Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы тағайындалды

13 Шілде 2022, 11:37 1799

Бұған дейін ол Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған

Бүгін Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов сот ұжымына Нұр-Сұлтан қаласы сотының жаңа төрағасы Ақан Жұмағұловты таныстырды, деп хабарлайды El.kz

«Осыған дейін Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған Ақан Жұмағұлов Президенттің 2022 жылғы 11 шілдедегі Жарлығымен елорда сотының төрағасы қызметіне тағайындалды», - делінген қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінде.

Ә. Жүкенов елордалық соттың жаңа төрағасын судьялар корпусында өзін танытқан жоғары білікті маман ретінде сипаттады.

Жоғарғы Сот алқасының төрағасы осы Жарлықпен тағайындалған аудандық соттардың төрағалары мен елордалық қалалық соттың судьяларын да таныстырды. Есіл аудандық сотының төрағасы болып Алмас Сәлімов, Есіл ауданының №2 аудандық сотының төрағасы қызметіне Дәуренбек Даумов тағайындалды. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы лауазымына Айбек Әмірғалиев, Гүлнәр Дәулешова, Анар Кәрімова тағайындалды.

Бөлісу: