жатқанын көрді. Боралдай өзеніне түскенде Құласары айғыр шашасын тасқа соғып, ақсап қалған еді. Жылқыға ілбіп, әрең ілесіп, айдаушылардың да ығырын шығарды. Нұрила Қара Хайдарға қарап:

– Мен мына ақсақ кәрі құла айғырды алайын. Үй-тұрмысының тіршілігіне, шаруаға осының қызметі қолайлы, - дейді. (жалғасы бар)

Бөлісу: