Мырзағали Айтжановты бір сәтсіздікке бола ысырып тастау орынсыз – Қыдырбек Рысбек

9 Тамыз, 17:00 1034

Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарынының аяқталуына санаулы күндер қалды. Бүгінгі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль бар. El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі қазақ спортшыларының бүгінгі таңдағы көрсеткен өнері мен жинаған жүлделеріне қатысты бірнеше Олимпиадаға барып хабар таратқан спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбекпен әңгімелескен болатын. 

El.kz: Қыдырбек аға, биыл Олимпиадаға жолыңыз түспепті. Аламан доданың ортасында жүріп тамашалған мен теледидардан қараудың айырмасы қалай екен?

Қыдырбек Рысбек: Олимпиаданы көзбен көру мен бел ортасында жүру – екі бөлек әлем. Әсері де екі түрлі. Теледидардан көрудің де артықшылығы бар. Қайталап көріп, комментарийлерді оқып, чемпиондардың сұхбатын тыңдап, сараптауға мүмкіндік болады. «Сырт көз – сыншы» демекші, әрқайсысының өз ерекшелігі болатыны сөзсіз. Париж Олимпиадасына бармағаныма өкініш жоқ. Бұл жолы баруға талап та болмады. Осыған дейін алты олимпиада ойынының басы-қасында жүрдім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бес олимпиадада, одан кейін Сочи олимпиадасында болдым. Биыл саналы түрде елде қалдым.

Елдостың басты қасиетінің бірі - еңбекқорлығы

El.kz: Жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов алтын медаль алғанда, құттықтап пост жазған едіңіз. Дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионының феномені неде?

Қыдырбек Рысбек: Елдостың басқа дзюдошылардан артықшылығы емес, ерекшелігі десек орынды болар. Елдос Сметов - табанды, еңбекқор, тәрбиелі, Аллаға иман келтірген, ата-анасының қадірін білетін, үлкендерден бата алған азамат. Бұл фактілердің адам өміріндегі рөлі ерекше. Жаратқанға иман келтіріп, ата-ана разылығын алып, тіршілік жасаған адамның бағы ашылады. Елдостың басты қасиетінің бірі - еңбекқорлығы. Оның көпке сыйлы болуы мен дарындылығынан-ақ тектілігін аңғаруға болады. Бір емес, үш олимпиада ойындарына шыдас беру – асқан төзімділіктің белгісі. Ол осы аламан додалардан медаль алған бірінші қазақ дзюдошысы, алғашқы әлем чемпионы, алғашқы олимпиада чемпионы. Мұндай атақ-абырой, марапат тегіннен тегін кез келген адамға берілмейді. Елдос бойындағы ұлттық намыстың, қазақи құндылықтың, тәрбиенің, бапкермен қарым-қатынасының арқасында осындай деңгейге лайық спортшы дер едім.

El.kz: Қазақтың мықты спортшыларын дайындаған бапкерлер туралы кітап жаздыңыз. Осы Олимпиадада қай маманның жұмысы көңілден шықты?

Қыдырбек Рысбек: Кейбіреулер Мырзағали Айтжановты жан-жақтан талап, тілдеп, оның атына небір пікірлер айтып жатыр. Мырзағалидің бапкерлік білігі жоғары деңгейде екенін мойындауымыз керек. Оны саптан шығарып тастауға болмайды. Былтырғы әлем чемпионатында 4 алтын медаль алуға септігі тигенін ұмытпаған жөн. Рио олимпиадасында 3 бірдей спортшысы финалға шыққан, дүниежүзінің екі мәрте ең үздік бапкері болған білікті маманды бір сәтсіздікке бола, ысырып тастау орынсыз. Дұрыс емес. Бұл жерде төрешілердің   әділетсіздігін айтуға тиіспіз. Мәселен, бірнеше жігіттің жолы қиылып та кетті. Оны өздеріңіз де көрдіңіз. Өз басым, Мырзағалидің біліктілігіне жоғары баға беремін. Ұлттық құрамадан бөлек, Елдос секілді азаматтың олимпиада шыңына жетуіне мол үлес қосып, ас-суын өзі дайындап, жаттығуын да өзі жасатып, көңілін де өзі тауып еңбек еткен қазақтың ғажап бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке алғысым шексіз.

El.kz: Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстан гимнасшыларының көрсеткіштері  төмендеп кетіп еді. Парижде жолымыз болды...

Қыдырбек Рысбек: Қазақстан гимнастикасының дәстүрі күшті болатын. Жеңісті жылдары, мықты чемпиондары болды. Валерий Люкин, Владимир Новиков, Нелли Ким, басқа да гимнасшылардың орны ерекше. Олардың арасында Едіге Жаров секілді айтулы бапкеріміз де бар. «Шөп шыққан жеріне шығады» демекші, Нариман Құрбановтың спорттық гимнастикадан күміс медаль алып, қазақ мемлекетінің туын көкке көтеруі дәстүрлі мектептің мықтылығын айқындайды. Дәстүр оңайшылықпен жоғалмайды. Оны ұстана білсең, бапкерлік мектеп жоғалмайды. Тамыры тереңдей береді. Сол себепті Құрбановтың жеңісін Қазақстан гимнастика мектебінің  заңды жалғасы деуге болады.

El.kz: Бокстан бас бапкер Мырзағали Айтжанов жайлы үнемі жылы пікір айтып жүресіз. Дегенмен көптеген жанкүйердің осы жолы көңілі толар емес. Бәлкім, бапкерді ауыстыратын кез келген шығар?

Қыдырбек Рысбек: Мырзағалиды ауыстыру идеясымен келісе қоймаймын. Үнемі жеңіс тұғырында болу, үнемі аттың үстінде болу, үнемі биікте болу адамның қолынан келе бермейді. Мырзағали осы уақытқа дейін мұндай сәтсіздікті басынан кешірген емес. Осы сәтсіздіктен кейін Мырзағалиға тағы бір мүмкіндік берген жөн. Ойым осы.

Геннадий Головкин әлі шикілеу

El.kz: ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенттігіне Дәулет Тұрлыханов лайық екенін айтып едіңіз. Қазір тізгін боксшы Геннадий Головкинде. Алғашқы қадамдары көңіліңізден шығып жатыр ма?

Қыдырбек Рысбек: Дәулет Тұрлыхановтың қазақ спортындағы орны ерекше. Ол – қызметте де, спортта да, бапкер, менеджер болып та әбден піскен азамат. Халықаралық деңгейдегі беделі өте жоғары. Қазіргі таңда Азия күрес федерациясының президенті, Әлемдік күрес федерациясының бюро мүшесі, құлашын кең сермеген - бес құрылыққа танылған тұлға. Сондықтан осындай азаматтың Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болуына тілектес болғаным айтпаса да түсінікті. Ал Головкин - бұған дейін мұндай қызметті атқарып көрген жоқ. Ол әуесқой бокс пен кәсіпқой бокста шыңдалды. Бірақ, ол - мүлде бөлек майдан. Ұйымдастыру, Ұлттық олимпиадалық комитеттің тізгінін ұстау, бір мемлекеттің абыройын, мәртебесін көтеру жолында байыпты, салиқалы, ойлы-жоспарлы тірліктер жасау біраз тәжірибені қажет етеді. Бұл тұрғыда Геннадий Головкин әлі шикілеу деп ойлаймын.

Шәміл жөнінде аса қатты уайымдаудың қажеті жоқ

El.kz: Елдос Сметов алтын алғанда Жақсылық Үшкемпіровтен кейін чемпион атанған екінші қазақ балуаны деп салыстыру көбейді. Өзіңіз де пост жаздыңыз. Осы ретте неліктен Шәміл Серіков ұмытылып қала береді? Олимпиада мен екі рет әлем чемпионатын ұтса да, Шәміл Серіков туралы айтқысы келмейтіндер бар. Бұған не себеп?

Қыдырбек Рысбек: Жақсылық Үшкемпіровтен кейін Олимпиада чемпионы ретінде Елдосты айтып жатқаны орынды. Оған бірнеше себеп бар. Екеуі де - Жамбыл облысының тумасы. Үшкемпіров 48 келіде кілемге бірінші шықты. Жекпе-жек спортының алғашқы чемпионы атанды. Елдос - дзюдодан бірінші олимпиада чемпионы. Ол да жеңіл салмақта. Халықтың екеуін бір қатарға қоюы да осыдан. Шәмілді шеттету бар деп айта алмаймын. Бұған дейін Шәміл туралы бірнеше мақала жаздым. Қазір де зерттеп жүрген жайым бар. Баласымен, жарымен тілдесіп, басқа да деректер мен біраз материал жинап қойдым. Шәміл қазақ тарихындағы айтулы балуан, олимпиада жеңімпазы, әлемнің  екі дүркін чемпионы, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар ерекше дарын ретінде қазақ спортының тарихында қалатыны сөзсіз. Сондықтан Шәміл жөнінде аса қатты уайымдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

El.kz: Шәміл Серіковтің ұлтына қатысты да дау көп айтылады. Соны өз аузыңыздан естісек.

Қыдырбек Рысбек: Шәміл Серіковтың әкесі - қазақ. Анасы - татар. Шәмілдің ұлы Тимурмен осыдан екі-үш жыл бұрын әңгімелестім. Оның айтуынша, Шәмілдің аталары ашаршылық жылдарында Сарыарқа жақтан көшіп келген екен. Амалдың жоғынан Шәмілдің әкесі Кәрімді ата-анасы балалар үйінің табалдырығында қалдырып кетіпті. Содан балалар үйінде тәрбиеленіп, сол жерде өсіп-өніп, артынан отбасын құрып, сәбилері дүние келді. Шәмілдің тұйық, көп сөзге жоқ, байыпты болып өсуіне әкесінің жетімдер үйінде өсуі, өзге де отбасылық жағдайлары әсер еткен болуы керек. Шәміл тұйық болғанымен, іскер азамат еді. Ол - қазақ күресінің бағы, мәртебесі, мерейі. Әкесі қазақ болған соң, оны әлбетте қазақ деп білеміз.

El.kz: Сөз соңында ардагер журналист ретінде бүгінгі спорт журналистикасы мен комментаторларына көңіліңіз тола ма?

Қыдырбек Рысбек: Қазіргі спорт журналистикасындағы жігіттердің бәрін жоққа шығаруға болмайды. Есей Жеңісұлы, Ғалым Сүлеймен, Жандос Айтбайұлы, Нұрғазы Сасаев тәрізді қаламы қарымды азаматтар бар. Әли Битөре деген бауырымыз да жақсы жазады. Сол себепті ауызды қу шөппен сүрте берген дұрыс емес. Ал комментаторлық мәселесіне тоқталсақ, Ғалым Сүлеймен, Жандос Айтбайұлы және Есей Жеңісұлының қадамы тәп-тәуір. Бүгінде көптеген жас комментаторлар олимпиада, әлем чемпионаты кезінде эфирге шығады. Бір қынжылтатыны, көбі эфирге дайындықсыз келеді. Сөз саптаулары - қате, тілі - шала. Көңілге қонымсыз. Жастар халық алдындағы жауапкершілігін сезініп, эфирге жақсы дайындықпен келсе деген тілегім бар. Батырлар жырын, «Бес ғасыр жырлайды», Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Жұмекен Нәжімеденов,  Асқар Алтайды, басқа да белді қаламгерлерді  оқыса, сөздік қорлары молайып, сөз саптаулары дұрысталып қалар еді. Тіл майданына мықты тіл маманы ретінде кіріскендерін қалар едім. Біз - өте дарынды, сөздік қоры мол, әдебиеті терең тамыр жайған халықпыз. Әлі де арамыздан әлемдік деңгейдегі комментаторлармен теңдесетін ұшқыр ойлы, терең сезімді мықты журналистер мен комментаторлар шығатынына сенімдімін. Алла соны нәсіп етсін!

El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: