«Мобильді ХҚКО» қосымшасында жаңа қызмет пайда болды

29 Қыркүйек 2023, 01:28 825

Енді жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын азаматтар «Мобильді ХҚКО» қосымшасы арқылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына емтихан тапсыруға өтініш беріп, алдын ала кезекті брондай алатын болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл жанашылдық уақыт үнемдеуге әрі МХҚО-дағы қызметалушылардың ағынын азайтуға септігін тигізеді.

Ол үшін қолданушыға «Мобильді ХҚКО» қосымшасында «Бейне қызметті» таңдау керек. Бұл сервис қызметалушы алғашқы ақпаратты алу үшін МҚКО операторымен байланыстырады. Одан кейін клиентке мемлекеттік бажды төлеуге немесе алдын ала төленген түбіртекті ұсынуға мүмкіндік беріледі.

Төлем жасалғаннан кейін № 073/у формадағы медициналық анықтаманың, автомектепті аяқтағаны туралы куәліктің, қызметалушының суретінің сканерленген нұсқаларын және талапқа сәйкес қойылған қолтаңбаны сұрататын болады.

Оператормен сөйлесу барысында аталған барлық құжатты диалогтық терезеде тіркеу қарастырылған. Айта кететін жайт, азамат өтінішті сәтті тапсырғаннан кейін, МХҚКО-ға алдын ала кезекті брондау үшін емтихан тапсыратын күн мен уақыт ұсынылатын болады.

Бұрын емтихан тапсыратын азаматтар өтініш беру және төлем жасау үшін МХҚКОға баруға міндетті болатын. Енді бұл қызметті үйден шықпай, онлайн алуға болады. Яғни, бейнеқоңырау арқылы өтініш беріп және кезекті алдын-ала брондайды. Одан кейін клиент МХҚКОға бекітілген уақытта келіп, емтиханын тапсырып кете алады. Болашақта өтініш беру фнкциясын электронды порталға және екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелеріне енгізу жоспарда бар, - деді басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин.

Айта кетейік, сервиспен eGov mobile қосымшасында да қолдануға болады. Ол үшін басты беттегі «БейнеХҚКО» батырмасын таңдау қажет.

Берік Арманов
Бөлісу: