Мың жарым жылдық қарсылық

16 Қыркүйек 2014, 04:13

Айндар жапон аралдарына осыдан 7-8 мың жыл бұрын аяқ басқан. Ондаған ғасырлық жапон отаршылдығы бұл жауынгер, намысшыл, текті жұртты тығырыққа тіреп, ыдыратып жіберді.

Айн тілі

Бөбегім,  қазақ ел қорғаған батырларын жырға қосып мадақтап, ерлік даңқын ғасырдан ғасырға жеткізген ғой. Бұл халық та эпикалық жыр мен аңыз, дастанға бай. Әдеби мұрасы ауыздан ауызға тарап, тарихтың өне бойында  халық рухын көтеруге қалтқысыз қызмет еткен.  Әңгіме – мың жарым жыл бойы жапон басқыншылығына қарсы күрескен айндар  туралы.  Адамзат тарихында  жат елдің  басқыншылығына ержүректікпен осыншама ұзақ уақыт төтеп берген халық жоқ-ау, сірә.

Айндар жапон аралдарына осыдан 7-8 мың жыл бұрын аяқ басқан. Ондаған ғасырлық  жапон отаршылдығы бұл жауынгер, намысшыл, текті жұртты  тығырыққа тіреп,  ыдыратып жіберді.  20-ғасырдың басында айн халқы жерінен түгелдей айырылды.   Жерінен айырылған айндар туған тілінен, ділінен  өз еркімен  бас тартуға мәжбүр болды. Бұған себеп, жапон билігінің айндарды  «жабайы, бұратана» деп қаралап, оларды қоғам өмірінің барлық саласынан аластата бастауы еді.  Әлеуметтік қыспақта қалған айндар жаппай жапондана бастады. Қарапайым тіршілік, тірі қалу сынды мәселелер айндық ел болып қалу мұратын күл қылды.     Айндардың басым көпшілігі өздерінің шығу тегін жасырып, күнкөріс үшін жапондық салт пен санаға бас ұрды. Мәдени, рухани мұрасынан теріс айналды.  Сол кездегі санақ нәтижелері айндар санының күрт төмендегенін көрсетті. Олардың саны бір ғасырдың ішінде  небәрі  30  мыңға жетер-жетпес  қалғаны расталды.  Ал осылардың ішінде, ресми деректерге сүйенсек, 15-і ғана  туған тілін біледі. Бейресми деректер, олардың саны 900-ге жуық дейді.

Айн – жойылудың аз алдында тұрған тілдердің санатына жатады.   Ол ресми түрде   1920 жылы  қолданыстан шықты. Бүгінде айндар түгелдей дерлік  жапон тілінде сөйлейді.

1990 жылдары айн тілін қайта жандандыруды көздеген бұқаралық сілкініс туды. Оның көш басында айн халқының өкілі Каяно Сигэру тұрды. Дәл осы қайраткердің жанқиярлығы  арқасында Жапонияда айн тіліндегі газет жарық көрді. Әуе толқынынан радиобағдарлама жүйелі түрде тарала бастады. Әу баста эфирге Сигэрудің өзі шығып тұрды. Бұған қоса, ол туған жері Нибутани қаласынан айн мәдениетінің мұражайын ашты. Айн халқы хақында жүзге жуық  кітап жазды. Бір сөзбен айтсам, айн халқының   өз тамырына бет бұрып, ана тілін меңгере бастауына  Сигэру түрткі болды. Ең бастысы,  бұл халық «мен айнмын» деуден  намыстанбайтын,  өз шығу тегінен жерінбейтін күйге  жетті. Ал қайраткер Каяно Сигэру 1994 жылы Парламент сайлауына түсіп, жапон тарихындағы тегі айн тұңғыш депутат болып сайланды.  Саясаткер Жапон Парламентінің  айн халқы мен оның мәдениеті туралы заң қабылдауына ықпал етті. Әйтсе де, жапон билігі айндарды өз алдына аз ұлт деп ресми түрде тек 2008 жылы таныды. Өкініштісі, Сигэру бұл күнге жеткен жоқ. Ол 2006 жылы дүние салды.

Бөбегім, Каяно Сигэрудің ұлы Сиро да туған тілін жетік білмейді. Ата-анасының өмірлік мұратына, сеніміне  адалдық таныту – перзенттік борыш болса керек...

Бөлісу: