Мұрат Нұртілеу БҰҰ-ның Бас хатшысымен кездесті

29 Қыркүйек, 19:01 342

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында тараптар БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясының назарында тұрған халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелері, сондай-ақ БҰҰ-ның ҚР мен өңірдегі қызметін, оның ішінде Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы тұрақты даму жөніндегі Өңірлік орталығын құру шеңберіндегі бастамасы талқыланды.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі еліміздің БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына адалдығын қайта растады және БҰҰ Бас хатшысын дүниежүзілік ұйымның жалпыға ортақ бейбітшілік пен өркендеу жолындағы қызметін толық қолдайтындығына сендірді.

Министр М.Нұртілеу сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары және елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар, атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған реформалар туралы хабардар етті.

БҰҰ Бас хатшысы Қазақстан мен жаһандық ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және адам құқықтарын қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Біз үшін Қазақстан жоғары дәрежелі серіктес, мультилатерализмнің тірегі, мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогтың жолсерігі. Сіздің еліңіз Орталық Азияның іргелі тірегі бола отырып, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір, – деді А.Гутерриш.

Мен БҰҰ бастамаларына тұрақты қолдау көрсеткені үшін, атап айтқанда, 2024 жылғы шілдеде ШЫҰ Саммитіне қатысу шеңберінде өзім барған Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанда орнықты даму жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құруды ілгерілеткені үшін еліңізге алғыс білдіргім келеді, – деп атап өтті БҰҰ Бас хатшысы.

Перизат Саденова
Бөлісу: