Нұр-Сұлтанда полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды

9 Тамыз 2022, 16:09 1380

Бұл туралы polisia.kz сайты мәлімдеді

Нұр-Сұлтанда полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімі бойынша құқық бұзушы мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды. Сонымен қатар, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау фактісі бойынша сот жүргізуші мен оның жолаушысын тағы 3 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады. Олар әкімшілік қамауға алынған адамдар үшін арнайы қабылдап-тарату орнына орналастырылған.

Еске сала кетейік, «102» арнасына дүкен иелерінен екі ер адам тауар үшін төлем жасаудан бас тартып, автокөлікпен қашып кеткені туралы екі хабарлама келіп түскен болатын. 

Ұстау барысында Toyota Camry көлігінің жүргізушісі құқық қорғау органы қызметкерлерінен жасырынуға тырысып, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған. Көп ұзамай 30 жастағы жүргізуші мен оның жолаушысы ұсталды. Куәландыруға сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде көлік жүргізген. 

Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Ұсталғандарға қатысты бірден бірнеше әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Оның ішінде құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны ескерілді.


Бөлісу: