Мүгедектігі бар жандардың ақпаратқа қол жеткізу мәселесі талқыланды

24 Ақпан 2023, 17:56 1126

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырыс барысында мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қолжеткізу мәселесі талқыланды.

Жиынға қатысушылар Жарнама, Киноматография, Телерадио ақпарат тарату, Ақпаратқа қолжетімділік және Ақпараттандыру туралы бірнеше заңға өзгеріс енгізуді ұсынды. Себебі, мүгедектігі бар азаматтар қоғамда еркін өмір сүріп, олар үшін кез келген ақпарат қолжетімді болу керек.

Сондай-ақ заң жобасын талқылау барысында отандық телеарналарға  сурдоаударма мен субтитрді міндетті түрде қосу ұсынылды. 

«Өкінішке орай есту және көру қабілетінен айырылған азаматтар үшін еліміздегі мемлекеттік мекемелердің сайтындағы ақпарат қолжетімсіз. Егер қасында ақпаратты оқып беретін адам болмаса, олар өздігінен оқи алмайды. Бұл азаматтардың құқығын шектейді», - деді «Дара» орталығының өкілі Айгүл Табергенова.

Диджитал-инклюзия бойынша сарапшы Зият Әбдіқаймов қолжетімді цифрлық орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, халықаралық тәжірбиеде қолданылып жүрген жаңа технологияның жетістіктерін елімізге де енгізуді ұсынды.

«Ақпараттандыру туралы заңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қатысты ақпараттық қолжетімділік және ақпараттық қауіпсіздік туралы бап бар. Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, электронды Үкімет порталы мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімсіз. Сондықтан заңның осы бөлігі тереңірек талдауды, әлі де нақтылауды қажет етеді. Электронды ақпараттық ресурстарға қатысты, оның ішінде электронды құжаттардың қолжетімділігіне қатысты біршама мәселе бар», - деді  Зият Әбдіқаймов.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: