Мұрат Әуезов көпшіліктің есінде несімен қалды

15 Маусым, 12:34 687

14 маусым күні Мұхтар Әуезовтің ұлы, көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын асық», «Тарлан» сыйлығының лауреаты Мұрат Әуезов өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл қаңтарда 81 жасқа толған Мұрат Әуезов Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген. Әкесінің жолын қуып, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. «Времен связущая нит», «Иппокрен», «Уйти, чтобы вернуть» еңбектерінің авторы. Бірақ өзін Әуезовтей танымал тұлғаның баласы екенін тек мектепке барар шағында білгенін айтып еді.

Мәскеуде оқып жүргенде әкем ауруханаға түсті. Мен ол кезде студент болатынмын. Әкеме күнде барамын, ол кісі таксиге ақша беріп, күнделікті келіп тұруымды сұрайтын. Хаттар жазып тұрады, Кәмен Оразалинге хатын жазып, «туған жеріңді барып көріп қайтасың, сені қарсы алады олар» дейтін. Әкемнің соңғы хаты Кәмен Оразалинге арналған болатын, ол хаты тек Мұратқа емес, күллі казақ халқына аманат болғандай еді. Сол әкемнің жоспары бойынша туған жеріме барып, өз көзіммен бәрін көріп, достарымен сөйлесіп, болып жатқан жағдайды жазып келуім керек еді. Алайда операция жасалу сәтінде оянбады, – деген Мұрат Әуезов «Қазақстан» телеарнасының «Дара жол» бағдарламасына берген сұхбатында.

Мұрат Мұхтарұлы әкесінен ерте көз жазып қалса да, оның салған жолымен жүрді. Ол өз естеліктерінде әкесінің қашан да қолдау көрсеткенін, оның таңдауына құрметпен қарағанын да айтатын.

Мен астрофизика мен химиядан жақсы болдым. Осы сабақтардан олимпидаларға қатысып, арнайы кружоктарға барып жүретінмін. Атақты астрофизик пен академиктер әкемнің жақсы достары болған. Соларға мені тапсырып қойған екен. Осы астрофизика немесе химия саласында жүрсе көмек беріңдер деп. Бірақ мен есейе бастағанда әкем маған «сен дұрыстап ойланып көрші, қандай маман болғың келеді? Сен ендігі есейдің, ендігі мамандығың бойынша ойың қандай?» деді. Сол кезде ғана менің миым жетті. Сонда барып мен гуманитарлық саласын таңдайтынымды түсіндім, – деген Мұрат Әуезов.

Осылайша, Мұрат 16 жасында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтының қытай филологиясы факультетіне оқуға түседі. Кейіннен бұл білімі оның өзін әдебиетте ғана емес, дипломатия саласында да сынап көруіне септігін тигізді. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алған соң бірнеше жыл бойы (1992-1996 ж.ж) еліміздің Қытайдағы елшілігінде жұмыс атқарды.

Сонымен қатар оның 1963 жылы Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаевтармен бірге «Жас тұлпар» ұйымын құрып, еркіндік, әділдік жолында күрескенін де көпшілік жақсы біледі. Ол өзінің замандастарымен бірге қазақтың санасын оятуға, төл тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға үлес қосты.

Сонымен қатар өзінің еңбек жолында (1981-1987 жылдар) «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқа басшысы (1988-1990 жылдар), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің халық депутаттығына сайланып, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990 жылы), «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, Ұлттық кітапхананың бас директоры (2003-2006 жылдар) қызметтерін атқарды.

Одан қалды «Жас тұлпар» бейресми жастар қозғалысы мен «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды. Ұлы Жібек жолын зерттеу мен дамытуға қосқан үлесі үшін ЮНЕСКО-ның қола медалімен марапатталған.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: