Әуе көлігі – бүгінде ең жылдам әрі сенімді көлік түрі. Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін ұшқыштармен бірге бортсеріктер де аянбай еңбек етеді. Бұл мамандық сырт көзге жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Осы орайда біз «Qazaq Air» әуекомпаниясының бортсерігі Сағи Тоқтамовпен сұхбаттасып, оның кәсібі туралы толығырақ білдік.
Сағи Тоқтамов Жаркент қаласының тумасы. Ол Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Алайда оның еңбек жолы педагогикамен емес, авиациямен байланысты болып шықты.
Бастапқыда авиация саласынан ешқандай хабарым да, қызығушылығым да болған жоқ. Студент кезімде бір топта бірге оқыған қыз түйіндемесін дайындап беруімді сұрады. Сол кезде бұл қандай жұмыс екенін біліп, өзім де қызығып кеттім. Сөйтсем, ол бір әуекомпанияға жұмысқа орналасқалы жатыр екен. Менің түйіндемемді де ала кетуін өтіндім. Осылай күтпеген жерден 2-курста оқып жүргенде авиацияға келдім, – дейді ол.
Ол бортсерік қызметін жас кезінде бастап, 2016 жылы белгілі бір себептермен жұмыстан шыққан. Кейіннен жеке ісімен айналысып, «Qazaq Air» әуекомпаниясы жаңадан ашылған уақытта қайтадан әуе саласына оралған.
Көпшілік бортсерік болуды сән көріп, оңай мамандық деп ойлайды. Алайда бұл жұмыстың өзіндік талаптары мен қиындықтары бар. Бортсеріктерді арнайы оқытатын жеке курстар жоқ, олар әуекомпаниялардың өзінде даярланады.
Әуекомпанияларда арнайы даярлық орталықтары бар. Сол жерде бізге барлық қажетті білім беріледі. Оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайларға дайын болу, жолаушылармен жұмыс істеу, алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты маңызды дағдыларды үйретеді, – дейді ол.
Әдетте бортсеріктер жұмыс барысында түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеді. Олардың ішінде жолаушылармен қарым-қатынас жасаудағы қиындықтар, ұшу кезінде болатын төтенше жағдайлар бар.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Біздің жұмыстағы қиындықтың көбі жолаушылардың кейбір шарттарды түсінбеуінен туындайды. Ондай кезде эмоцияға берілмей, мән-жайды толықтай анықтап, мәселені байыппен шешуге тырысамыз. Егер жолаушының әрекеті басқалардың қауіпсіздігіне немесе жайлылығына әсер етсе, құзырлы органдарға хабарласып, сол жолаушыны табыстаймыз, – дейді ол.
Турбуленттілік жағдайында да бортсеріктер нақты нұсқаулық бойынша әрекет етеді.
Қатты турбуленттік кезінде қызмет көрсету тоқтатылады, жолаушыларға орнында отырып, белдіктерін тағу қажеттігі ескертіледі, – деп түсіндіреді Сағи Тоқтамов.
Бортсеріктердің басты міндеті – жолаушыларға сапалы қызмет көрсету, оларды қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, қажет болған жағдайда көмектесу болып есептеледі.
Олардың жұмысы ай сайын алдын ала жоспарланады. Демалыс күндері заң бойынша беріледі, алайда ол кез кейде аптаның ортасына түсіп қалуы мүмкін. Сағидың айтуынша, әр рейске дайындық белгілі бір кезеңдерден тұрады.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Біз де жолаушылар сияқты әуежайға ерте келеміз. Алдымен кішігірім брифинг өткіземіз. Ол жерде ұшақ командирі рейс туралы маңызды ақпаратпен бөліседі. Содан кейін медициналық тексеруден өтеміз. Бұл бізді физикалық тұрғыда ұшуға жарамды ма, жоқ па, соны анықтау үшін қажет. Ұшаққа кірген соң, бөгде заттар жоқ па, апаттық құралдар орнында ма, барлығын мұқият тексереміз, – дейді кейіпкеріміз.
Әуе қызметкерлері үшін тұрақты іссапарлар жеке өмірге әсер ететіні сөзсіз. Десе де Сағи Тоқтамовтың отбасы оны үнемі қолдап отырады.
Мен үйленгенмін, бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Олар жұмысыма түсіністікпен қарайды. Қазір өздері де үйде көп отыра алмайтыныма үйреніп қалды, – дейді ол.
Сағи Тоқтамовтың сөзінше, бортсеріктер үшін мансаптық өсу мүмкіндігі бар.
Мансаптық жолмен өсуге жағдай жасалған. Мәселен, бастапқыда бортсерік болып, кейіннен жоғары лауазымға көтерілген әріптестеріміз жетерлік. Бәрі адамның өз құлшынысына байланысты. Егер қызметкер өзінің қабілетін көрсете білсе, компаниямыз әрқашан қолдауға дайын, – дейді ол.
Әуе компаниялары өз қызметкерлеріне бірқатар артықшылықтар береді.
Бізге және отбасымызға саяхаттауға жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар жұмысқа қатынауға арналған транспорт, толық медициналық сақтандыру бар, – деп атап өтті Сағи Тоқтамов.
Бортсерік болуды армандайтын жастарға Сағидың айтар кеңесі бар.
Менен көп адамдар інісі немесе қарындасын осы жұмысқа орналастыруды сұрайды. Бірақ бортсерік болу – үлкен жауапкершілік. Аспанда төтенше жағдай орын алса, сізді тек алғашқы оқу-жаттығу барысында алған біліміңіз ғана құтқарады. Ал бұл оқу ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан авиация саласына келуді ойлаған жастар ең алдымен тіл білуі керек және бұл мамандыққа шын мәнінде дайын болуы қажет, – дейді ол.
Сағи Тоқтамовтың пікірінше, қазіргі таңда жасанды интеллект дамығанымен, бортсеріктердің орнын басу оңай емес.
Қазір көп мамандық жойылу қаупінде. Бірақ адамдар арасындағы қарым-қатынасқа негізделген қызметтерге бұл әсер ете қоймайды. Адам сияқты әр сәтті бағалап, сараптап, дұрыс шешім қабылдай алатын технология жақында пайда болмайды, – дейді ол.
Болашақта ол өз саласында немесе басқа бағытта жаңа мүмкіндіктер іздеуге дайын екенін айтты.
Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Алға қойған жоспарларым көп, бірақ оны уақыт көрсетер. Әзірге барынша өз жұмысымнан ләззат алып жүрмін, – деп сөзін түйіндеді Сағи Тоқтамов.
Бортсерік мамандығы – сырттай қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнінде аса жауапты әрі қиын мамандық. Сағи Тоқтамовтың тәжірибесі бұл салада тек кәсіби дағдылар ғана емес, сабырлылық, қарым-қатынас мәдениеті және өз ісіне деген сүйіспеншілік маңызды екенін көрсетеді. Егер сіз де авиация саласына қызығатын болсаңыз, ең алдымен осы мамандықтың барлық қыр-сырын зерттеп, оған дайын болуыңыз керек.