Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік берген мекеме

16 Тамыз 2018, 13:50 9119

Өз мүмкіндігімізді өзіміз шектемейік...

 

Күнделікті өмірде аса мән бере бермейтін дүниелеріміз көп. Осының бірі қоқыс тастау мәдениеті. Қоқыс шелегімізді қарбыздың қабығына, судан босаған құтыға, басқа да керексіз қалдықтарға толтырып алып, қоқыс жәшігіне төге саламыз. Көбіміз "Пластик заттар үшін"  деген немесе "Шыны бөтелкелер үшін" деген ескертпелерге мән бермейміз. Біз үйімізді қоқыстан тазаладық. Ал, біз тастаған қоқысты кім тазалайды? 2019-жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде жаңа экологиялық норма енгізілмек. Соған сәйкес, тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға тек сұрыпталған күйінде шығарылуы тиіс. Яғни, пластиктер, шамдар, батарейлер, құрылыс материалдары мен басқа да қоқыстар жеке-жеке жиналуы  қажет. Мұндай жаңашылдыққа жауапты мекемелер мен компаниялар қаншалықты дайын? Қоғамдық орындарда қоқыс жәшігіне дейін жүруге ерініп, қағаз бен бөтелкелерді оңды-солды шашатын тұрғындардың бойында  қалдықты сұрыптап шығару мәдениетін қайтсек қалыптастырамыз? Осы оймен қалдықты сұрыптайтын, қайта өңдейтін зауытқа бас сұққан едік.

"Жалпы, бізге күніне 800 тоннадай  қоқыс келеді. Оны осы жерде сұрыптап іріктейміз. Ал, сіздердің қызығушылықтарыңызды тудырып отырған тұрмыстық техника қалдықтарын, яғни, біздің тілде "электролом" деп аталатын қалдықтарды қайта өңдеу жобасының ашылғанына 2 айдың ғана жүзі болды. Бұл жоба ойға келісімен іске асырып жатсақ мүмкіндігі  шектеулі жандарды жұмысқа тартамыз деп ойладық. "Саңыраулар қоғамымен" байланысқа шығып, бізде ашылатын жұмыс орындары жайлы хабарластық. "CleanTaxi" (бұл жоба жайлы алдағы материалдарымызда кеңінен сөз қозғаймыз) арқылы бізге келетін тұрмыстық техникалар цехын осылайша ашқан болатынбыз. Жалпы, бізге келетін бұндай қалдықтар жобалап алғанда күніне 400-500 кг шамасында. Қазір өздеріңіз барып өз көздеріңізбен көрерсіздер. Сіздерге ыңғайлы болуы үшін сурдоаудармашыны да шақырып қойдық" деп сөзін аяқтады "KazRecycleService" ЖШС бас директоры Сайқатов Жасұлан Қуанышұлы.

Жалпы, бұл цехта мүмкіндігі шектеулі 4 адам жұмыс істейді екен. Оның үшеуі "Саңыраулар қауымдастығы" арқылы келсе, біреуі жұмыс іздеп өзі келген екен. Біз барған кезде жан-тәндерімен жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың кейіптерінен-ақ бұл жұмыстың өздеріне ұнайтынын аңғаруға болатын еді.

"Бұл жұмыс өзіме қатты ұнайды. Біз секілді адамдардың жұмысқа тұруы көп жағдайда қиыншылықтар туғызады ғой. Бұған дейін нәпақамды әрбір жерден тауып жүрдім. Мәселен, мына жерге келердің алдында автокөлік жуу орталығында жұмыс істедім. Ол жердегі жұмыс уақыты бұл жерге қарағанда ұзағырақ және ол жақтағы жұмыс өте ауыр. Ал, алатын айлығым қазіргі табысымнан әлдеқайда төмен болды. Ол жақтың басшылығы бізге дәл осы жердегідей түсіністікпен қарамайтын. Бұл жақта адамның көңіліне қарап, еңбегіңді бағалайды.

Айлығым өз басыма жетіп артылады. Бәлкім, ата-анаммен тұрып жатқандығымнан да шығар. Жасым болса жиырма алтыға толды. Жақында үйленіп те қалармын. Сезімімді білдіріп, көңіл жарастырып жүрген қызым бар. Менімен бірге жұмыс істейтін әріптестерімнің барлығының отбасы бар. Олардан айлығым жетпей жатыр деген шағым естігенім жоқ. Соған қарағанда отбасы құрған күннің өзінде мен осы жұмсыммен отбасымды асырай аламын деген ойдамын. 

Дәл осы жұмысқа бағым жанып тұрып кеттім. Достарым маған қызыға қарайды. Басшыларыңа айтып бізді де жұмысқа алсаңдаршы деп өтініш білдіріп жатқандары да қаншама" дейді жұмысшылардың арасындағы ең жасы Дулат Түркібаев есімді азамат.

Ал, Шифнер Сергей "Бұл жұмыстың бізге ыңғайлы жағы көп. Жұмыс тоғызда басталып, кешкі алтыда аяқталады. Таңертең өз күшімізбен келеміз. Ал, кешкілік бізді жұмыстың автобусы үйімізге дейін апарып тастайды. Бұның өзі қалтаға артық күш салмау жағынан тамаша мүмкіндік" десе, Артықбаев Анарбек ағамыз "Тамақты асханадан ішуге не болмаса үйден әкеліп ішуге де болады. Осы жерден тамақтансаң ол айлығыңнан ұсталады. Бағалары да көңілге қонымды. Бүгінгі түскі асыма ақшаны қайдан табамын деген уайым бізде болмайды. Жұмыстан соң жуынып-шайынып алу мүмкіндігі де қарастырылып, өз шешімін тапқан" деп өз ойын қоса кетті.

Еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметі бөлімінің басшысы Фархат Санатұлының айтуынша бұл кісілерге күніне мынанша жұмыс істеңдер деп қойылатын талап жоқ. Өз мүмкіндіктері жеткенше жұмыс істейді. Себебі, әрбір тұрмыстық техниканы бұзу, оларды түрлі санаттарға бөліп топтастыру оңай шаруа емес. Болашақта тағы 2-3 адам алып қалулары мүмкін екендігін де айтып қалды. "Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар біз секілді адамдарға қарағанда жұмысына адал келеді. Қолдарында барын бағалай алады. Сіз оларға қандай сенім артсаңыз олар сол сеніммен шығу үшін қатты талпынады. Біз бұл кісілерге қолымыздан келгенше жағдайдың барлығын жасаймыз. Қыста цехтың жылы болуын, жұмысшылардың арнайы қысқы жұмыс киімдерінің болуын назарда ұстап отырмыз. Мәселен, бұл кісілер еңбек демалысына шығатын болса, алатын шартты отыз күндерінің үстіне тағы да қосымша күндер қосылады.

Біздің мекеме қайырымдылық шараларына қатты көңіл бөледі. Жылына он шақты мәрте әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларға, мүмкіндігі  шектеулі адамдарға қаржылай да, материалдық та көмектерді көрсетіп отырамыз. Біз қазір осы жерде іріктеген материалдарды түрлі мекемелер бізден алып қайта өңдейді. Әзірге тек отандық кәсіпкерлермен жұмыс жасап отырмыз. Мәселен, түрлі түсті металлдар қалдығын  қайта өңдеуді Теміртаудағы бір комбинатпен келісіп, қолға алып жатырмыз" дейді Фархат Санатұлы.

Мінекей, мүмкіндігі шектеулі жандарды өзектен теппей өзіне тарта білген мекемеде көрген-түйгеніміз осы.  Табиғатты аямайтын елден, табиғатты аялайтын елге айналу өз қолымызда.

 

 

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: