ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Сингапурде өткен мемлекеттік басқару көшбасшыларының жаһандық форумына және Жаһандық үкіметтік саммитке қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Форумда мемлекеттік қызметте жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мен цифрлық трансформацияны жүзеге асыру, таланттарды іріктеу, мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары әдеп стандарттарын қалыптастыру, адами ресурстарды басқару мәселелері талқыланды.
Панельдік сессияда сөз сөйлеген МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай Агенттікті толыққанды стратегиялық HR институтқа айналдыру бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндетті жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік қызметте рекрутинг әдістерін қолдану, кадрлық әлеуетті арттыру және таланттарды тарту, іріктеудің цифрлық жүйесін енгізу, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз қабылдау, мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін қалыптастыру бойынша еліміздің тәжірибесімен бөлісті.
Шетелдік сарапшылар Қазақстанның талантты жастарды, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және оларды тұрақтандыру, мемлекеттік қызметке қабылдауды цифрландыру, мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін қалыптастыру тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Іссапар аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Сингапурдың Мемлекеттік қызмет басшысы Лео Иппен екі жақты кездесу өткізді. Кездесуде Сингапур мемлекеттік қызмет колледжі мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекет басқару академиясы арасындағы өзара түсіністік меморандумы аясында мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру бойынша 2025 жылы жүзеге асырылатын іс-шаралар талқыланды.
Сондай-ақ Агенттік төрағасы Сингапур ұлттық университеті және Наньянг технологиялық университетінің басшылығымен мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі және кәсіби дағдыларын арттыруға қатысты өзара ынтымақтастық кездесулерін өткізді.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Сингапур Ұлттық университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында мемлекеттік басқару мен қызметте озық тәжірибе алмасу, басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары мен семинарларын ұйымдастыру, Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебінің оқу бағдарламалары бойынша оқыту көзделуде.