«Мұғалімдіктен кран жүргізушісіне дейін». Ауыр техниканың тілін тапқан Зинеш

8 Наурыз, 16:45 5587

Металлургия саласы дегенде бірден көз алдымызға ерлер қауымы елестейді. Көзіміз үйренгендей, мұндай орындарда қолдары қарулы шымыр жігіттер ғана істейді. Десе де, өндірісте ер азаматтардан қалыспай, тер төгіп жүрген нәзік жандылар да баршылық. Солардың бірі – Зинеш Ердалина. El.kz ақпарат агенттігігің тілшісі еңбектің көрігін қыздырып жүрген жанмен тілдесіп, әңгіме өрбітті.

Бүгінде Зинеш 40-тан енді ғана асса да, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қайнаған тіршілігіне әбден үйреніп алған. Ауыр техниканың тілін тапқан ол зауыттағы ең басты және асқан дәлдікті талап ететін күрделі міндеттің бірін орындайды. Яғни, кранмен ауыр заттарды бір орыннан екінші жерге тасымалдайды.

Мен бірінші балхыту цехында кран машинисі болып жұмыс істеймін. Ыстық пештің ішінде балқытылған ауыр металды кранмен көтеріп, қалыпқа құямыз. Одан соң дайын болған металды вагонға тиейміз. Бізің жұмыста өте мұқият болу қажет. Қырағылық маңызды. Егер мұқият болмасаң, оқыс жағдай орын алуы әбден мүмкін, – дейді ол.

Бір қызығы, нәзік жанды ару алғашқы еңбек жолын Әйтеке би ауданына қарасты Белқопа орта мектебінде бастауыш мұғалімі болып батаған екен. Кейіннен мұғалімдік жұмыстан кетіп, бірден зауытқа орналасады.

1999 жылы Павлодар қаласының педколледжінде бастауыш мұғалімі мамандығында білім алып, оқу орынды тәмамдадым. Сол жылдары мұғалімдік жұмыс сұранысқа ие болатын. Бітіре салған бетте, дипломымды алып ауылға тарттым. Өз ауылымда екі-үш жылға жуық еңбек еттім. Одан кейін зауытқа жұмысқа орналастым, – дейді Зинеш.

Міне, осы сәттен бастап оның қызыққа толы еңбегі мен өмір жолы кәсіпорынмен тоғысады. Зинеш еңбек ететін бригадада 10 шақты нәзік жанды бар. Олардың барлығы өз жұмысын жетік біледі. Сондай-ақ, ол әр ауысымға келген сайын ойында «адам өмірі» деген бір-ақ нәрсе тұратынын айтты.

Ауыр металдарды түсіріп-көтеретін кранды басқару оңай іс емес. Әсіресе, әйел адамның дәл осы қызметті жауапкершілікпен алып жүруі құрметке лайық. Зауытта кран жүргізушісі болып қызмет етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтапты.

Бұл қызметте тынбай еңбек етіп жүргеніме көзді-ашып жұмғанша 20-шы жыл болыпты. Жұмысым өзіме ұнайды, яғни, өте қуанамын. Қиындығы да бар. Жұмыс оңай емес. Төзіммен қараймыз. Жауапкершілік өте жоғары. Таң сәріден бастап техниканы тексеріп, майын құйып, тростарын қарап, іске кірісеміз. Мойымай ауырлығы мен қиындығына төзіп келемін. Жұмыс кезінде куанған күнім де, жылаған кезім де болды. Бастапқы кезде қиналдым. Ал қазір ештеңеден қиналмаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, жұмыстың сапалы істелуіне атсалысып қана қоймай, бұл саланы өмірінің бір бөлшегіне айналдырды. Жүзінен нұры төгілген Зинешке қарап, оның мұндай аса жауапты істің иесі екенін бірі білсе, бірі білмес.

Жолдасым да зауытта істейді. Бір ұлым, екі қызым бар. Үлкен қызым 8-сыныпта оқиды. Екіншісі ұлым 2-сыныпта, ал кенже қызым балабақшаға барады, – дейді ол.

Бүгінде жаны нәзік бола тұра, осындай ауыр қызметпен бірге отбасын да асырап отыр. Барлығына үлгеріп, тіпті бала-шағасы мен жолдасының көңілін табуға да уақыт табады. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: