Қазақстан Үкімет басшысының орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Польшаның Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Михал Лабенданы қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Тараптар Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ ағымдағы жылғы биік және жоғары деңгейде жоспарланған екіжақты іс-шаралар кестесін талқылады.
Ведомство мәліметінше, Мұрат Нұртілеу поляк дипломатын Еуропалық одақ Кеңесіндегі Польшаның төрағалығымен құттықтап, осы төрағалық кезеңінде ұсынылған бастамаларды жүзеге асыруда сәттілік тіледі. Сонымен қатар ол екі мемлекет арасындағы жан-жақты және көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге Қазақстанның бейілділігін растады.
Өз кезегінде Михал Лабенда өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын атап өтіп, мәдени байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аудара отырып, екіжақты ынтымақтастықты барлық салаларда нығайтуға бағытталған белсенді жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша байланыстарды жалғастыруға келісті.
Айта кетсек, 2024 жылдың қаңтар-қараша кезеңінде Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 1,04 млрд АҚШ долларын құрады. Ал 2023 жылы 1,23 млрд долларға жетті. 2005 жылдан бастап Польшадан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 447,8 млн долларды құрады. Қазақстанда поляк капиталымен шамамен 140 компания жұмыс істейді.