Жамбыл облысындағы жанармай құю бекетінде пышақ жарақатын алған мотоцикл жүргізушісінің адвокаты мәлімдеме жасады. Зәкір Асадов күдіктінің туыстары оның қорғауындағы адамға қысым көрсетіп жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Адвокат тарапынан жарияланған бейнеүндеуде Алматыға бағыт алған байкер мен оның досының жанармай құю бекетінде шабуылға ұшырағаны жайлы оқиға баяндалды. Адвокаттың айтуынша, қорғауындағы азамат жанармай үшін ақысын төлеп, мотоцикліне қарай беттеген сәтте, артынан белгісіз ер адам ілесіп келген. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда шабуылдаушының оған бірдеңе айтып жатқаны, кейін пышаққа ұқсас затты суырып алып, жәбірленушінің арқасы мен ішіне бірнеше рет сұққаны анық көрінеді.
Оқиға орнына қатысты толық ақпарат берген адвокат Асадов жәбірленушінің өміріне қауіп төнгенімен, ол шабуылдан қашып құтылып үлгергенін, алайда күдіктінің туыстары оны сол жерден дереу алып кеткенін атап өтті. Жәбірленуші ауыр жарақат алып, есінен танып, жанармай құю бекетінің аумағындағы шөп арасына құлаған. Кейін аудандық ауруханаға жеткізілген.
Адвокаттың мәліметінше, ауруханада да жәбірленушіге қысым жалғасқан. Шабуыл жасаған адамның туыстары келіп, оны арыз жазудан бас тартуға мәжбүрлеген. Медициналық көмек жеткіліксіз болғаны және жүйелі қысымның салдарынан жәбірленуші Меркі ауылынан Алматыға кетуге мәжбүр болған. Қазір ол қалалық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Бірақ бұл жерде де оған тыныштық берілмей, шабуыл жасаушының туыстары оны тауып алып, палатаға кіріп, арызданбауы туралы қысым көрсеткен.