16 Қазан 2014, 04:19
...Тарихи осы оқиғадан кейін үш айдай мезгіл өткен еді. Қара Хайдар қасына екі-үш жігітін алып, Кіші Тұра бөктеріндегі қара лашыққа қайта соқты. Ырғайлы бұлағының басынан тозық үйді таппады. Тек көшкен елдің жұртын көрді. Теректі бекінісіне соғып, онда Оспан деген темір ұстасына жолықты. Оспан: Нұриланың жайын Бәйдібек биден сұрап біліңіз деп кеңес берді. Негізгі қонысы – Балабөгеннің орта аңғарындағы Ұзынбұлақта деп түсіндірді. Жол көрсету үшін баласы Әбілдәні қосып беріп, Қаратас беліне шығарып салды. Қара Хайдар Ұзынбұлаққы күн кешкіре жетті. Ат басын Бәйдібек бидің үйіне тіреді. Бәйдібек меймандарды жылы қарсы алып, үйге кіргізді, төрден орын берді. Ел жігіттері меймандардың аттарын қолайлы жерге жайғастырды. Кешкі асты ала отырып, қонақтар Бәйдібек бимен танысты, ұзақ таңға әңгіме шертті. Қара Хайдар өзінің Ангрен маңындағы «Төртбөрі» қыстағында туып өскен түрікмен жігіті екенін мәлімдеді. Моғолстанда әскер басы болып, Қызыр қожа ханға қызмет еткенін де жасырған жоқ. Шын аты-жөні Айдар Нұркелекұлы болғанын, кейін бейбіт малды ешкімнің сұрауынсыз, айдап әкете беру дағдысына хан жарлығының ықпал еткенін, сосын қарақшы Қара Хайдар атанғанын, бүкпесіз айтып берді. Сөз арасында Кіші Тұра бөктерінде жас балалы жарлы әйелді көргенін, сол кемпірде керемет қасиет барын, Нұриланың сиқырлы жұмбақ ықпалымен айдап әкетіп бара жатқан алдарындағы жылқылардан ажырап қалғанын, сол теріс қылығы үшін Байдібек бидің өзінен кешірім сұрай келгенін хабарлады. Сосын енді ол жас балалы жалғыз кемпірді тауып беруге көмек жасаңыз – деп, қолқа салды. Ол әйелге әкелген тарту-таралғысы барын, өзінің қарақшылық кәсіпті қойғанын, қасиеті күшті әулие әйелден бата алуға дайындалып келгенін айтты.
– Ол менің әйелім болатын, - деді Бәдібек.
– Япырмай, бұл бір керемет жағдай болды. Айтқаныңыз шын болса, Нұрила қазір қайда, - деп сұрады Қара Хайда таңқалып.
– Осында тұрады,- деді Бәйдібек. Сосын сол үйге Нұриланы алдырды. Есіктен енген Нұриланы көріп, Қара Хайдар қайран қалды. Баяғы лашық үйде көрген кемпірге мүлдем ұқсамайды. Мейірімі мол жүрегі мен ай бейнелес әппақ, сұлу, меңсіз жүзінен шұғылалы нұр төгіліп, Қара Хайдардың отты көзіне жаңа туған таң шолпанына ұқсап көрінді. Осы сәт ол көзінен мөлдір тамшылардың домалап жерге төгіліп жатқанын да аңғарған жоқ еді. Қара Хайдар орнына ұшып тұрып, Нұрилаға иіліп сәлем берді. Арнап әкелген алтын шынжырлы бауы бар қымбат бағалы гауһар тасты Нұрилаға сыйлыққа тартты. Парсы елінің таңдаулы шебері Жамал Ахмет Исфахани жасаған бұл гауһардың құны бір хандықтың қазынасына тең келетін. Халықтың алдында Қара Хайдар Нұрилаға «Диһнат мама» деген ат берді. «Диһнат мама» парсы тіліндегі екі сөздің біріккен тіркесі. Қазақшы тұжырымдап айтсақ, «Әулие ана» ұғымын береді. Қазақ тілінің үндестік заңына сәйкес «Диһнат мама» аты кейін «Домалақ анаға» айналып кетеді.
Аққұс Сатыпалдыұлы/ Даниярбек Дүйсенбаев