Мұнайдан да бағалы су мәселесін дер кезінде шешуіміз керек – сенатор

1 Қыркүйек 2023, 15:15 1119

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған АЭС құрылысы мен су тапшылығының алдын алу мәселесі туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биылғы Жолдаудың ерекшелігі, өткен жылдан бері елімізде іске асқан саяси реформалардың әрі қарай тиімді жүргізу үшін экономикалық реформаларды қалай іске асыратындығымызға баса назар аударылып отыр. Мен депутаттық каникулымда авто көлікпен 5,5 мың шақырым жүріп, еліміздің үш облысын аралап қайттым. Аймақтардағы өзекті мәселелерді көзбен көрдім. Судың тапшылығы, жолдың жоқтығы оның ішіндегі ең өзектісі. Халық сұранысының негізгі бөлігіне осы Жолдауда жауап барын көріп қуанып отырмын. Ең бірінші кезекте, арнайы Су шаруашылығы мен Көлік министрлігі құптарлық. Ел экономикасы инфрақұрылымды дамытпай жүзеге аспайтындығын өмір көрсетіп отыр. Яғни ауыл-аймақтар мен облыстарымыздың барлығында инфрақұрылымды жақсартуымыз керек, - деді Жексенбай.

Сенатор су тапшылығынан зардап шегіп отырған халықтың мәселесін шешу маңызды екеніне тоқтала кетті.

Алғашқы депутаттық сауалым да су тапшылығы туралы болған еді. Тіпті елордалықтар да бұл мәселені сезінді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс кешенді жүргізілетіндігі, ғылыми негіздемелер де жасалатындығы маңызды. Қазақстан Орталық Азиядағы көршілерге тәуелді бірден бір мемлекет. Траншекаралық өзендер мәселесін халықаралық деңгейде шешуге арнайы Су шаруашылығы министрлігі болуының тиімділігі жоғары. Су тапшылығының алдын алу ел экономикасын көтеретін негізгі фактор. Мемлекет басшысы мұнайдан да бағалы судың мәселесіне дер кезінде назар аударып, нақты міндеттер жүктеп отыр деп ойлаймын, - деді депутат.

Сондай-ақ сенатор АЭС-тің құрылуына қатысты өтетін референдумның да маңызына тоқталды.

Атом электр станциясын салу референдум арқылы шешілетіні өте дұрыс шешім. Өйткені бұл қоғамда үлкен пікірталас болып жүрген тақырып. Өзім Түркиядағы «Аккую» атом электр станциясын салу барысын барып көрдім. Электр қуатынсыз экономика дамымайды. Сондықтан атом электр станциясы халыққа қажет не қажет еместігін дұрыс түсіндіру үшін және халықтың қалауын білу үшін референдум өткізу қажет деп ойлаймын, - деді Бибігүл Жексенбай.

Миражан Махан
Бөлісу: