Мүмкіндігі шексіз параспортшылар

5 Қыркүйек, 16:20 770

Парижде 2024 жылғы жазғы паралимпиада ойындары басталды. Жарыста 22 спорт түрінен 4400-ден аса спортшы бақ сынауда. Ашылу салтанаты Париждың дәл ортасында дүркіреп өткен паралимпиада ойындарының тарихына үңіліп көрелік.

Айта кету керек, Париждегі паралимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан 44 спортшы қатысады. Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мұны "ел тарихындағы рекорд көрсеткіш" деп отыр. Париждегі паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы әзірге үш медаль еншіледі. Бүгінде қоржынымызда 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль бар. Мәселен, Давид Дегтяров пара пауэрлифтингтен чемпион атанды. Осылайша жерлесіміз 188 келі салмақты еңсеріп, екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды. Ол Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында да Давид Дегтяров 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иесі атанған еді. Ал Еркін Ғаббасов нысана көздеуден күміс жүлдені иеленді. Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан қола медальмен қанжыға майлады.

Осыған орай, бүгін Мемлекет басшысы паралимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревті құттықтаған еді.

Давид Дегтярев – пара пауэрлифтингтен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, "Құрмет" орденінің иегері.

Ал Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов - нысана көздеуден тәуелсіз Қазақстан тарихында ең алғаш медаль алған пара спортшы. Ол R1 және R3 санаты бойынша винтовкамен 10 метрге отырып нысана көздеуде сынға түсті. R1 санатында финалға дейін жетіп, екінші орын алса, аралас сайыстың R3 санатында 35-орыннан бір-ақ шықты.

Дастан Мұқашбеков ядро лақтырудан қола жүлдегер атанды. Ол өзінің ең үздік мүмкіндігінде ядроны 16 метрге лақтырып, қарсыластарын шаң қаптырды. 

Өкінішке орай волейболды отырып ойнау сайысында Қазақстан құрамасы Паралимпиаданың жартылай финалына шыға алмады. Жерлестеріміз Мысырдан 1:3 есебімен жеңілді. Бірінші сетте Қазақстан 21:25 есебімен жеңілді, екінші сетте 23:25 есебімен қарсыластың пайдасына аяқталды. Үшінші сетте Қазақстан құрамасы 25:16 есебімен жеңіске жетті. Алайда төртінші сетте Қазақстан 18:25 есебімен ұтылып, матч нәтижесінде 1:3 есебімен Мысырға есе жіберді.

Сондай-ақ бүгін қазақстандық пара жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали 2024 жылғы Паралимпиадада SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзу жарысында Азия рекордын орнатып, финалға өтті. Ол іріктеу кезеңінде белгіленген межені 1 минут 05,11 секундта жүзіп өтіп, мәреге бірінші келді. Нұрдәулет Жұмағали 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуден Токио-2020 Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алған еді. Отандасымызға сәттілік тілеп отырмыз.

Паралимпиадалық ойындардың тарихы

Паралимпиадалық ойындардың тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Ол алғашқыда мүмкіндігі шектеулі спортшылардың әлеуетін ашуға арналған халықаралық қозғалыс ретінде дамыған.

Ойындардың бастауы бірнеше маңызды кезеңнен тұрады:

1976 жылы Торонто қаласында өткен ойындарда алғаш рет мүгедектер арбасын пайдаланбайтын спортшылар қатысты. Сондай-ақ, осы жылы қысқы Паралимпиадалық ойындар басталған болатын. 1988 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен паралимпиададан бастап, паралимпиадалық және олимпиадалық ойындар бір қалада қатар ұйымдастырылып келеді. Бұл паралимпиада қозғалысы үшін маңызды кезең болды. Өйткені бұл мүгедектігі бар спортшыларға әлемдік деңгейде танылуға мүмкіндік берді.

Паралимпиада қозғалысының пайда болуы

Паралимпиада ойындары - спортшылардың халықаралық деңгейде қатысатын ең маңызды спорттық жарыстарының бірі. Бұл қозғалыс спорт арқылы денсаулығында кінараты бар адамдардың қоғамға интеграциялануына, олардың мүмкіндіктерін ашуға және өмір сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Паралимпиада ойындары - физикалық қабілетті ғана емес, рух пен жігерді де сынайтын бірегей жарыс. Аталмыш ойындардың тарихы күрделі кезеңдерден өтті. Мәселен, Паралимпиада ойындарының бастамасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңмен тығыз байланысты. Соғыстан кейін көптеген жауынгер ауыр жарақат алып, олардың өмірі мүгедектікпен жалғасты. Бұл оқиға дәрігерлер мен қоғамды мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын сақтауға және олардың әлеуетін қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлуге мәжбүрледі.

1940 жылдары Ұлыбританиядағы Сток-Мандевиль ауруханасында жұмыс істеген нейрохирург, профессор Людвиг Гуттман мүгедектер арбасын пайдаланатын жарақат алған ардагерлерге арналған спорттық жарыстарды ұйымдастыра бастады. Мақсаты арбаға таңылған жауынгерлердің өмірге деген құштарлығын ояту және физикалық қалпына келу процесін спорт арқылы жеделдету еді.

1948 жылы Гуттманның бастамасымен мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған алғашқы жарыс ұйымдастырылды. Бұл ойындар Олимпиадамен тұспа-тұс өткізіліп, тек арбада отырған жауынгерлерге арналған жергілікті жарыс болып қалыптасты. Бұл оқиға Паралимпиада қозғалысының бастауы деп есептеледі. Алғашқы Сток-Мандевиль ойындарына 16 жауынгер қатысқан.

Рим Паралимпиадасы: Халықаралық деңгейге көтерілу

1960 жылы Италияның Рим қаласында алғашқы халықаралық деңгейде мүгедектігі бар спортшыларға арналған жарыс өтті. Бұл оқиға Паралимпиаданың ресми түрде халықаралық спорттық шара ретінде қалыптасуына ықпал етті. Римдегі ойындарға 23 елден келген 400-ге жуық спортшы қатысты. Олар жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі және арбадағы баскетбол сияқты спорт түрлерінен бақ сынасты. Осыдан бастап Паралимпиада ойындары әр төрт жыл сайын Олимпиадамен қатар өткізілу дәстүрі қалыптаса бастады. 1964 жылы Токиода өткен екінші Паралимпиадада спорт түрлерінің саны артып, қатысушылардың деңгейі де жоғарылай бастады. Спортшылардың шеберлігі мен дайындық деңгейі жылдан-жылға жақсарып, Паралимпиадалық қозғалыс бүкіл әлемде үлкен қолдауға ие болды.

Қозғалыстың кеңеюі және даму кезеңі

1976 жылы Торонто қаласында өткен Паралимпиада маңызды өзгерістер әкелді. Осы уақытқа дейін ойындарға негізінен омыртқа жарақатын алған спортшылар ғана қатысқан еді. Бұл жолы ампутациясы бар, церебралды сал ауруына шалдыққан және басқа да физикалық мүгедектіктері бар спортшыларға да қатысуға рұқсат берілді. Бұл өзгеріс Паралимпиада қозғалысының инклюзивтілігін арттырып, оның шекарасын кеңейтті.

Алғашқы қысқы Паралимпиада ойындарының өтуі тағы бір маңызды оқиға болды. Қысқы спорт түрлері, әсіресе, шаңғы тебу және шанамен сырғанау, ойындардың қызықты және түрлі спорттық бағыттарын қамтыды. Қысқы Паралимпиада ойындары мүгедектігі бар спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бұл бағыттағы жарыстардың кеңінен танылуына себеп болды.

Паралимпиаданың Олимпиадамен қатар дамуы

1988 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Паралимпиаданың орны ерекше. Паралимпиада ойындары Олимпиада ойындарымен бір қалада және инфрақұрылымда өткізіле бастады. Осылайша, бүгінде Паралимпиада ойындары Олимпиада деңгейінде мойындалып, әлемдік спорттың ажырамас бөлігіне айналып отыр. Спортшылары жетістіктерімен әлемдік қоғамның назарын аударып, мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерінің шексіз екенін дәлелдей түсті.

Паралимпиада мен Олимпиаданы бір қалада өткізу бастамасы кейіннен тұрақты дәстүрге айналды.  Келесі ойындар да осы үлгі бойынша ұйымдастырылды. Бұл, өз кезегінде, Паралимпиадаға деген қызығушылықты арттырып, мүгедектігі бар спортшыларға арналған инфрақұрылымның жақсаруына әсер етті.

Қазіргі кездегі Паралимпиада ойындары

Қазіргі уақытта паралимпиада ойындары әлемдегі ең беделді және маңызды спорттық шаралардың бірі болып табылады. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың саны артып, спорттық мүмкіндіктері де кеңейе түсті. Ойындар спорттық сайыс қана емес, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдағы рөлін жақсартуға, олардың құқықтарын қорғауға арналған әлеуметтік қозғалыс ретінде де қызмет етеді.

Паралимпиада қозғалысы мүгедектігі бар адамдардың физикалық мүмкіндіктеріне ғана емес, олардың қоғамдағы орнына және әлеуметтенуіне үлкен мән береді. Спортшылар жарысқа қатысып қоймай, әлемге өздерінің күш-жігерін, табандылығын және мүмкіндіктерін көрсетеді. Бұл олардың өмірдегі қиындықтарды еңсеріп, жетістікке жетуге қабілетті екендігін дәлелдейді.

Паралимпиада ойындарының тарихы мүгедектігі бар адамдардың әлеуетін ашуға арналған маңызды қадамдардың біріне айналды. Людвиг Гуттманның бастамасымен құрылған бұл қозғалыс уақыт өте әлемдік деңгейде танылып, мүгедектігі бар спортшыларға тең мүмкіндіктер беретін платформаға айналды. Қазіргі уақытта паралимпиада спорттық жарыс қана емес, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың қоғамдағы рөлін нығайтуға арналған жаһандық қозғалыс ретінде бағаланады.

Бұл оқиғалар мүгедектігі бар адамдардың қоғамда маңызды орын алатынын және олардың мүмкіндіктері шексіз екенін дәлелдеп отыр. Паралимпиада қозғалысы алдағы уақытта да дамып, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғайтын және олардың қоғамдағы рөлін жақсартатын маңызды күш болып қала береді.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: