18 Желтоқсан 2014, 04:39
Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында аса мән берілген жағдай – Қазақстанның өңіраралық байланысын нығайту. Жалпы, бүгінде Қазақстан ашық саясат жүргізіп, кез келген көрші мемлекеттермен өңіраралық байланыс орнатуда. Соның бір мысалы Ресеймен өңіраралық байланыстың нығаюы. Мәселен, биылғы күздің қыркүйек айында Атырау қаласында ҚР Президенті Н.Назарбаев пен РФ Президенті В.Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өткен еді. «Көмірсутек саласындағы инновациялар» атты тақырыпты иемденді биылғы форум. Шара аясында заманауи технологияларды мұнай-газ саласында пайдалану, осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Форум кәсіпорындардың инвестиция және көмірсутек секторындағы инновациялар саласындағы қарым-қатынастарын кеңейтуге және жаңа байланыстар орнатуға, екі мемлекеттің іскер және қоғамдық топтарына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытын бұрды. Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен алғашқы өңіраралық ынтымақтастық форумы 2003 жылы Омбыда өткен болатын. Сонымен қатар, биылғы тақырыпқа ұқсас 2009 жылы Орынборда болған VI өңіраралық ынтымақтастық Форумы аясында «Отын-энергетика кешені саласындағы инновациялық технологиялар» көрмесі өткізілген-ді.
Жалпы, биылғы Форумда Н.Назарбаев пен В.Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін ортаға салып, жан-жақты қарады. Қазақстан мен Ресей көшбасшылары халықаралық және өңірлік құрылымдар аясындағы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ және Кеден одағы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне айрықша көңіл бөлгендігін де айтып кеткеніміз жөн. Мемлекет басшылары Астрахань қаласындағы Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті табысты болғанын да атап өтті. Қазақстан Президенті екі елдің алдағы ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту жолындағы кезекті қадам болатындығына сенім білдірді. Президентіміз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Бүгін біз өңіраралық форум өткіземіз, оның аясында түрлі салалардағы келісімдерге қол қойылатын болады. Қазір елдеріміздің арасындағы өзара тауар айналымы аздап төмендеп отыр, бірақ мұны мен уақытша құбылыс деп ойлаймын. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ толық қуатында жұмыс істейтініне сенімдімін, ол бәрімізге ортақ пайда әкеледі» - деді. Өз кезегінде Владимир Путин Форумға қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын айта отырып: «Ресей мен Қазақстанның арасында тарихи байланыстар орныққан. Бізді біріктіріп тұрған мыңдаған дәнекерліктер дамуымызға, бір-бірімізге қолдау көрсетуге септігін тигізуде» - деп атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты да пікір алмасты. Сонымен қатар, мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресейдің 60-қа жуық компаниясы қатысқан «Көмірсутек саласындағы инновациялар» көрмесін аралап көрді. Бұл үлкен шара екі көршінің өңіраралық байланысының жыл сайын нығайып келе жатқандығының айғағы...
Тәуелсіз дамудың алғашқы жылдарында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Екіжақты байланыс саласында Қазақстан алдындағы приоритетті бағыт – Ресей Федерациясымен қарым-қатынасты дамыту.Бұл әлем қауымдастығы алдындағы Ресей Федерациясының саяси және экономикалық ролімен және ұзаққа созылған ортақ шекарамен шартталады. Ресей - республикамыздың ең ірі сауда серігі. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша біздің ұстанымымыз ортақ. Оның үстіне, екі ел азаматтары арасындағы достық, туыстық қатынастар баршылық. Бұл Ресейді табиғи әрі заңды одақтасы етеді» - дейді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей байланыстарына талдау жасай отырып, посткеңестік аумақта интеграциялық үрдістерді дамытуға деген екі ел ұстанымының ортақ болуын ерекше атап өткен жөн. Жалпы, Еуразия кеңістігіндегі геосаяси орналасуы, экономикалық және әскери-саяси мүдделер Қазақстан мен Ресейді қауіпсіздікті қамтамасыз ету, территориялық тұтастық және егемендікті құрметтеу принциптері негізінде өздерінің айналасында тату көршілік аумағын құруға мүдделі мемлекеттер ретінде ерекше ролін анықтап берді. Осы бағытта Қазақстан мен Ресей бірінің көтерген бастамасын екіншісі қолдап келді.
Дәл қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей байланысының құқықтық-келісімдік негізі 300-ден аса құжатты қамтиды. Екі ел арасындағы байланыста саяси сенімділік пен өзара түсіністік күшейіп келеді. Екіжақты қатынастардағы елеулі оқиғалар қатарында мемлекетаралық шекараның делимитациялануы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігі табанын бөлу туралы келісімнің қабылдануы, екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеуіне жол ашқан Ресейдегі Қазақстан жылы мен Қазақстандағы Ресей жылдарының кезек өткізілуін атап өтуге болады. Президентіміз тағы бір сөзінде: «Қазақстан-Ресей қатынастары сенімділік пен стратегиялық әріптестік жоғары деңгейде дамып жатыр. Қазақстан сыртқы саясатының маңызды басымдылығы, өңіраралық байланысының қайнар көзі – Ресей бағыты. Қазақстан мен Ресей арасында өзара мүдделерді ескеру және келіссөздер жолымен шешіле алмайтын мәселелер жоқ. Бұл саяси және экономикалық мәселелерге де тиесілі» - деп атап өтеді.
Бүгінде посткеңестік аумақтағы интеграциялық үрдістер Қазақстан – Ресей экономикалық байланыстарының дамуына зор үлес қосып келеді. Мәселен, Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданып жатқан құжаттар екі ел арасындағы кейбір экономикалық, кеден мәселелерін шешуге септігін тигізуде. Өз кезегінде, Қазақстан мен Ресей тарапынан көтерілген бастамалар интеграцияның тереңдеуіне, өңіраралық байланыстың нығаюына үлес қосып келеді. Тіпті, қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей интеграцияның қозғаушы күші ретінде де танылды.
2012 жылдың 19 қыркүйегінде екі ел Президенттерінің қолдауымен Павлодарда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ІХ форумының қорытындылары да біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде тұрғанын тағы бір рет дәлелдеді. Президентіміз дәл сол уақытта Путин мырзаның 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтаған болатын. Ол өз сөзінде: «Мен 1994 жылы тұңғыш рет ұсынған Еуразиялық экономикалық одақ идеясы қазір қазақстандықтардың, ресейліктердің және белорустардың элиталық ортасында да, қалың көпшілік арасында да түсіністікпен қабылдануда. Оны ТМД-ның бірқатар басқа елдері де қолдап отыр. Біздің В.В.Путинмен экономикалық прагматизм, теңдік, өзара тиімділік және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу принциптеріне негізделген интеграциялық үдеріске көзқарасымыз ұқсас екенін атап өткім келеді. Сондықтан да бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей ХХІ ғасырдың ең перспективалы үдерісі - Еуразиялық ықпалдастықтың ұйытқысы болып табылады. Біздің елдеріміз Белоруссиямен бірлесе отырып қазірдің өзінде 2015 жылы экономикалық ықпалдастықтың мейлінше тығыз формасына - Еуразиялық экономикалық одаққа көшу жоспарларын межелеп отыр. Мен бұл үдерістің де жемісті болатынына сенімдімін!» - дейді. Сонымен қатар, елдің түрі жылдардағы байланысын баяндай келіп, елбасымыз Н.Назарбаев: «Мен Путинмен Ресей Федерациясының Президенті ретіндегі бірінші кездесуімді ерекше жылылықпен еске аламын. Сол 2000 жылы бүкіл әлем «Who is mister Putin?» деген сауалға жауап іздеп жатқан кез еді. Бұл сауалдың жауабы біздің бірінші әңгімемізден кейін-ақ маған барынша айқын бола түсті. Мен оны Ресейдің тарихи ұлылығына лайықты саяси көшбасшы ретінде таныдым. Менің алдымда өз елі мен халқының мүдделерін бәрінен де маңызды санайтын жігерлі, адал және принципті саясаткер отырды. Егер ол сөз берсе, оны орындайды. Мен мұны білемін. Бұл осындай ауқымдағы саясаткер үшін маңызды қасиет. Сонымен бірге ол барлық әріптестер үшін қарапайым, менмендігі жоқ, ізгі ниетті адам болып қала береді. Мұндай адаммен дос болудың өзі бір ғанибет. Ол Ресейдің аса ұлы жауапкершілігінің жүгін көтеруге толық дайын және қабілетті ХХІ ғасырдың жаңа көшбасшысы. В.В.Путин Ресейді жаңа жүзжылдыққа батыл бастап келеді. Осы жылдар ішінде ол өзінің сайлауалды бағдарламаларында елді дамытудың нақты жолдарын ұсынды, сондай-ақ елдің бірлігін және оның халықаралық беделін нығайтты, терроризм мен сепаратизмге аяусыз соққы берді. Ол айрықша саяси дарын мен шеберлікті талап етеді. Өзімнің жеке саяси тәжірибемді ескере отырып, жақсылықтарға қарай нақты бетбұрыстар жасалғанда қоғамның бір бөлігінде оны жеделдету тілегі пайда болатынын білемін» - деп, Ресей президентінің абыройын асқақтатады. Президентіміз сөзін тоқтатпастан: «Мен Ресей халқының досы ретінде барлық ресейліктерді өз көшбасшысы төңірегіне топтасуға және тарихтың осы бір бетбұрысты кезеңінде өз Отанының игілігі үшін еңбек етуге шақырамын. Мұнсыз даму, қарапайым адамдардың тұрмысын жақсарту мүмкін емес. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Қазақстан халқы бірліктің, келісім мен тұрақтылықтың арқасында тамаша табыстарға қол жеткізді, тақыр жерде мемлекет құрып, оны бүкіл әлемге танымал етті. Мен мұны кездейсоқ жазып отырған жоқпын. Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл және В.Путиннің 60 жылдық мерейтойының саяси күнтізбеде қатар келуі елеулі оқиға. Қазақстан өзінің тату көршісі және одақтасы ретінде қазіргі Ресейдің табыстарына қуанады. Мен өз халқымның атынан Владимир Владимировичті 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, оған ойға алған мақсаттарының орындалуын және мықты денсаулық тілеймін. Күшті де тұрақты Ресей - бұл барлық ТМД-ның, Еуразияның, сондай-ақ, тұтастай алғанда, ғаламдық халықаралық қатынастардың тұрақтылығының негізгі шарты. Мен Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының атынан Ресейдің ұлттық көшбасшысына және ол арқылы күллі Ресей халқына дамуда жоғары қарқын мен сенімділік, ресейліктердің игілігі барлық біздің аймағымыздың тұрақтылығы мен өркендеуі жолында алға қойылған барлық мақсаттарда жетістіктерге жетуді тілеймін. Қазақтар «Туыс атадан, көрші Алладан», - дейді. Біз Қазақстанда Ұлы Ресеймен ізгі ниетті қарым-қатынасымызды қашанда бағалап келдік және бағалай береміз. Біздің қарым-қатынасымыз өзара бай тарихымызға негізделген және сан мәрте уақыт сынынан өткен. Бүгінгі таңда біздің достығымыз экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстармен, көптеген қазақстандықтар мен ресейліктердің туыстық қарым-қатынастарымен нығая түсуде. Мен өзімнің барлық отандастарымды және барлық Ресей азаматтарын екіжақты қатынастардың мерейтойымен құттықтаймын және Қазақстан мен Ресей арасындағы достықтың мәңгілік, серіктестіктің ауқымды және өзара тиімді, одақтастықтың сенімді және берік болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға шақырамын» - дейді. Президентіміз Н.Назарбаевтың Путинге қарата айтылған бұл шынайы сөздері, расында да, екі елдің ортасында үлкен достықтың салтанат құрғандығын дәлелдей алады...
Дінмұхаммед Аязбеков