«Мызғымас бауырластық-2023»: Қырғызстанда ҰҚШҰ бітімгерлік күштерімен өткен оқу-жаттығу аяқталды

14 Қазан 2023, 08:22 766

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бірлескен оқу-жаттығуына Қазақстан Қарулы күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері қатысты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бірлескен оқу-жаттығу Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің «Эдельвейс» оқу-жаттығу орталығында өтті. Бұл ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің Орталық Азия өңірінде бейбітшілікті сақтау жөніндегі ұжымдық қауіпсіздік операциясын дайындау және оны өткізу кезінде ұлттық контингенттердің үйлесімділігін арттыруға бағытталған.

Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қырғызстанның қорғаныс министрі генерал-лейтенант Бақтыбек Бекболотов, Тәжікстанның қорғаныс министрі Шерали Мирзо, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов, Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев, ҰҚШҰ Хатшылығы мен Біріккен штабының, әскери-дипломатиялық корпустың және халықаралық өңірлік ұйымдардың өкілдері бақылады.

Оқу-жаттығуда әскери контингенттерді белгіленген аудандарға әр түрлі тәсілмен жеткізудің, лектерді қалыптастырудың, автомобиль және броньды танк техникасы жорығының, күзетуді ұйымдастырудың, қозғалыс бағытына барлау жүргізудің, қолдан жасалған жарылғыш заттарды залалсыздандырудың, заңсыз қаруланған құралымдарды бұғаттаудың және оларды жоюдың тактикалық эпизодтары пысықталды.

Одан бөлек бақылау-өткізу пункттерінде қызмет атқару, көліктерді тексеру, жергілікті жерді патрульдеу практикалық іс-қимылдары да ұйымдастырылды. Маңызды инфрақұрылым объектілерін қорғау, гуманитарлық көмек легін алып жүру және босқындарға алғашқы көмек көрсету мәселелері пысықталды.

Перизат Саденова
Бөлісу: