Мұстафа Шоқай – қазақ журналистикасының негізін қалаушы

9 Қыркүйек 2017, 18:57 5999

Ұлттық элитаның арасында Мұстафа Шоқайдың алар орны

Шоқай 1921 жылдың жазында Парижге барғаннан кейін Түркістанның саяси және экономикалық жағдайы туралы мақала жазуды жалғастырды. Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз және ағылшын тілдерінде әртүрлі газет-журналдарда жарияланды. Шоқай орыс тіліндегі мақалаларын, бұдан бұрын жан-жақты айтылып өткеніндей, босқын орыс лидерлері Керенскийдің «Дни» және Милюковтың «Последние новости» газеттерінде жариялады.

Мұстафа Берлиндегі «Яш Түркістан» журналын Парижде тұрып басқарудың кейбір қолайсыздықтар тудыратынын жасырмайды. «Мен бұл істі өзімнің тұрақты мекеніме орай ауыстырғым келіп еді, бірақ ол өте қымбатқа түсетін болды. Астананың (Париж) өзінде дұрыс баспахана да жоқ. Алыстан басқарудың қолайсыздығы істің техникалық жағына емес, қоғамдық-саяси жағына байланысты»,- дейді ол. Мұстафаны әсіресе іс барысында бірге талқылауды қажет ететін мәселелер мазалайды. Барлық мәселені сұхбаттаса отырып, аөыл кеңес беру арқылы шешуге жүгінудің өзі Мұстафаның елден жырақта жүрген адамдардың психологиясын есепке алуынан туындайды. Мұстафа эмиграция жағдайында жұмыс істеудің өз ерекшеліктері барлығын, өмірде өкінішке ұшыраған адамдардың қандай нәрсенің де себептерін сыртқы факторлардан іздеуге бейім тұратындығын, жай уақытта ешбір дау-дамайсыз қабылданатын нәрсенің өзі шет жерде жүргенде басқа қырынан көрінетіндігін айтады. Сонымен бірге М. Шоқай «Яш Түркістандағы» серіктестіктеріне пікір мен шешім арасындағы айырмашылықты аңғармаушылықтың, тек өз пікірі негізінде шешім қабылдаудың қауіптілігін ескертеді. Кемшіліктерді жасырмай, дер уақытында түзетуге тырысушылық та Мұстафаның жұмыс істеу стилінің бір қырын танытады. Парижде тұрғанына қарамастан, М. Шоқай журналдың әрбір санын өз бақылауынан өткізеді, бас мақаланы да өзі жазады. Берлинге барып келіп тұруымен бірге, басылымның әрбір санының корректураларын пошта арқылы алдырып тұрады. Журнал материалдарының терең мағыналы болуына, сан-салалы тақырыптарды қамтуына Мұстафаның білімдарлығы, бірнеше тілді жетік меңгергендігі көп көмектеседі. Оның мақалаларының публицистикалық уыттылығы нақтылығымен, бұлтартпас қисындылығымен, дәлелділігімен ұштасып жатады. Кеңес Одағы журналдары мен газеттерінде басылған ресми материалдарды пайымдау, жүйелеу арқылы большевиктік жүйеге адам құқығы, демократия мен ұлт бостандығы секілді адамзаттық құндылықтардың жат екендігі жөнінде қорытындылар жасап, әлем жұртшылығына түрік халықтарының тәуелсіздік үшін күресінің заңдылығын, әділеттілігін ұғындырады.

М. Шоқайдың «Яш Түркістанда» жарық көрген еңбектерінің өзегін Түркістанның Кеңес Одағынан бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құру мәселесі құрайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін ел егемендігін көздің қарашығындай сақтауды, «отарлық ауруына шалдыққан» халықтың ана тілін, мәдениеті мен тарихын қалпына келтіруді, сыртқы саясатта барлық елдермен тең құқылы қарым-қатынас орнатуды, өзгемен «шексіз достықтың» опа бермейтіндігін өсиет етіп қалдырды.

1935 жылдың 25 желтоқсанында Берлинде тұрып жатқан ескі танысы Мансұр деген азаматқа жазған хатында журналдың алдына қойған мақсаты жөнінде «Біз диктатураға қарсы күресімізді өткен өмір үшін емес, болашағымыз үшін жүргіземіз» деуі бүгінгі күннің шындықтарымен астасып жатыр.«Яш Түркістан» біраз елдердің кітапхана қорларына алынды. 1937 жылдың 27 қарашасында Римнен (Италия) Шығыстану институтының қызметкері доктор Энрико Инсабато «Яш Түркістан» журналын жіберіп тұруды сұраса, 1938 жылдың 29 шілдесінде олардың коллекциясында журналдың кейбір сандарының жоқтығын еске салады.Журнал Польшаның Шығыс институтына, Лондондағы Мемлекеттік кітапханаға, кейбір араб елдеріне де жіберіліп тұрады. «Яш Түркістан» Америка Құрама Штаттарының кітапханаларынан да орын алады. 1936 жылдың 10 қаңтарында Стэнфорд университеті жанындағы Гувер институтының ғылыми қызметкері Н.Н. Головин М. Шоқайға осы институт кітапханасындағы «Яш Түркістан» журналының коллекциясын толықтыруды сұрап хат жазады. М. Шоқайдың «Түркістанда» (1931, маусым)деген мақаласында журналдың Орта Азия республикаларына да енгендігі көрсетіледі. Мұны 1932 жылдың 13 қаңтарында «Правда Востока» (Ташкент) газетінде жарияланған мақала да дәлелдейді. «Яш Түркістан» маңызды дереккөз ретінде саналып, салиқалы Еуропа газеттері мен журналдарының сеніміне ие болады. Оған Францияның Сыртқы істер министрлігінің бюллетені «Asiatique Revue», Германияның «Ost Europa» журналы сілтеме жасайды. «Остойропа» (Берлин) журналы «Яш Түркістанның» 1931 жылғы 31 нөміріндегі бас мақаланы неміс тіліне аударып басады [48]. Кеңес Одағының Берлиндегі елшілігі журналдың жолын кесуге әрекеттенеді, онымен байланыс орнатқандардың соңына түседі. «Яш Түркістанның» барлығы 117 нөмірі жарық көрді. Журнал – жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуде баға жетпес қазына. Журнал 1939 жылы қыркүйек айында Германияның Польшаны жаулап алуына және ІІ дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты өз жұмысын тоқтатады. Басылым шын мәнінде ұлттық қозғалыстың жаршысына айналып, қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік халықтарының болашағы үшін ғаламат жұмыс істеді.

«Яш Түркістан»  журналын Шоқайдың бүкіл шығармашылық өмірінің ең көрнекті туындысы деп айта аламыз. Саясат пен баспасөзді Шоқайдың ең маңызды екі жұмысы екі жұмысы ретінде қарайтын болсақ, Қоқан автономиясын Шоқайдың саясат саласындағы, ал «Яш Түркістан» журналын баспасөз саласындағы ең маңызды еңбегі ретінде бағалауға болады. Александр Чульгин «Яш Түркістан» журналын Шоқай мен жолдастарының ғажайып деректі еңбегі ретінде жоғары бағалайды. Журнал тек Еуропада он жылдай ұзақ уақыт шығып тұруымен ғана емес, сонымен қатар жариялаған мақалаларының өзектілігі, тұжырымдарының өткірлігімен де ерекшеленеді. Сондай-ақ, «Яш Түркістан» журналы Түркістанның саяси, экономикалық, әдеби және мәдени мәселелеріне терең талдаулар жасаған журнал ретінде де көзге түсті. Зерттеуші Тимур Қожаоғлы Түркістан баспасөзінің 126 жылдық тарихында «Яш Түркістан» журналының айрықша орын алатындығын көрсетеді. Оның пікірінше, бұл журнал 1870 жылдан 1990 жылға дейін жарияланған барлық газет-журналдар арасында Түркістанның әр ұлттың мүддесін әрі азаттық аңсарын нақты және батыл түрде көрсеткен баспасөз органы болып табылады. Журналда жарияланған кейбір мақалалар арадан талай жыл өтуіне қарамастан, құнын әлі жойған жоқ. 1929 жылы желтоқсан айында шыға бастаған журналдың 1939 жылға дейіе 117 саны жарық көрді. Журнал араб әріптерімен шағатай тілінде жарияланып тұрды. Шоқайдың өзі де «Яш Түркістан» журналына үлкен мән берді. Осы журналдың мақсаты туралы айтқысы келген М.Шоқай: «...егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарының мән-мағынасын сол күйінде күшін әлсіретпей «Яш Түркістан» беттерінде бере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және аса ауыр жауапкершілік артқан міндеттердің бір бөлігін өтеген болар едік. ...біз Отанымыздың ұлттық теңдікке ұмтылған жігерінен, жерлестеріміздің рухани тілектестігінен нәр аламыз...» Мұндай жігерлі сөздер ұлтын ерекше ұлықтаған, халқын жан-тәнімен сүйіп өткен абзал азаматтың ғана жүрек түкпірінен шығатынын мойындауымыз керек. Яғни,кеңестік биліктің тоталитарлық тәртібіне қарсы күрескер ретінде мойындатқан Мұстафа Шоқай кемел саясаткер ғана емес, сонымен бірге қарымды қаламгер, публицист, редактор, қазақ журналистикасының соның ішінде қазақ эмигранттық журналистикасының негізін қалаушылардың бірі.
 

Дана Мәулен
Бөлісу: