Мұстақым Малдыбаевтың зиратының басына ескерткіш тақта қойылды

1 Маусым 2023, 09:40 812

Қарқаралы ауданында 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, екі күн бойы маңызды шаралар өтті, деп хабарлайды EL.KZ ақпараттық агенттігі.

Алдымен алаштың арысы, ақын, ағартушы ұстаз, өткен ғасыр басындағы ұлт-азаттық күрестің елеулі өкілі Мұстақым Малдыбаевтың зиратының басына ескерткіш тақта қойылды. Ауданға қарасты Мәди ауылдық округі Сарықияқ қыстағында мәңгілік тыныс тапқан алаш қайраткерінің рухына тағзым жасап, тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шара ұлт руханиятының жанашырлары, журналистер, қоғам белсенділері, тыңнан сүрен салып жүрген жас ғалымдар қатысқаны шараның мәнін арттырды.

Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Бегманов Қасымхан Сейітханұлы,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Естенов Арасанбай Жексенұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облыстық мәслихат депутаты Жұмағұлов Айтпай Ботпайұлы,  ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы-журналист Ермек Балташұлы, «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикасындағы Міржақып Дулатұлының рөлін сомдаған актер, қоғам белсендісі Бақыт Қажыбаев, «Ақ жол» ҚДП-ның Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Әбілдин Ермек Төлеуұлы, Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры, алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман, «Qyr balasy» қоғамдық қорының негізін  салушы, алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбай, «Qazaqstan tarihy» интернет-жобасының жетекшісі, ақпарат саласының үздігі, жас ғалым Алтынбек Құмырзақұлы, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті филология факультетінің аға оқытушысы, PhD докторы Әділ Жакулаев, «Qyr balasy» қоғамдық қорының мүшесі, «Скифньюс» сайтының бас редакторы Бүркіт Нұрасыл, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, жас ғалым Әділет Жағыпар, «Qyr balasy» қоғамдық қорының жас ғалымдары Нүркен Нәрікбай және Махаббат Бельгибаевалар арнайы келіп, алаш ардақтысының рухына тағзым етті. 

Алаштың азаттығы жолын арпалысып, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған абзал азаматтың жалынды өмірі мен шығармашылық мұрасы жайлы толғамды пікірлер айтылды.

Алаш қайраткерінің рухына құран бағышталып, Мұстақым Малдыбаевтың ұрпағы Мұрат Аранбеков сөз сөйлеп, осындай игілікті шараны қолға алған барша қауымға ризашылығын білдірді.

Осы игілікті шара бүгін Қарқаралы қаласы «Алаш арыстары» ескерткішінің басында өткен жиынмен жалғасты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында ашаршылық пен қуғын-сүргіннің зардабын тартқан барлық құрбандардың рухына тағзым жасалып, алаш арыстарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ақын Қасымхан Бегманов пен алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман сөз сөйлеп, қазақ тарихындағы зауалды кезеңнің ауыртпашылығы мен зардаптары туралы ой қозғады.

Бұдан кейін келген мәртебелі қонақтар Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінде өткен «Қарқаралы – алаштың алтын бесігі» атты дөңгелек үстелде бас қосты.

Шараға қала тұрғындары және ардагерлермен қоса, репрессия жылдарының құрбаны болған Байжұманов Іңкәрбек атамыздың қызы, еңбек ардагері, зейнеткер ұстаз Байжұманова Рымкүл Іңкәрбекқызы арнайы қатысты.

Алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай сөз тізгініне ие болып, Мұстақым Малдыбаевқа арналған кітаптың тұсаукесері өтті. «Қыр баласы» қоғамдық қоры атынан бірнеше үздік оқушыға шәкіртақы табыс етілді.

Жалпы алғанда, ауданда аталмыш қаралы күннің кең көлемде аталып өтуі өңір өміріндегі елеулі де тарихи шараның бірі болды деуге әбден болады. Қарқаралы - алаш азаматтарының тізе қосып, қазақтың азаттығы үшін қасиетті күресті бастаған мекені, азаттық ойдың қанаттанған ордасы. Ұлтын сүйгені үшін, халқына қалтқысыз қызмет қылғаны үшін қаншама ұлт мақтаныштары қуғын көрді. Миллиондаған адам ашаршылықтың тауқыметін тартты. Халқымыз жазықсыз жапа шекті. Біз тарихтың бұл қаралы беттерін еш уақытта жадымыздан шығармаймыз. Алаш ардақтылары мен саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету – баршамыздың қастерлі парызымыз.

Олжас Сәндібек
Бөлісу: