Мобильдік қосымша көмегімен темекіге тәуелділіктен арылуға болады

14 Сәуір 2023, 21:12 1041

Алдағы екі жылға арналған «Салауатты өмір салтын насихаттауды күшейту, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыру жөніндегі» Жол картасы бекітіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жобаның мақсаты – салауатты өмір салты қызметін дамыту бойынша қойылған іс-шараларды іске асыру. Бұл - салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың үлесін арттыруға, мінез-құлық қауіп факторларының (темекі шегу, семіздік) таралуын азайтуға, денсаулық мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын арттыруға, жұқпалы емес аурулардан болатын өлімді азайтуға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді, - деп көрсетілген «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта.

Ұсынылып отырған Жол картасы негізгі 9 бағытты қамтиды:

1. Денсаулықтың профилактикасы мен қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру;

2. Салауатты және ұтымды тамақтануға жәрдемдесу;

3. Дене белсенділігі мен спортты дамыту;

4. Темекі бұйымдарын, алкоголь өнімін және ПБЗ тұтынуды қысқарту;

5. Психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау;

6. Жарақаттануды азайту;

7. Ғылыми-талдамалық сүйемелдеу;

8. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобаларын іске асыру;

9. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету деңгейінде салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Құжатта жазылғандай, жоспар бойынша мына жұмыстар атқарылады:

- құрамында қант, май, тұзы көп өнімдерді жарнамалауға шектеулер жөнінде ұсыныстар жасау;

- пайдалы (құрамында тұз, май, қанты аз) ұлттық тағамдарға арналған рецептілер кітабын әзірлеу;

- 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың дұрыс тамақтануы бойынша ұлттық ұсыныстарды әзірлеу;

- «Салауатты асхана», «Салауатты кафетерийлер», «Салауатты бистро», «Салауатты дүкендер» атты дұрыс тамақтану бойынша кәсіпорындар желісін дамыту (2023 жыл – 9 кәсіпорын, 2024 жыл – 13 кәсіпорын, 2025 жыл – 17 кәсіпорын);

- БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялай отырып, құрамында қант бар сусындарды, құрамында тұзы көп өнімдерді тұтынуды азайту бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі медиа-жоспарды әзірлеу;

- салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған Е-СӨС (Е-салауатты өмір салты) электрондық платформасын жасау;

- жалпы білім беретін мектептерде, еңбек ұжымдарында жаттығулар кешені бағдарламаларын енгізу;

- темекі шегуден бас тарту жөнінде мобильдік қосымша әзірлеу және енгізу;

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «СОЅІ» бастамасы шеңберінде балалардың семіздігін эпидемиологиялық қадағалау бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізу.

Осы жұмыстарды атқару шеңберінде төмендегі нәтижелерге қол жеткізу көзделген:

- салауатты өмір салтын ұстанатын Қазақстан азаматтарының үлесін 2025 жылға қарай 30% дейін ұлғайту;

- Қазақстан халқы арасында 15 жастан бастап темекі шегудің таралуын 2025 жылға қарай 19% дейін төмендету;

- балалар арасында (0-14 жас) семіздікпен аурушаңдықты 2025 жылға қарай 100 мың халыққа шаққанда 90% дейін төмендету;

- азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту.

Жол картасы 27 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: