«Мұқағали» фильмі халықаралық кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды

31 Қазан 2022, 12:23 1717

Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудияның баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстандық «Мұқағали» фильмі Дубайдағы Мeta Film Fest кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудияның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Байқау бағдарламасына «Мұқағали», «Ұлы дала таңы», «Ақын» және «Конокрады» атты төрт қазақстандық фильм таңдалған болатын.

Белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картинасы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді.

«Таспаның сценарийін белгілі қазақстандық жазушы Жүсіпбек Қорғасбек режиссер Болат Қалымбетов пен Ғазиз Насыров бірлесіп жазды. Фильм қазақстандық прокатқа 2021 жылдың 21 қазанында шыққан болатын.

Фильмнің әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті. Онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Биылғы жылдың наурыз айында өмірбаяндық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды. Жақында «Мұқағали» фильмі Қазан кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, фильм Гатчинадегі (Ресей) «Әдебиет және кино» Халықаралық кинофестивалінде қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтың үздік жұмысы үшін қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды», - деп хабарлады Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудияның баспасөз қызметі.

EL.KZ
Бөлісу: