Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың мобильді аударымдарға қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Серік Жұманғариннің айтуынша, 2017 жылы Қазақстанда екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалар үшін комиссиясыз, тек жеке мақсаттарға арналған жедел онлайн-аударымдар сервисін енгізді.
2018 жылдан бастап жеке тұлғалар бұл сервисті бөлшек саудада белсенді түрде пайдалана бастады, оны кірісті жасыру құралы ретінде де қолданды.
Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңымен 2021 жылдан бастап «жедел төлемдер жүйесі», ал 2022 жылдан бастап «мобильді төлемдер» ұғымдары енгізілді.
Сонымен қатар, банк шотын ашу кезінде жеке тұлға-тапсырыс беруші аталған банк шотында кәсіпкерлік қызметпен, нотариалдық қызметпен, адвокаттық қызметпен, сот орындаушыларының қызметімен, сондай-ақ медиация тәртібімен дауларды реттеумен байланысты операциялар жүргізбейтіні туралы өтініш береді.
Осылайша, жеке мақсаттарға арналған мобильді аударымдар арқылы тауарлар мен қызметтер үшін төлем қабылдайтын жеке тұлғалар банк заңнамасының талаптарын бұзады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабына сәйкес, заңды түрде белгіленген салықтар, алымдар және басқа да міндетті төлемдерді төлеу – әр азаматтың борышы және міндеті. Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің (Салық кодексі) 4-бабына сәйкес, салық салудың негізгі қағидаттары – міндеттілік, анықтық, әділеттілік, салық төлеушінің адалдығы, салық жүйесінің біртұтастығы және салық заңнамасының ашықтығы, - дейді Серік Жұманғарин.
Осыған байланысты, 2022 жылдан бастап Салық кодексімен банктерге кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операциялары анықталған жеке тұлғалар туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну міндеті жүктелді. Бұл белгілер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 29 наурыздағы № 323 бұйрығымен бекітілген критерийлерге сәйкес анықталады.
Критерийлердің бірі – бір жеке тұлғаның үш қатарынан келетін күнтізбелік ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі тұлғалардан кәсіпкерлік қызмет жүргізуге арналмаған банк шотына қаражат қабылдауы.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге жататын жеке тұлғалар – салық заңнамасына сәйкес есептелетін жылдық кірісі 12 айлық есептік көрсеткіштен асатын тұлғалар. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша АЕК 85 000 теңгені құрайды. Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк және банктер бірлесіп, қолданыстағы критерийлерді кеңейту туралы шешім қабылдады, оған сәйкес үш ай қатарынан 12 АЕК-тен (1 млн теңге) асатын мобильді аударымдар бақылауға алынады. Қаржы министрінің тиісті бұйрығы қазіргі уақытта Ұлттық Банктің қарауында, - дейді вице-премьер.
Сонымен бірге, Салық кодексі микро және шағын бизнес үшін жеңілдетілген салық салу режимдерін қарастырады, атап айтқанда: салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін белгіленген. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады:
2022 жылдан бастап «е-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы арнайы салық режимі (АСР) енгізілді, оның салық мөлшерлемесі 1% болып белгіленген. Бұл режим жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу, әлеуметтік төлемдерді төлеу, кәсіпкерлік қызметті тіркеу және тоқтатуды айтарлықтай жеңілдетеді. Осылайша, салықтық міндеттемелерді смартфон арқылы орындауға болады.
Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, азаматтардың табысына 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынады.
Сондай-ақ, адал салық төлеушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз табыстарынан салықтарды және әлеуметтік аударымдарды (зейнетақы қорына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға және т.б.) таңдалған салық режиміне сәйкес төлейді.
Бұл төлемдердің барлығы кәсіпкердің өз мүддесіне жұмыс істейді, өйткені олар:
Осыған байланысты, жеке тұлғаның ай сайынғы табысы 1 млн теңгеден асқан жағдайда мобильді аударымдарға мониторинг жүргізу ұсынысы салық салудың әділеттілік қағидатына қайшы келеді деп санаймыз.Сонымен қатар, мобильді аударымдарды бақылауға алынатын ең төменгі шекті 3-5 мың теңге деңгейінде белгілеу ұсынысы қолдау таппады. Себебі бөлшек саудада бір тауардың құны осы сомадан төмен болуы мүмкін, алайда жалпы айналым едәуір жоғары болуы ықтимал.
Ресейде банктер мобильді аударымдарды бақылауды негізінен алаяқтық операцияларға қарсы іс-қимыл шеңберінде жүзеге асырады. Алайда, аталған мониторинг нәтижелерін салық органдарына беру тәжірибесі жоқ.
2027 жылдан бастап заңсыз байлықты анықтау шаралары енгізіледі. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, 2026 жылы барлық жеке тұлғалар табыстары мен мүлкі туралы декларация тапсыратын болғандықтан, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кірістер органдарына мемлекеттік қызметшілердің, оларға теңестірілген тұлғалардың және олардың жұбайларының заңсыз баюын анықтау функциясы жүктеледі.
Бұл шаралар мыналарды қамтиды:
Егер аталған тұлғалардың шығыстары олардың кірістерінен 1000 АЕК-ке (2024 жылы – 3,7 млн теңге) асып кетсе, бұл айырмаға 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынып, мәліметтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіледі. Үкімет мобильді төлемдерді бақылау критерийлерін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда, бұл ретте бизнес, азаматтар және салық жүйесінің мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге басымдық беріледі, - делінген Серік Жұманғарин жауабында.