"Музарт" әндеріне сөз жазған ақынның жаңа жыр жинағы жарық көрді

2 Наурыз, 09:18 800

Ақтауда Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі Анар Шамшадинованың «Сен келерсің бір күні» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia. kz сайтына сілтеме жасап. 

Кітап тұсаукесеріне Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан сынды қонақтар құрметті қонақтар және де  Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова келіп, арнайы қатысты. 

Көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту мерекесімен тұспа-тұс келген кітаптың тұсаукесері құтты болсын.  Бүкіл Қазақстанға танымал Анардай ақынды дүниеге әкелген ата-анасына алғысымызды білдіреміз. Поэзияңдағы нәзіктік өз бойыңыздан да табылады Журналист зейнетке шықса да, ақын зейнетке шықпайды деген тәмсіл бар. Сол айтпақшы, шабытыңыз өрлей берсін, жақсы шығармашылық кештеріңіз көп болсын, - деді МО әкімінің орынбасары Звира Есбергенова.

 Кеш тізгінін өңірімізге белгілі ақын, журналист, Қазақстан жазушылар Одағының Маңғыстау облыстық  филиалының директоры Әнуарбек Бимағамбет ұстады.  

Анар жүрегімен жыр жазып ғана қоймайды. Осы Маңғыстау өңірінің жүрегі саналатын  Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында қызмет етеді.  Яғни, Анар – энергетик ақын, - деді ақын Әнуарбек Бимағамбет кеш иесі мен көрермендердің көңілін көтеріп. 

Жиында  сөз сөйлеген ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан жаңа жарық көрген жыр жинағына құттықтау тілегін айтты.

Ең әуелі бүгінгі Алғыс айту мерекесі оң болсын! Анар, жаңа кітабыңыздың тұсаукесері құтты болсын! Шығармашылық табыс тілейміз! Анар Алматыда өте өжет қыз еді, Маңғыстаудағы қалың Адайдың кешіне келіп, басылып қалғандай көрінеді. Алматыда оқып жүргенде ұлымызды да, қызымызды да бір шыбықпен айдап, қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді алатын. Қазір үндемей, ақырын ғана көлеңкеде өсіп жатқан гүл секілді. Жә, қалжыңдаймын, Анар! Өзіңе деген тілек-ниетіміз бөлек. Тек аман-саулығыңды тілеймін!, - деді Жанарбек Әшімжан. 

Алматыдан қаласынан келіп, кешке арнайы қатысқан Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов Анар қарындасына поэзияда Фариза Оңғарсынова апасының жолын тіледі. 

Абылдың, Қашағанның, Сүгірдің, Нұрым мен Мұрынның туған топырағында ділмарсып, поэзия туралы көп айтпай-ақ қояйын. Топырақ қалай жаратылса, өлең мен жыр да солай жаратылған деп ойлаймын. Анар қарындасымыздың кітабын шығарып алып келдік. Бұл өзі жеке жоба. Дәл осындай форматпен жазушы Әбіш Кекілбайұлының 20 томдығы, Светқали Нұржанның 2 томдығы шықты. Ал Анардың кітабы – баспадан шығып тұрған үшінші том. Мен қай жерде жүрсем де, бөлекше айтатын адамым бар. Ол – ақын Фариза Оңғарсынова. Апамыздың соңынан ерген ақын қыздар көп. Әйтсе де, апамыздың беделіне ешкім жете алмай келе жатыр. Сол беделге Амангелдінің қызы Анар жетеді ғой деп ойлаймын. Кітабыңның ішінде қазақтың жаны жайсаң, жүрегі ояу адамдарына керек көптеген өлеңдер бар. Сол үшін сізге ризамыз!  Қазір қазақтың басшысы да, қосшысы да дұрысталып келе жатыр. Тек бізге жетіспейтін нәрсе адамдардың бір-біріне деген ниеті мен алғысы. Бүгінгі күнді де сол үшін жасап қойған болуы қажет. Өзіңнің жақсы көретін адамыңа бір күн болса да рақметіңді білдіруге татиды ғой. Бүгінгі кітаптың ғұмыры ұзақ болғай!, - деп, ақын қарындасы Анарға аяулы тілегін айтты Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: