Мүшел жастың тылсымы неде

14 Желтоқсан 2023, 16:15 10813

Қазақ халқында «мүшел жас» деген ұғым бар. Оған ерекше мән берген. Адамның өміріне байланысты ананың құрсағындағы мерзімді есептеп, бірінші мүшелді 13 деп алған. Одан кейінгі мүшел жас әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырған.

Бұл мүшел жастың қандай қатері бар? Мүшел жас туралы не білу керек? Осы туралы этнограф Серік Ерғалидан, нумеролог Радмила Ескендірден сұрап көрдік.

Мүшел жас – қазақ халқының есептеу үлгісі. Мүшелден мүшелге өтерде тән мен жан өзгеріске ұшырып, тоқырау кезеңі болады деп сенген. Дәстүрлі дүние танымымызда 12 жыл сайын мүшел қайталанып отырады. Мүшелдің ішінде ең қауіпті кезең – 37 жас. Өйткені дәл осы жас – ең басты мүшел деп аталады. Жігіттік кезеңнен мосқалдау кезеңге өтіп, дүниеге қызыға қарайтын уақыты, өмірдің бел ортасы деген қазақ садақа беріп, мүшелден аман-есен өтуді сұраған.

Мүшел жасты қатерлі деп айту дұрыс емес. Бұл – бір кезеңнен екінші кезеңге өтетін өтпелі дәуір. Оған үлкен дайындықпен келу керек. Мәселен, 13 жас балалық кезеңнен 25 жас жігіттік шаққа өтеді. Жаңа бір белесті бағындырады. Жаңа кезеңге өткенде шамалы қиындығы болады ғой. Мәселен тоқсаныншы жылдары жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өткенде, қиындықтар болды. Сол сияқты жаңаның өзіне тән жаңалығы болады. Ал оған бірден дайын бола бермейміз. Бұл адамның өзіне есеп беретін уақыты. Осы бір мүшелді «қандай жақсылықтар жасадым? Не тындырдым?» деген сияқты сауалды өзіне қою керек. Мән-мағыналы өткізуге тырысу керек, - дейді этнограф.

Ол сондай-ақ қазақ әр мүшелге ат қойылған дейді.

Бірінші мүшел – 13 жас – ер жете бастау

Екінші мүшел – 25 жас – жігіттік жас

Үшінші мүшел – 37 жас – ақыл тоқтату

Төртінші мүшел – 49 жас – кемелдену

Бесінші мүшел – 61 жас – орта жас

Алтыншы мүшел – 73 жас – қарттық

Жетінші мүшел – 85 жас – кәрілік

Сегізінші мүшел – 97 жас – қалжырау

Тоғызыншы мүшел – 109 жас – шөпшек сүю

Оныншы мүшел – 121 жас – немене сүю

Мүшел жаста не істеу керек?

Этнограф қазіргі заманауи қазақтарда қалыптасқан киім тарату деген әдет-ғұрыптың бұрын да болғанын айтады. Бірақ тек киім тарату ғана емес, кез келген қайырымдылық түрі құпталады.

Бұрынғы кезде киім ең қымбат зат болды. Сол қымбат нәрсені беру арқылы біреуге сый-сияпат жасайсың. Қазіргі кезде қайырымдылық жасауға, азық-түлік таратуға, ет беруге болады. Ғаламдық деңгейдегі энергетикалық ілімдер бар. Олардың құпиясы әлі бізге ашылмаған. Оны қазіргі материалдық түсінікпен біз ұға алмаймыз. Бірақ осы ілімдерде де адамның 12 жыл сайын өмірі жаңа кезеңге өтіп отыратыны айтылады. Сондықтан ата-бабаларымыз қайырымдылық жасауға үндегені бекер емес, - дейді ол.

Этнограф айтқан энергетикалық ілімдерге қатысты сұрақты нумеролог Радмила Ескендірден сұрадық. Оның сөзінше, 12 жыл сайын адамның өмірінің жаңа кезеңі басталуы нумерологияда да бар екен.

Нумерология мүшел жас туралы ештеңе айтпайды. Бірақ нумерологияда адам өмірі 12 жылдық циклдарға бөлінеді. Туғаннан 12 жасқа дейін, 12-ден 24 жасқа дейін, 24-тен 36 жасқа, 36-дан 48 жасқа дейін, 48-ден 60 жасқа дейін, 60-тан 72 жасқа дейін. Нумерологияда 36 жас – адамның орта жасы. 36 жасқа дейін адам өмірінің бірінші кезеңі, 36 жастан кейін екінші кезеңі саналады. Осылайша адамның толық ғұмыры 72 жыл деп есептеледі. 72 жастан кейін жоғарыда айтқан циклдар қайтадан басталады. Мүшел жас деген қай жас? Қазір біреулер 36-37 деп, біреулер 37-38 деп шатасып жүр. Мүшел жас – 36 жас, яғни 36-да кіріп, 37-де шығады. Бұлай есептей алмасаңыз, онда былай есептеңіз: сіз тауық жылында туғансыз дейік, енді келесі айналып келетін әр тауық жылы сіздің мүшел жасыңыз. Жалпы мүшел жаста да, кібісе жылында туған адамдардың өмірінде де түсініп болмайтын құбылыс бар. Кібісе жылында туған кей адамдар зор жетістікке жетіп, адамзат тарихында аты қалса, кейбірінің тағдыры тіпті ауыр келеді екен. Мүшел жаста да солай, біреулерге жақсылық келе бастайды да, біреулер қиындыққа ұшырайды. Әзірге мұның сырын ашқан ешкім жоқ, - деді ол.

Мүшел жас қалай есептеледі?

Этнографтың сөзінше, 1 жас мүшелге кірмейді екен. Сәби 2 жастан бастап мүшелге кіреді.

Адам туғаннан кейінгі бір жас микро мүшел. Бір жасқа дейін адам баласы жер бетінікі болып есептелмейді. Сондықтан 1 жас мүшелге есептелмейді. 12 жылдан жалғаса береді. 1 жастан 2 жасқа кеткен кезде мүшел басталады. Әр адам өзінің туған жылында мүшелге кіреді. Мысалы тышқан жылында туған адам тышқан жылы айналып келгенде, мүшелге кіреді, - дейді этнограф.

Этнограф пен нумеролог мүшелдің адам түсініп болмайтын бір тылсымы бар екенін ескертеді. Бірақ қатерден қорықпай, қайырымдылық жасау кез келген жамандықтың алдын алады деп сендірді.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: