Мұрат Нұртілеу Иран Президентінің қазасына орай көңіл айту жеделхатын жолдады

21 Мамыр, 01:38 970

Қазақстан Сыртқы істер министрі Иранның жоғары лауазымды тұлғалардың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұрат Нұртілеу орын алған тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің, Сыртқы істер министрі Хосейн Әмір-Абдоллахиянның және басқа да жоғары лауазымды тұлғалардың қаза болғаны туралы қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

Иран халқы саналы ғұмырын мемлекет мүддесінің мұқалмауына, азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға, Тегеранның халықаралық сахнадағы беделін арттыруға арнаған көрнекті қайраткерлерінен айырылды. Бауырлас Қазақстан мен Иран арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдау рухындағы қатынастарды нығайту ісіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың жарқын есімдері жадымызда мәңгі сақталады. Осы қиын сәтте қаза болғандардың отбасылары мен жақындарының, әрі достас Иран халқының орны толмас қайғыларына ортақтасып, Алладан сабырлық пен күш-қуат тілеймін, - деп жазылған жеделхатта.

Зарина Арман
Бөлісу: