Мұғалімдерді өзіне міндеттелмеген жұмысқа тарту әлі бар

1 Ақпан 2023, 19:30 2568

Бүгінгі мұғалімнің міндеті мен атқаратын миссиясы қандай және ақпарат дәуірі дамыған, қолжетімді ашық қоғамда оқушыларға қалай көмектесіп, не үйретіп жүр деген сұрақ туындайды. Қаріпті телефоннан танып, интернеттің шексіз ресурсына қол жеткізген ұрпақтың сұранысына жауап бере алуым үшін не істеуім керек деген сауал әр ұстазды мазалауы тиіс-ақ.

Десе де, ұстаздың арқалайтын жүгі ауыр. Бүгінде олар қызметінен бөлек, өзіне тән емес жұмысты да атқарып жүр. Мәселен, артық есеп сұрау, сағаттарды бөлу сынды тағы басқасы бар.

«Сенімен Болашақ республикалық ата-аналар» ҚБ Павлодар облысы филиалының басшысы Хызыр Жанарыстың айтуынша, сағаттарды бөлу кезінде әр мектеп басшылары кімге қанша сағат беру қажеттігін өздері шешеді деген пікірде. Бірі өзінің таныс-тамырына көбірек бөліп берсе, енді бірі керісінше мұғалімнің біліктілігіне қарайды-мыс.

«Ұстаздық жол қиын жол. Түптеп келгенде, олар қызметіне және елге адал еңбек ету ниетін басты орынға қою қажет. Ал мұғалімдерді өзіне тән емес жұмыстарға тарту мәселесіне келетін болсақ, сынып жетекшілері қосымша ата-аналармен жұмыс істеуде осы аталған сипатқа тән. Сынып жетекшілері айына болмаса, жылына бір рет оқушыға байланысты қандай да бір қиындық туындаған жағдайда ғана ата-анамен тілдеседі. Негізінде бұл жерде сынып жетекшілердің орны өте маңызды», – дейді.

Ұстаз оқушыға көңіл бөліп, білім беретіні сияқты ата-ананың да ұстазға деген құрметі мен қарым қатынасы жоғары болу керек.

«Себебі, сынып жетекші оқушыны тәрбиелеу үшін оған өзінің идеясын өткізіп, айтқанын істете білуі үшін оған ата-анасының да қолдауы қажет болады. Ата-ана мұғалімді қолдап, ұстазбен бірлесе жұмыс атқарса, өз нәтижесін береді. Көп мектепте артық жұмыс істегісі келмейтін сынып жетекшілері бар. Олар ата-анадан қашады. Неге? Өйткені, ата-ананың пікірі өте қиын. Яғни, мұғалімнен орынсыз дүниені талап етеді. Оның тәрбиесі, жаман әдеттерге тәуелді болып қалу сияқты кез келген жағдайларды ұстаздан сұрайды. Неге орындамайсыздар деген сияқты. Ата-ана өзінің міндетін түсінбейді. Баланың өсіп жетілуі, тәлімі тек мұғалімге байланысты деп санайды», – деді ол.

Бұл мәселе жағынан мұғалімдердің ата-анамен жұмыс жасауы өте маңызды және оларға осыны түсіндіру қажет. Баланың әкесі мен шешесіне тәрбиесі мен қалай қалыптасуын бақылау керек екенін мұғалім өзі жеткізуге міндетті деп санайды.

«Баласы бос уақытта немен айналысып және мектептен кейін үйге дұрыс жеткен-жетпегенін, досы қандай, кіммен араласып жүр осының бәрін ата-ана бақылау керек. Дұрыс қадағаламау салдарынан бар кінәні мұғалімге жаба салатын жайттар көп. Біздің ұйым үнемі ата-ананы жинап, түрлі мәселені талқылайды. Мұны сіздер қадағалаңыздар, бақылауға алыңыздар, бір күні баладан айырылып қаласыздар деп айтамыз. Себебі, күйбең тіршіліктің соңында жүрген ата-ана баласының бос уақытта немен шұғылданатынынан хабарсыз болып жатады», – дейді.

Бүгінде республика бойынша «Педагогті қорғау чаты» жұмыс істеуде. Аталған чат мұғалімдердің білім беру саласындағы құқықтарының бұзылуы туралы өтініштері мен шағымдарын, ұсыныстарын қабылдайды. Онда әр өңірден шағым бойынша келіп түскен хаттар легі көп. Соның біріне көз жүгіртсек.

Бүгінде ата-аналар тарапынан педагогтің құқықтарын бұзу бойынша фактілер жиі тіркелуде. Мәселен, 2022 жылғы мамырда Астана қаласының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңды бұзу фактісі тіркелді. №53 мектеп-гимназия білім алушысының ата-анасы Whatsapp мессенджері арқылы сынып жетекшісін балағаттап, мұғалімге құрметсіздік танытқан. Ол ата-анаға әкімшілік іс қозғалып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.

Бұдан өзге, мұғалімдерді басқа жұмысқа тарту сынды жағдайлар да бар. Мәселен, аты-жөнін көрсетпеуін сұраған «Н» есімді кейіпкер мұғалімдерді партия жұмысына тартады дейді.

«Ана мектептен қағаз алып кетіңдер, хаттама толтыру тағы басқа бітпейтін жұмыс көп. Ол үшін ақы да төленбейді. Сабағымызды тастап баруға тура келеді. Бұл басынушылық. Ұстазға деген құрметсіздік. Неге партияға штаб ашылып, өздері жеке жұмысшылар алмайды. Партия жұмысына араластыру қаншалықты заңды?», – деп налып отыр.  

Ал университеттердегі жағдай мүлде басқа. Университет оқытушысы Айдос Бәделдің айтуынша, ЖОО-ның өзіндік жүйелері мен ішкі ерекшеліктері бар көрінеді.

«Университеттерде сабақ беретін ұстаздар өз қалауы бойынша сол оқу орнын таңдап, оқытады. Мәселен, гуманитарлық бағыттағы немесе жеке бір салаларға қатысты арнайы ЖОО бар. Жоғары білім ордаларының бағыты көп. Оларға қандай да бір қолайсыздық туындаған жағдайда, басқа оқу орнына ауысып кете алады», – дейді.

Жалақы мәселесі бойынша, мектептерде арнайы бағдарлама бар. Министрліктің арнайы бағдарламасы негізінде жалақы қосылады. Ал ЖОО белгілі бір сол сияқты бағдарлама жоқ деп отыр.

«Университеттерде ішкі қаржылық саясатына байланысты қосады. Министрліктің қандай да бір нұсқасы жоқ. Көпшілігі қазір мемлекеттік емес деген статусты алды. Бірінде ұлттық деген бар. Мәселен, Астана, Алматыда сондай болса, өзге қалаларда коммерциялық емес деген статустар алған. Бұған байланысты өздері таңдау жасайды. Жақсы жалақы төлейтін білім ордаларына ауысуға мүмкіндік бары жасырын емес», – екенін айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: