Музыканың ғылыми дәлелденген 6 пайдасы

23 Қыркүйек 2019, 12:22 8075

Музыкасыз өмір қателік болар еді. (Фридрих Ницше)

Музыка – әлемнің ортақ тілі. «Басқа бір де бір ақпарат беру тәсілі – тілдік, жастық, ұлттық кедергіні музыка секілді аттап өте алған жоқ», – дейді Николай Маслов. Алайда, осындай құдірет турасында көп нәрсе білеміз бе?

Заманауи ғалымдар музыка тек өнер емес, біздің санамызға, денемізге, ағзамызға әсер етуші ұлы күш деп есептейді. Нейробиолог, музыкант және жазушы Дэниел Левитин (Daniel Levitin) өзінің «This Is Your Brain on Music» кітабында музыканы оқып-тану мен түсінудің маңыздылығы жөнінде былай дейді:

– Біз бұл өнерді түсінген сайын, өзімізді – қорқынышымызды, талап-тілегімізді, тіпті іс-қимылымызды толық түсіне бастаймыз!

Музыка ақылды ете түседі

Музыка бас мидың әр түрлі бөліктерін белсенді ететіндіктен, мәтін мен ән сарынын тез есте сақтап қаламыз. Мелодиялар мен ырғақтар әр түрлі эмоция шақыруға қабілетті. Оның үстіне, музыка бас-ми жарақаты кезінде мидің функцияларын қалыпқа келтіруге көмектеседі.

Бір зерттеме көрсеткендей, музыканы оқып-тани түсу бейсезімдік (невербальный) ойлау жүйесін қалыпты дамуға итермелейді. News in Health басылымына сұхбат берген Гарвард медицина мектебінің невропатологы Готфрид Шлауг (Gottfried Schlaug) музыкантшылардың жүйке жүйесі музыкамен байланысы жоқ жай адамдардан әлдеқайда ерекшеленетінін айтады.

Музыка жазу барысында адамның бас миының әртүрлі – есту, көру, тіпті моторлы бөлімдері белсенділігін арттырады. Сондықтан музыка жазу жүйке бұзылыстарын емдейтін бірден бір тәсіл, дейді Готфрид Шлауг.

Ескертпе: Әрине math metal жанрындағы музыка жоғары математика емтиханына дайындалу кезінде көмекке келеді деу қиындау. Кейбіреулерге бұндай кезде авангарлы немесе black metal-дың пайдасы тиюі мүмкін.

Мұңлы әндер көңіл көтереді

Frontiers in Psychology журналында жарияланған зерттемеде мұңлы әндердің біз ойлағандай кері әсері болмайтыны айтылады. Ғалымдар ондай тректер екі түрлі эмоция (танымдық және сынамалы) шақырады дейді. Тәжірибеге қатысқан бірнеше жүздеген адам мұңлы музыканы тыңдағанда депрессияға түспей, керісінше көңіл-күйлері көтеріліп, өздерін жақсы сезінген екен. Расымен, солай ма?

Музыка емдейді

Дон Кент (Dawn Kent) «Музыканың адам денесі мен санасына әсері» (The Effect of Music on the Human Body and Mind) атты еңбегінде осы бір өнер түрінің адамның физикалық жағдайына әсері жөнінде бірнеше дәлелдер келтіреді. Мәселен, Платон музыканы мазасыздық күйге ем ретінде пайдалануды ұсынса, Аристотель бұл көркемөнерді тұрақсыз эмоционалды ахуалдан арылудың бір тәсілі деп білген.

Музыка көптеген биологиялық үдерістерге физиологиялық ықпал етеді. Ол шаршауды басып, ырғақты өзгертіп, тыныс алуды теңестіріп, қысымды қалыпқа келтіріп, психогальваникалық эффект береді, дейді Дон Кент.

Мишель Лефеврдің (Michelle Lefevre) 2004 жылы «Дыбыспен ойнау: балалармен байланыс кезінде музыканы терапевтикалық мақсатта пайдалану» (Playing With Sound: The Therapeutic Use of Music in Direct Work With Children) атты еңбегі жарияланған еді. Лефеврдің зерттеуі бойынша  жоғары жиілікті дыбыстар паниканы шақырып,  мазасыздықты арттыруы мүмкін екен.

Айтпақшы, Моцарт эффектісі жөнінде естіген боларсыз? Яғни, Сонатаның екі фортепианоға арналған  ре мажорды (K. 448) тыңдау көптеген науқастарды эпилепсиялық талмаға апарады екен. Тіпті, комада жатқандардың өздеріне әсер етеді.

Музыка махаббат қарым-қатынасына да жақсы әсер етеді

Клиникалық психолог және отбасылық кеңесші Кертис Леванның (Curtis Levang) жүргізген зерттемесінде музыка либидоны өсіретінін айтады. Уролог Й. Марк Хон (Y. Mark Hong) музыка ең мықты эмоционалды сезімдерге жетелейді дейді.

Музыканың көмегімен қандағы серотонин деңгейін көтеріп, кейбір ауру түрлерінен айығуға болады екен. Тіпті бұл өнер түрі таныстық кездесулерде де жақсы нәтиже көрсеткен: француздар жүргізген зерттеуде романтикалық композияцияларды тыңдап жүрген жалғызбасты әйелдер, басқа жанрдағы ән тыңдаушы отбасысыз нәзікжандылармен салыстырғанда өз нөмерлерін көбірек беріпті.

Музыка физикалық жүктеме кезінде көмекке келеді

Музыка физикалық жүктеме кезінде шыдамдылықты арттырып, ресурсты оңтайлы жұмсауға септігін тигізеді. «Спортпен айналысамыз: тиімді жаттығуларға арналған музыка психологиясы» (Let’s Get Physical: The Psychology of Effective Workout Music) атты зерттеу жұмысында музыка тыңдап велосипед айдаған адам, музыкасыз қос доңғалақты тебумен салыстырғанда 7% оттекті аз жұмсаған.

Әндегі дыбыстың соғу жиілігі кейбір сәттері жақсы мотивация да берген. Бірақ, ең жоғары жиілік минутына 145-тен аспауы керек, ол шектен асқан жағдайда оның пайдасы 0-ге тең. Сондықтан болар, фитнес залдарында көпшілігі құлаққап киіп, әсем әуенге елітіп,  жаттығуға құмар.

Spotify интернет-сервисі Spotify Running атты жаңа бағдарлама ұсынған. Онда сервис жүгірушінің қарқынын қадағалай отырып, дыбыс жиілігіне байланысты музыкалар ұсынып отырады.

Душта ән айту пайдалы

Бұл сөзімізді дәрігер Джерри Салиман (Jerry Saliman) дәлелдей түседі. Оның сөзінше, жуыну кезінде дауыстап ән айту, әсіресе егде жастағылар үшін өте пайдалы. Ол афазиядан зардап шегушңлер мен Паркинсон ауруына шалдыққандардың ми жұмысын жақсарта түседі. Онымен қоса, ән салу тыныс алу жүйесіне оң әсер етіп, демікпені төмендетеді.

Ал сіздер музыканың қандай пайдасын білесіздер?

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: