Моңғолия Гранд Слэмінде бүгін күрескен Қазақстан құрамасының бір балуаны ғана жарысты жалғастырады

25 Маусым 2023, 11:24 767

Моңғолияда дзюдодан өтіп жатқан Гранд Слэм бәсекесінде аса ауыр салмақта Әділ Оразбаев алғашқы айналымда жеңіске жетті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Отандасымыз бірінші белдесуінде тәжікстандық Мансұр Рахмонды ұтып, екінші кезеңге өтті. Енді ол мажарстандық Сипож Ричардпен күреседі. 

Ал 90 келіде татамиге шыққан Ермахан Әнуарбеков бірінші белдесуінде бейтарап әлемдік құраманың өкілі, ресейлік Александр Сидорикке есе жіберсе, осы салмақтағы тағы бір спортшы Бекзат Шағатаев БАӘ дзюдошысы Арам Григоряннан ұтылып қалды. Ал -100 келіде бапкерлер сенім артқан Аян Байғазы неміс балуаны Клиан Каппелмейерден айласын асыра алмады. Осы салмақтағы екінші балуанымыз Шархан Нұрлыханның да тауы шағылды. Оның алғашқы айналымдағы қарсыласы грузин Онисе Санеблидле ә дегеннен-ақ жеңіске жетті. Ал +100 келідегі балуан Нұрсұлтан Қабланның жолын әлемдік бейтарап құрама сапына күрескен Яхор Кухаренка кесті. 

Бұған дейін күрескен балуандарымыздың ішінде 81 келіде Абылайхан Жұбаназар қола жүлдегер атанған болатын. Сонымен бірге, әйелдер арасында сынға түскен Ғалия Тыныбаева мен Нұрқанат Серікбай жарысты 5-ші орынмен аяқтады. 

 

 
 
Асқар Таудай
Бөлісу: