Мысырда белгісіз ауру таралды

19 Шілде 2023, 11:45 833

2023 жылғы 16 шілдеде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Мысырдың Денсаулық сақтау және ел тұрғындары министрлігінің ақпараты бойынша, елде белгілері денге безгегіне ұқсас белгісіз аурудың жағдайлары тіркелді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, денге безгегі – адамға инфекция жұқтырған масалардың шағуы арқылы берілетін вирустық инфекция. Ауру адамнан адамға ауа тамшылары арқылы берілмейді. Ауру тропикалық және субтропикалық елдерде таралады. ДДҰ мәліметтері бойынша, Африка, Америка, Шығыс Жерорта теңізі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Батыс Тынық мұхитының 100-ден астам елі эндемикалық болып келеді.

Қазақстанда жыл сайын аурудың жекелеген жағдайлары тіркеледі. Биыл денге безгегі бойынша қолайсыз елдерден (Таиланд) келген адамдар арасында оның 2 жағдайы тіркелді. Ауру дене температурасының жоғарылауы, бас ауруы, дененің ауыруы, жүрек айнуы түрінде көрінеді, әйтсе де көп жағдайда ауру симптомсыз өтеді және науқастың жағдайы 1-2 аптадан кейін жақсарады.

Елге кірген кезде әуежайда, теміржол вокзалдарында және автомобиль пункттерінде санитариялық-карантиндік пунктте науқастарды уақтылы анықтау және медициналық көмек көрсету мақсатында дене температурасын қашықтықтан өлшеу арқылы келгендерге мониторинг жүргізіледі.

Эндемиялық елдерде болған кезде инфекцияны жұқтырмау үшін:

- масалардың шағуына қарсы құралдарды қолданыңыз;

- терезелер мен есіктерді жабыңыз;

- аурудың белгілері пайда болған кезде медициналық көмекке жүгініңіз.

Равиль Ашығали
Бөлісу: