Нұр-Сұлтанда жалпықалалық сенбілік өтті

17 Қыркүйек 2022, 20:11 1935

Сенбілік қыс мезгіліне дайындық, сол сияқты абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары үшін жүргізілді

Елордада 17 қыркүйекте «Бірге таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығы және «Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2022)» Дүниежүзілік экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды El.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенбілік қыс мезгіліне дайындық, сол сияқты абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары үшін жүргізілді.

Жұрт назарын экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты сақтаудың маңыздылығына аудару басты мақсат болып саналады.

Сенбілікке 65 мыңнан астам адам белсенді қатысты, олардың ішінде аудандық әкімдіктер, коммуналдық кәсіпорындар, тұрғындар, студенттер, еріктілер, экобелсенділер, ПИК және МИБ ұжымдары,  

әскери қызметшілер мен мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ 33 024 кәсіпорындар мен ұйымдар.

Астаналық полигонға 747 тонна қалдық жиналып, шығарылды. Сондай-ақ, жалпы ауданы 2,5 млн шаршы метрден астам саябақтар мен гүлзарлар тазартылып, 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Сенбілік аясында Clean City NC ЖШС компаниясы "ҚР МКҚ ардагерлер одағы" РҚБ жанындағы "Жас қалқан" әскери-патриоттық клубына мүше балалардың қатысуымен қалдықтарды бөлек жинауды үгіттеу бойынша ойындар өткізді, кейін алғыс хаттар мен шағын сыйлықтар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, "Бірге таза Қазақстан" экологиялық айлығы аясында әр сенбі сайын 15 қазанға дейін 4 коммуналдық сенбілік өтеді. 

Сондай-ақ, айлық аясында 10 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Елорда тұрғындары мен ұйымдары айлық кезінде тұрғын үй аймақтары мен аулаларда санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Бөлісу: