Мықты отбасы – мықты мемлекеттің тамыры

18 Қараша 2022, 10:00 4012

Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбы-құрдастарынан

Түркі әлемінің тарихи тұлғасы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтан жұрдай тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды», деген сөзі бар. Расында да ұлтты өзге ұлттан даралайтын ұлттық құндылықтары. Яғни, әдеби мұрасы, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі, тұрмыстық бұйымдары мен ұлттық ойындары.

«Мықты отбасы-мықты мемлекеттің тамыры. Демек, отбасының күш-қуаты мемлекеттің негізі. Сонымен қатар, өткеннің өнегесі, адамгершілік ұғымы бірінші орында тұруы керек. Біз тек қана бүгінгі жейтін тамағымызды, ішетін суымызды ойлаудан әрі аса алмасақ, ұлттық құндылықтан мүлдем айырыламыз. Ақиқатын айту керек, бізде қазір руханият жаға өте кем. Еліміздің кітапханаларына, музейлеріне, тіпті театрларына адам аз барады ғой. Бұл нені білдіреді, әрине,  рухани жұтаңдықты»,- дейді Ұлттық бұйымдарды насихаттаушы, тарихшы Тұрар Шәкен.

Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбы-құрдастарынан»,-деген екен. Сондықтан да, бала тәрбиесінің шешуші факторы-отбасы.

«Бала-балабақшадан бір кішкентай ойыншық алып келеген балаға ата-анасы: «мынаны қайдан алдың»,-деп сұрамаса бұл баланың жаман жолға түсуінің басы деп біле беріңіз. Адал жолдан тайуға себепкер. Жалпы бала тәрбиесінде бұндай ұсақ-түйектің өзі назарда болғаны абзал. Кез келген нәрсеге көңіл аудару керек. Өйткені, бала біздің айнамыз. Ендеше бала бойына адамгершілік қасиеттерді ес білгеннен үйрете білуіміз керек. Әлі ерте, кішкене өссін деп жүріп қапы қалмаудың амалдарын о бастан қарастырып жүргеніміз жөн», дейді ол.

Ұлттық құндылықтың тұмадай тұнығы-отбасында дедік. Ал, ондағы қыз тәрбиесінің орны қашанда маңызды. Өйткені, ол болашақ ана. Тарихшы Тұрар Шәкеннің ойынша, қызды болашақ ана деп тәрбиелеу керек. Қызға мансап қу деп ақыл айту қате.

«Әрине, қыз балалар оқу керек. Өйткені, ана үйде баланы тәрбиелеуші. Қызды тәрбиелей отырып, біз ұлтты тәрбиелейміз ғой. Қазіргі ата-аналар қыздарды мансапқа итереді. Алдымен диплом ал, ертең тұрмысқа шыққанда беделің болады. Жақсы қызмет істейсің. Егер ажырасып жатсаң өз күніңді өзің көре аласың,-дейді. Былай қарасақ, дұрыс айтып тұрған сияқты, ал тереңірек үңілсек, мансап қуған қыз тұрмысқа кеш шығады. Бүгінде, әйелдер өте белсенді. Бұған қуанатындар көп, алайда  белсенді әйел үйді ұмытатынын естен шығармайық.  Белсенді әйелдердің ері де ынжық келеді. Еріншек еркекті өзіміз қолдан жасаймыз. Өйткені, белсенді де табыс тапқыш әйелдің ерінде жауапкершілік болмайды. Ештеңеге басын ауыртпайды. Қазір мектептерде де мұғалімдердің бәрі әйелдер. Ерлер барғысы келмейді. Үйінде әйел, мектепте әйел тәрбиелеген баладан өрлік шыға қоймайды. Жалтақ, намыссыз өседі. Сондықтан да бала үйде намысты әкеге қарап өсуі керек. Әйілінен қаймығатын еркегі бар үйде бала да жасқаншақ болып өседі. Әкелер мектептегі ата-аналар жиналысына да бармайды ғой. Кілең әйелдер. Аналар. Біз белсенді боламыз деп еркектерлі бала тәрбиесінен ысырып тастадық. Менің ойымша, қазір ер адамның бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыру керек. Ер азаматтарды мектепке тартуымыз қажет. Отбасындағы ерлердің мәртебесін көтеру керек. Сонда ғана ұрпақығым өрелі болады», дейді тарихшы.

Бауыр десең, бүйрегің бұрып тұрады. Бұл қазаққа тән құндылық. Ата-анамыз жаурағанда жанымызды жылытар туыс-туған деп үйретті. Жақсы-жаман болса да туысыңды сыйла деді. Бірақ, байлық пен дүние құнықтырған заманда бірге туған ағайынды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?

«Тамырымыздан ажырап бара жатқанымызды мынадан да аңғаруға болады. Қазір туыс-туғанмен де араласуды қойдық қой. Аға інісіне ақыл айтпайды. Апа сіңілісінің сырын бөліспейді. Туған-туыс бір-біріне шақырусыз бармайды. Туысыңның тойға әкелгенін сынайтын болдық. Ал, оның ыстық ықыласы керек емес. Тойхананың ақшасын өтейтіндерді тойға шақырамыз. Бұл сұмдық. Туыстан ақша артық. Әбден бүліндік. Бұрын ауыл болып, туыс-туған болып араласатын құндылықтан айырылдық. Ағайынды екі әкенің баласы бір-бірін танымайтын халге жеттік», дейді Тарихшы Тұрар Шәкен.

Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу қазіргі таңда өмір талабы және қоғамға қажеттілік. Ұлттық рух дегеніміз өзгенікіне қол созу емес, сайып келгенде өзіміздің санамыз, тарихи жадымыз.  

«Киімді жамасаң көрініп тұрады ғой. Бізге қазір шетелдің қаңсығын тықпалайтындар көп. Бірақ, ол бізге жабыспайды. Қанымызда жоқ нәрсе. Ән де бұзылды. Ұлттық бояуы қанық әндер аз. Әр ұлт өзінің болмысында тәрбиеленгенде ғана ұлт бола алады. Бізге басқаның керегі жоқ», деген ойымен бөлісті Тарихшы Тұрар Шәкен.

Рухымыз мықты болсын деген сөздің түп тамырын сезінетін түбірі мықты азаматты қалыптастыру, қоғамның іргетасы берік болуды діттеген мемлекет саясатының бір парасы. Осыны насихаттау саналы ұрпақтың парызы.  

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: