Нұр-Сұлтанда «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері марапатталды

4 Тамыз 2022, 17:55 954

Бұл туралы елорда әкімдігінің сайты мәлімдеді

Нұр-Сұлтан қаласында «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері салтанатты түрде марапатталды,– деп хабарлайды El.kz порталы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Халқымыздың өнегесі мен отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын өткізіледі. Бақытты отбасы, оның қоғамдағы зор мәртебесі – ел болашағының айқын көрінісі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасына арналған және оның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және отбасылық құндылықтарды ілгерілету.

Отбасы – бұл адамның тыныш, сенімді айлағы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің, қоғамның тұрақты дамуының негізі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы бүгінде игі дәстүрге айналды. Жылдан жылға байқауға қатысқысы келетін отбасылар саны артып келеді.

Биыл «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан отбасылардың ішінде 10 отбасы арнайы номинациялар бойынша үздік атанды:

«Жас отбасы» номинациясы бойынша – Әуезовтер отбасы;
«Берекелі отбасы» номинациясы бойынша – Серікбаевтар отбасы;
«Салауатты отбасы» номинациясы бойынша – Рузахуновтар отбасы;
«Қайсар отбасы» номинациясы бойынша – Бұзауовтар отбасы;
«Ұлағатты отбасы» номинациясы бойынша – Жақыповтар отбасы.

«Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта 2013 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланған болатын. Баршаңызды елімізде кезекті сегізінші рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауымен құттықтаймын! Байқауға елордамыздың әртүрлі санаттағы отбасылары қатысты.

Биыл конкурсқа қатысуға 151 отбасы құжат тапсырды. 2019 жылы – 63 отбасы, 2021 жылы – 120 отбасы. Берілген өтінімдер саны отбасы институтын нығайту мәселесі елорда тұрғындары арасында өте танымал және сұранысқа ие екендігін көрсетіп отыр», – дейді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Жиын барысында үздіктер мына номинациялар бойынша да марапатталды:

«Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша – Нұрғалиевтар отбасы;
«Өнегелі отбасы» номинациясы бойынша – Айтқожиндер отбасы;
«Қайырымды отбасы» номинациясы бойынша – Құсайыновтар отбасы;
«Дарынды отбасы» номинациясы бойынша – Ержұмановтар отбасы;
«Шығармашыл отбасы» номинациясы бойынша – Пташинскийлер отбасы.

Іс-шара кезінде көрермен қауым әр отбасының өмірбаянымен танысты. Экранда отбасылар жайлы бейнематериалдар көрсетілді.

Сонымен салтанатты рәсімде «Мерейлі отбасы» байқауының үздіктері марапатталды. III және ІІ орын екі отбасыға берілді.

ІІІ орын: Айтқұловтар отбасы және Жүнісбековтер отбасы.

ІІ орын: Әуеловтер отбасы және Олжабаевтар отбасы.

І орын Сағитовтар әулетіне бұйырды.

Сағитовтар әулеті бүгінде 3 қыз, 3 ұл тәрбилеп отыр. Әкесі – Дулат Сағитов 1977 жылы туған, 45 жаста. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығында жұмыс істейді.

Анасы - Айнагүл Сағитова 1982 жылы туған, 40 жаста.

Қыздарының бәрі республикалық би жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Қыздарының бірі (Әлия Сағитова) көркем гимнастикадан 1-разрядқа ие.

Үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорттық карьерасын бастады.

Бөлісу: